АСТАНА. 21 сәуір. Бүгін Астанада XIII Еуразиялық медиа форумын Премьер-Министрдің орынбасары, осы басқосуды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева ашып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Дариға Назарбаева хатта Елбасының форумның жұмысына сәттілік тілейтінін, Астанаға жер-жүзінің әр түкпірінен жиналған журналистер мен саясаткерлердің пікірі әлемдік ақпарат кеңістігіне қомақты үлес қосып келе жатқанын атап өткенін айтты.
«Жаңа әлемнің, бәріміздің ортақ болашағымыздың қандай болатыны әрқайсымызға байланысты. Мен «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесімді ұсындым. Оның мақсаты – жер бетінде соғысты түп-тамырымен жою. Бұл ғасыр ортақ ерік-жігер арқылы парасат пен жаһандық сындарлы диалог салтанат құратын даму жолы болуы тиіс. Сол себепті Еуразиялық медиа форум алаңында қордаланған әлемдік проблемаларды ашық талқылап, теңгерімді шешімдер іздестіру керек. Форум жұмысының нәтижесі сіздердің идеяларыңыз бен бастамаларыңыздың жемісі болмақ. Форум қатысушыларына сәттілік тілеймін», делінген деді хатта Дариға Назарбаева. Сонымен бірге ол форумның мәні мен маңызын айта келіп, оның адамзаттың проблемаларын талқылауға, шешуге арналған ашық алаңға айналғанын атап өтті.
«Еуразиялық медиа форум 13 рет өткізіліп келеді. Бұл оңы мен солын танып, ересек өмірге аяқ басқан бозбаланың бір өмірлік жасы. Осы уақытта форумда көптеген мәселелер талқыланды, қаралды. Биылғы басқосуда да біз әлемнің әр жерінде төбе көрсетіп жатқан проблемаларды шешудің жолын іздейміз, қарастырамыз. Форумның Астанада өтіп жатқанында да бір мән бар. Қазіргі кезде астанамыз еліміздің халықаралық сахнадағы символына айналып отыр. Астана – еліміздің жаңаруының айнасы. Осы айнадан айна-қатесіз еліміздің сәулеті мен дәулетірің жыл өткен сайын дамып келе жатқанын көруге болады. Астана –біздің мақтанышымыз, біздің махаббатымыз, Қазақстанның даму деңгейінің бір көрінісі. Бүгінде қаламыз EXPO-2017 көрмесіне дайындалып жатыр. Осы үлкен шараның лайықты өтуіне бәріміз атсалысып келеміз», деді ол.
Осыдан кейін Дариға Назарбаева Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзайға форумға қатысуға келгеніне рахметін айтып, басқа да шетелдіктердің қонақжай қазақ жеріне табан тірегендеріне ризашылығын білдірді. «Біз сіздердің Астанаға келгендеріңізге қуаныштымыз. Форумда көптеген мәселелердің талқыланатынын білесіздер. Біздің бәріміздің ойымыз бірдей емес, басқосу кезінде қарама-қайшы көзқарастар, пікірлер де болады. Оның бәрі заңды нәрсе. Сол себепті біз бір-бірімізді тыңдап, ойларымызға ой қосып келеміз. Ендеше, форумның жұмысы ашық деп жариялаймын», деді Дариға Назарбаева.
Дастан Кенжалин.
Дерек, фото: egemen.kz