Өңірдің жер асты қазба байлықтарын игеріп жатқан шетелдік компаниялар арасында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының шоқтығы биік. Негізгі құрылтайшысы Қытай ұлттық мұнай компаниясы болып табылатын кәсіпорын қара алтынды кен орындарын игеруге қаржы салып отырмыз деп қайсыбір инвесторлар сияқты көмекті сырттан сұрамай жергілікті билікпен әріптестік қатынас орнатып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне баса маңыз беріп келеді. Компанияның үш ұстанымы - мұнай мен газ өндіру, жаңа кен орындарына барлау жұмыстарын жүргізу арқылы оның қорын молайту және әлеуметтік әріптестікті нығайту болып табылады. Акционерлік қоғамда қалыптасқан игі дәстүр – өздерінің қол жеткен табыстарын саралап, болашақ даму жолдарын анықтап отыру. Сондай-ақ,өндірістік көрсеткіштерді жетіқат жердің астында құпия ұстамай жұртшылықты хабардар ету, бұл бағытта ашықтық қағидатын ұстану да осы кәсіпорынға тән тәжірибе. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Сюй Кэцян республикалық және аймақтық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, осы бағытта ашық әңгіме өткізуі осының айқын дәлелі. Әңгімесінің әлқиссасын компанияның бұқаралық ақпарат құралдарына көзқарасынан бастаған кәсіпорын басшысы журналистерге компанияның тіршілік тынысы мен жұмысын көрсетудегі еңбектері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, БАҚ-тың компанияның имиджін нығайтуда үлкен рөл атқаратынын, шыншыл сынның да пайдасы зор екенін атап өтті.
Сюй Кэцянның айтуынша, компания аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген үш бірдей жобаны бүгін-ертең пайдалануға беруге дайындалуда. Өткен жылы Солтүстік Трува кен орнында жылына 3,5 миллион тонна мұнай дайындайтын кешенді сығымдау стансасы, Жаңажол кен орнында жылына 4 миллион тонна шикі мұнай дайындайтын төртінші зауыт және Оңтүстік Жаңажолда жылына жер қабатына 1,5 миллиард тонна газ айдайтын станса іске қосылды.
– 2010 жыл тұтастай алғанда компания үшін өте маңызды кезең болды. Әлемдік экономика өзінің құрылымдарын ұдайы өзгертіп отырады, қаржы нарығы кеңейе түсуде. Қаржы дағдарысы салдары әлі жойыла қойған жоқ. Дегенмен, біздің үлкен ұжым қоян-қолтық ынтымақтаса жұмыс істеп, алға қойған міндеттерді ойдағыдай орындады деуге толық негіз бар, – деді ол.
Компания кәсіпорынның болашақта дамуы үшін шикізат қорының мол болуы қажеттігін әлдеқашан түсінген. Сондықтан да дайын асқа тік қасық болмай, жаңа кен орнын барлау және іздестіру бағыттарын ұстанып отыр. Соңғы он жыл ішінде бұл бағытта көптеген жұмыстар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде қазірдің өзінде екі бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша нақтыланған алынатын мұнай көлемінің қоры өндіру көлемін жылына 6,5 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік берді. Осындай іргелі ізденістер мен жұмысты ұйымдастыруды жетілдіру нәтижесінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 2009 жылы өз тарихында тұңғыш рет 6 миллион 50 тонна мұнай өндірді. Ал 2010 жылы бұл көрсеткіш былтырғыдан тағы да 50 мың тоннаға артты. Жаңа кен орындарын ашу мен игеруде де тиімділік айтарлықтай жоғары болып отыр. Ал күрделі капиталға инвестиция салуда да кәсіпорында ілгерілеушілік бар.
– 2009 жылы 688 млн. доллар инвестиция игерілді. Ал 2010 жылы 900 млн. доллар инвестиция салу жоспарланған-ды. Жыл аяғына дейін 860 млн. доллардан астам қаржы игерілді. Инвестициялық қаржыны үнемдеуге біз технологиялық үдерістерді оңтайландыру, жобалық-сметалық құжаттарды, құрылымдар және технологиялық үдерістерді жетілдіру нәтижесінде қол жеткіздік. Алайда, жоспарлы жұмыс көлемі толық орындалды, – дейді Сюй Кэцян мырза.
