21 Қаңтар, 2011

Ақтөбе. Алау. Ақша қар

389 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Алау эстафетасы үстіміздегі жылғы 18 қаңтарда қас қарая Орал қаласынан Ақтөбеге ар­найы ұшақпен жеткізілді. VII Қысқы Азия  ойындары алау эс­тафетасы дирекциясы же­тек­ші­сінің орынбасары Сәрсен Құ­ранбек бастаған делега­ция­ны   қала әкімі Архимед Мұ­хам­бетов, облыстық спорт, туризм және дене шынықтыру бас­қармасының бастығы Асыл­бек Құлмағамбетов күтіп алып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Келесі күні  ертеңгілік ақ­тө­бе­ліктердің ақ көгершін тілегіндей көк аспаннан ақша қар қылаулап тұрды да, дәл алау шеруі басталарда аппақ ұлпа қар жапалақтап жауып қоя берді. Екі-үш күннен бергі қара суықтың беті қайтып, айнала ақ мамыққа оранған осы сәтте  VII Қысқы Азия ойындары алауы  эстафетасы салтанаты ашы­латын облыстық әкімдік алдын­дағы алаңдағы Әбіл­қайыр хан ескерткішіне іргелес  орнатыл­ған  сахна маңына қарақұрым халық жиналып үлгер­ген-ді. Алау эстафетасын қызық­тауға жиналғандар алдында об­лыс әкімі Елеусін Сағын­ды­қов сөз алып,  құттықтау тілегін білдірді. Ол Қазақстанның осын­шалықты табысқа жетуін Елба­сы саясатының жемісі, көреген­дігінің көрінісі екенін жеткізді. Елбасының беделінің, тікелей қолдауының және бас­тамашыл­дығының нәти­же­сінде елімізде бірінші рет  Қысқы Азия ойын­дарының өткізіліп отырғанын тәуелсіздіктің 20 жылдығы қар­ саңындағы тамаша табыс, тарихи оқиға ретінде бағалады. Әлемдік ауқымдағы үлкен спорттық шараға куә болған ха­лықтың қуанышы арнасынан асып төгілген сәт еді бұл. Сәрсен Құранбектің қолынан тұтанған алауды алған Елеусін Сағын­дықов салтанатты шара­ның сах­на­сынан түсіп, кәнігі спортшы ретінде шеруді  бастай жөнелді. Кезінде бокстан КСРО спорт шебері болған өңір басшысы Азиада алауын жерлесіміз, ұшқыш-кос­монавт, Ресей Ба­тыры Юрий Лон­чаковқа та­быс­тады. Ақтөбе қала­сы­ның құр­метті азаматы Юрий Лончаков  осын­дағы Кеңес Ода­ғы­ның Ба­тыры В.Пацаев атын­дағы жас ұш­қыштар мектебінің түлегі, ту­ған жермен байланысын үзбе­ген патриот. Одан кейін алау ше­руін каратэден әлем чем­пионы Ринат  Сағын­дықов жал­ғас­тырды. VII Қысқы Азия ойын­дары алауы эстафета­сы­ның шеруінің бірінші кезеңі  Кеңес Одағының Батыры Әлия Мол­дағұлованың мемо­риал­дық ке­шенінде аялдады. Кешенге кіреберісте орнатылған кол­баны  Қазақ­стан Республика­сы­ ның еңбек сіңір­ген қай­раткері, бұлбұл көмей әнші Светлана Айтбаева тұ­татты. Азиада алауын алып өтуге іріктелген  60 алау­гердің ара­сын­да  өнер адам­дары, белгілі спорт­шы­лар, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлері, студенттер  бар. Ал алау эстафетасының Ақ­төбедегі екінші кезеңін самбодан әлем чемпионы Раиса Байлиева бас­тады. Қаланың орталық көше­лері­мен жүгіріп өткен алаугерлер салтанатты шеруді  шағын аудан­дағы Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті атындағы саябақта мәре­сіне жеткізді.Алау құ­тысын соңғы сәтте алған самбодан әлемнің үш дүр­кін жеңімпазы, қалалық мәс­ли­хаттың депутаты  Асхат Ша­харов саябақта жиналғандар ал­ды­­мен жүгіріп өтті. Азиада алауын жапалақтап жауған ақ мамық қардай аппақ көңілмен қарсы алған ақтөбелік­тердің бұл күнгі қуанышында шек жоқ. Қаһарлы қыс мезгіліне қарамастан, қала тұрғындары тү­гел­дей Ақтөбені аралап жүр­ген Азиада алауын қызықтауға кө­шелерге шығып кеткендей. Шеру өткен көшелер бойы қара­құрым халық. Алау эстафетасының Ақ­төбе­дегі шеруі ақтөбелік өнер жұл­дыздарының гала-концертіне ұласты.  Жапалақтап жауған ақ ұлпа қарды ақтөбеліктер Азиада ойындарының  еліміз үшін та­быс­ты да сәтті өтетінінің  ишара­сы­на жорыды. Ақтөбеліктер Азиада алауын қаншалықты қуанышпен қарсы  алса, көршілес Қостанайға  сон­шалықты көтеріңкі көңіл-күйде шығарып салды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.