Бас Прокурор Қайрат Мәмидің қатысуымен Ақмола облыстық прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісі өткізілді. Онда 2010 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы талқыланып, үстіміздегі жылға арналған негізгі бағыттар айқындалды.
Алқа мәжілісінде атап көрсетілгеніндей, прокурорлардың негізгі қызметі, әдеттегіндей, азаматтардың құқықтарын және мемлекет мүддесін қорғауға бағытталды. Прокурорлық ықпал кету шараларының нәтижесінде 11,5 мыңнан астам адамның конституциялық құқықтары қорғалып, 450 миллион теңге жалақы төлемі бойынша берешек өндіріп алынды. Осы орайда 98 лауазымды қызметкер жауапкершілікке тартылды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң талаптарын қадағалау ісінде 400-ден астам заң бұзушылық анықталып, 9 миллион теңгеден астам шығын мемлекет бюджетіне қайтарылды. Тексеріс нәтижелері бойынша 600-ден астам заңсыз актілердің, соның ішінде нормативтік-құқықтық сипаттағы 18 құжаттың күші жойылды.
Алқа отырысын қорытындылаған Бас Прокурор өңір прокурорларынан әлеуметтік-экономикалық салада, оның ішінде азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша, әсіресе, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты жер қатынасы, табиғат қорғау заңнамаларын қадағалаудың тиімділігін арттыруды талап етті. Сондай-ақ, барлық сипаттағы қылмыстардың алдын алу, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттерді күшейту, тағы басқа шұғыл іс-шаралардың ықпалды тетіктерін жетілдіруге бағытталған тапсырмаларды дер кезінде әрі сапалы орындаудың басым бағыттары белгіленді.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.