Елімізді аралап, Ақтөбеден Арқаға қарай беттеген Азиада алауын Қостанайда қысқы шілденің шымшылаған сарышұнақ аязы қарсы алды. Сынап бағанасы 30 градустан түспей тұр. Сақылдаған сары аязды аз дегендей, екпіндей соққан желдің өзі тиген жерін жалап өтеді. Алайда әлем көз тігіп, құлақ түріп отырған VІІ Қысқы Азия ойындары алауының жолына қыстың қандай суығы да көлденең тұра алмайтындай. Көкке талпынған құстың қанатындай қуанышты көңіл-күйдің қамауындағы қостанайлықтар да жылы үйде байыз тауып отыра алмады. Жұртшылық достық пен бейбітшіліктің, еңбек пен таланттың, жүректі тазартар жақсылықтардың тәбәрігіндей шырағдан-отты қарсы алу үшін қала орталығына ағылды.
Мерекелік безендірілген орталыққа әкелінген VІІ Қысқы Азия ойындары алауы облыс әкімі Сергей Кулагинге табыс етілді. Аймақ басшысы алауды Әл-Фараби көшесімен алға жылжытты. Алау эстафетасы қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Мұнан кейін алау түс мезгілінде Қостанай қаласының қақ ортасында үш сағаттан артық тұрды. Тұрғындар оның жанына келіп ескерткіш суретке түсті, қызықтап көрді.
Түстен кейін Азиада алауының екінші сатысы басталды. Қостанай қаласындағы Гагарин көшесінің бойымен алауды алып өткендердің арасында спортшылармен қатар, ардагерлер, жұмысшылар, өнер адамдары да бар. Олардың барлығы да қостанайлықтар үшін танымал тұлғалар. Алаугерлердің бірі Валерий Борисовтің есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс. Ол жеңіл атлетикадан үш Олимпия ойындарына қатысты, Азия чемпионы.
Алаугерлердің арасындағы ардагер, шаңғыдан еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Иван Гараниннің қазақстандық шаңғышылардың еліміз қоржынына алтын саларына ешқандай күмәні жоқ.
– VІІ Қысқы Азия ойындары сияқты үлкен шараның Қазақстанда өтуі, бұл ең алдымен, жауапкершілік, – дейді спорт ардагері Иван Иванович. – Биік деңгейдегі спорт додасы тек қазақстандық емес, түгел Азия халықтарының достығын паш етеді. Мен осы шараға еліміздің шығысынан қатысатын шаңғышыларға сенемін. Өйткені, жігіттердің жаттықтырушылары білікті мамандар. Қазақстандық намыс бір болғандықтан, Қостанайда жатып, өскемендік шаңғышыларға жанкүйер боламын.
Жанкүйер демекші, Қостанайдан VІІ Қысқы Азия ойындарына тоғыз конькиші қысқы спорттың екі түрінен қатысады. Қостанайлықтар тілегі оларды да қанаттандыратын болады. Қаланың қақ ортасымен жүріп өткен алауды ұстағандардың арасында спорт ойындары мен спортшылардың жеңісін жанкүйерге жеткізіп отыратын өзіміздің қаламдастардың да болуы заңдылық еді. Шаңғы тебуден спорт шебері және облыстық «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының спорт шолушысы Анатолий Гаврилов, С.Бердіқұлов атындағы республикалық байқаудың лауреаты Сергей Бирклемен қатар, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, республикалық журналистер байқауының жеңімпазы Дастан Кенжалин де алауды 19-шы болып алып өтті.
Алау қала ішін аралағаннан кейін мерекелік шара мұз айдыны бар спорт сарайындағы гала-концертке ұласты. Кешке қостанайлықтар Азиада алауын салтанатты түрде Петропавл қаласына шығарып салды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.