20 Сәуір, 2016

Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жақында Варшавада Қазақстан-Польша экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 7-ші отырысы өтті. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко басқарып барған қазақстандық делегацияның құрамына «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «ҚазАТО» халықаралық автокөлікпен тасымалдаушылар одағы және басқа мүдделі ұйымдардың басшылары кірді. Қазақстан-Польша арасындағы экономикалық, индустриялық-инновациялық және аграрлық ынтымақтастықты дамытудың келешегі, көлік және логистика, туризм, экология, тұрғын үй және өндіріс салаларындағы жаңа мақсат-мұраттар, поляк биз­несінің Қазақстандағы жекешелендірудің екінші кезегіне қатысуға қызығушылығы комиссия оты­рысының негізін қалап, оның күн тәртібін айқындады. Тараптар сауда серіктестігі және жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жоспарларын бекітті. Отырыс шеңберінде поляк компаниялары мен ұйымдарының қатысуымен бизнес-семинар өтіп, оның барысында Қазақстанның экономикалық саясатының құралдары, оның ішінде мемлекет-жекеменшік серіктестігі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы бойынша таныстырылымдар өткізілді. Р.Василенко Қазақстан-Польша іскерлік ынтымақ­тастығын өрістетудің құқықтық және практикалық негіздеріне тоқталып, алдағы 1 мамырдан уақытша күшіне енетін Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңей­тілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы, сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберіндегі Үкіметтің міндеттері мен басымдықтары бойынша ақпараттармен бөлісті. Комиссияның тең-төрағалары Р.Василенко мен Польшаның Даму вице-министрі Р.Домагальски-Лабендзки 2016-2017 жылдар Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуына байланысты бірқатар басымды екіжақты жобаларды дамыту мен іске асыруда, Қазақ­станның ЭЫДҰ-ға мүше болуы мен әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына кіруі бойынша белгілен­ген мақсаттар мен міндеттер, Польшаның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы және басқа бірлес­кен жобалар үшін ерекше мәнге ие болатынын атап өтті. Поляк тарабы Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуін, жүйелі реформаларды іске асыру мен еуропалық және халықаралық қаржы-эконо­микалық құрылымдармен ықпалдастығын жоғары бағалап, Астана экономикалық форумына жоғары деңгейлі үкіметтік делегациясы қатысатынын айтты. Польша – Қазақстанның 1,35 млрд. АҚШ доллары көлемінде тауар айналымы бар Орталық Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Польшаның Орталық Азиямен сыртқы саудасының 70 пайыздан астамы біздің еліміздің үлесінде (соңғы 15 жыл ішінде екіжақты сауда көлемі 10 есе артты). ПР Польшаның үкіметтік бағдарламасында еуразиялық кеңістік мемлекеттері арасынан және Бразилия, Канада, Түр­кия мен Алжир тәрізді экономикалық ықпалдастық тұрғысынан маңызды елдер қатарында Қазақстан басымды экономикалық нарық ретінде бекітілген. Қазақстандық делегацияның Варшаваға сапары шеңберінде Р. Василенконың Польшаның сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары Марек Жюлковскимен кездесуі өтіп, оның барысында өзекті екіжақты және халықаралық мәселелер бойынша егжей-тегжейлі пікір алмасу болды. Сәулебек БІРЖАН