Компанияның бұдан да табысты жұмыс істеуіне ықпал ететін жоғарыда айтылған үш инвестициялық-инновациялық жоба туралы да кәсіпорын басшысы таратып айтып берді. Өздері жүзеге асыруға бастамашы болған бұл жобалардан компанияның күтері мол.
Игілігі мол инвестициялық жобалар
Жылдық қуаты 3,5 миллион тонна мұнай дайындайтын Солтүстік Трува кен орнындағы кешенді сығымдау сорғы стансасы – негізінен сорғы стансасы құрылысы мен газды сыртқа тасымалдау және сығымдау қондырғысын біріктіреді. Стансаның өндірістік қызметіне мұнай ұңғымасынан газ сұйықтық қоспасын басымдықпен қабылдау, газ сұйықтық екі фазалы көп сатылы герметикалық бөліну, газ бен сұйықтықты жекелеп өлшеу, сондай-ақ газ бен сұйықтықты сыртқа айдау үшін жеке тығыздау жатады. Бөлініс үдерістері өткеннен кейін құрамында суы бар мұнай Жаңажол кен орны құбыр желілері арқылы орталықтандырылған тазалау жүргізілетін №4 мұнай дайындау зауытына жөнелтіледі. Бұл нысанды пайдалануға беру сыртқы рынокқа сапалы тауарлы газ бен мұнай жеткізудің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мұнайға ілеспе газдан айырылған шикізат биылғы басты жобалардың бірі -№4 мұнай дайындайтын зауытқа айдалады. Мұнда мұнай тиісті стандарттарға жеткізіліп, магистральды мұнай құбырларына айдалады. Оның жылдық қуаттылығы 4,0 млн. тонна қара алтын дайындауға негізделген. Ал құрылыс құны 16 500,0 млн. теңге құрайды.
Зауыт – қазіргі жұмыс істеп тұрған Жаңажол кен орны мұнай-газ кешенінің технологиялық нысаны. Ол – Жаңажол және Солтүстік Трува кен орындарының мұнайын дайындауға арналған. Солтүстік Трува кен орындарындағы ұңғымадан шығатын мұнай сұйықтығы қоспасы мұнай жинау магистральды құбыр желілері арқылы сығымдау сорғы стансасына түсетін болады, онда қоспа екі фазалы бөлінуден өтеді. Үдерісі жүргеннен кейін ілеспе газ қабатқа тазартылмаған газды сығымдау стансасына айдалатын болады, ал бөлектенген құрамында суы бар мұнай құбыр желілерімен №4 мұнай дайындау зауытына әзірлеу үшін жөнелтіледі. Бұл нысанды пайдалануға беру нәтижесінде компания талай жылдар бойы алауға жағылып келген газды бұқтырып қана қоймай, оны ел игілігіне жарату мәселесін түбегейлі шешеді. Жаңа нысанды іске қосу сондай-ақ, атмосфераға зиянды қалдықтардың шығуын елеулі түрде төмендетуге және мұнай өндіру аумағында экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай мұнайға ілеспе газ Ресейдің тұтыну жүйесімен ғана шектеліп отыр, Бұл көгілдір отынды өткізу өндіру көлемінен кейін қалып келеді, ен байлықтың пайдасын толық көре алмай отырғанымыз да сондықтан.
Қабатқа тазартылмаған газды сығымдау бойынша компрессорлық станса – өзінің негізгі өндірістік қызметінде кен орнынан ілеспе газды құрғату және тығыздау жұмыстарын жүргізеді. Құрғату шарасынан кейін табиғи газ тарамдар бойынша газ тығыздау ұңғымасы сағасына келіп түседі. Компания басшысының айтуынша, биылға газды алауға жағуға белгіленген лимит 330 миллион текше метр болса, қазір 300 миллион текше метрден аздау құрайды, біраз кемітуге алғышарт жасалуда. Қабатқа газды қайта айдау стансасының тиімділігі сонда табиғи ортаға ілеспе газдың қалдықтары шығуын азайтады және қабаттардағы қысымды ұстап тұрады. Мұны табиғи газ қоймасы десе де болғандай. Жер қабатына айдалған газды кез келген уақытта игілікке жаратуға әбден болады.
Осы үш инвестициялық жобаға жұмсалатын қаржы 350 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазір осы нысандардың құрылыс жұмыстарында 2 мың адам, соның ішінде 250 қытайлық маман еңбек етеді. Қытайлық мамандар іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізуде, нысандар пайдалануға берілгеннен кейін елдеріне қайтады. Бұл нысандар іске қосылғанда жаңа 150 жұмыс орны ашылады.
Әлеуметтік әріптестікке адалдық
Компания 2009 жылы ғана демеушілік-қайырымдылық шараларына 783 млн. теңге бөліп, жыл қорытындысы бойынша «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясында «Парыз» – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша мемлекеттік конкурстың лауреаты атанды. Әлемдік қаржы дағдарысының беті қайта бастауы және мұнай бағасының сәл де болса көтерілуі компанияның экономикалық тиімділігінің жақсара түсуіне ықпал етті. Бұл кәсіпорынның әлеуметтік мәселерді шешуіне қолайлы жағдай туғызды. Компания былтырдың өзінде жұмысшылардың еңбекақысын екі рет көтеріпті. Сондай-ақ, ұжымда мұқтаж жандарға көмек-қолдау көрсету шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2010 жылы Елбасының Жарлығымен 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» конкурсына қатысқан 434 компанияның ішінен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы жеңімпаз болып, Гран –при сыйлығын иеленді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан акционерлік қоғам облыстың әлеуметтік-мәдени саласына көптеп қаржы бөліп келеді.
– Елбасы қолынан мұндай жоғары дәрежелі сыйлықты алу мен үшін үлкен құрмет. Сондай-ақ, бұл тек біздің компанияның ғана жеңісі емес, бүкіл облыс тұрғындарының табысы. Ақтөбе облысындай қазыналы өңір болмаса, біздің компанияның да болмайтынын сезінеміз. Бұл сыйлық бізді жаңа табыстарға жетелейді, әлеуметтік жауапкершілікті бұрынғыдан да арттыра түседі. Мұнайлы өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бұдан былай да атсалыса береміз. Біздің компания демеушілік-қайырымдылық шараларын жасаудан ешқашан да бас тартқан емес, бұл қызметіміздің маңызды буыны болып табылады. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен облыс әкімдігі арасында жасалған әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес былтыр 600 миллион теңге бөлінді, – дейді Сюй Кэцян.
Оның мәлімдеуінше, бір ауылға 320 миллион теңгеге мәдениет үйі салыныпты, екі отбасыға пәтер сатып әперіліпті. Сондай-ақ, кен орындарына таяу орналасқан елді мекендердің тұрғындарына да тұрақты түрде әлеуметтік көмек көрсетіледі екен. Жалпы, компанияның әлеуметтік көмекке, қайырымдылық шараларына бөлген қаржысы жыл аяғына дейін 1 миллиард теңгеден асып түсті. Кәсіпорын өңір тұрғындарына мұнайға ілеспе газды арзан бағамен жеткізіп беруде. Бір мың текше метр газдың өзіндік құны 100 доллар болса, орташа өткізу бағасы 14,3 долларды құрайды екен. Осының өзінен-ақ, акционерлік қоғамның адамдарға жасап отырған жақсылығының қаншаға түсетінін есептей беріңіз. Бірақ, адамдардың мұң-мұқтажына селқос қарамайтын, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінетін компания басшылары мұндай шығындарды шотқа қағып жатпайды, керісінше жылдан-жылға қайырымдылық шараларының ауқымын кеңейтіп, оларға бөлінетін қаржы көлемін көбейтуге ниетті.
Өткен жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да спорттың сегіз түрі бойынша ауқымды түрде спартакиада өтті. Екі күнге созылған бұл үлкен шараға акционерлік қоғамның барлық бөлімшелерінен жұмысшы-қызметкерлер қатысты. Қоғам басшылығы аталған шараны өткізуге, сыйлықтар алуға қомақты қаржы бөлді. Осының бәрі жұмысшы-қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыруға, ұжымда саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталуда десек артық айтқандық бола қоймас.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.