22 Сәуір, 2016

Жаңа жағдайдағы ақиқат

354 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
logo foruma*Астана экономикалық форумы қарсаңында Бұдан бұрын газетімізде хабарлағанымыздай, алдымыздағы 25-26 мамыр аралығында төрткіл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық үнқатысу мінберіне айналған Астана экономикалық форумы (АЭФ) өтеді. Осымен тоғызыншы рет өткізілгелі отырған биылғы форумның негізгі тақырыбы – «Жаңа экономикалық ақиқат: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен өмірге келген Астана экономикалық форумы – экономикалық міндеттерді тал­­­қылап, шешім қабылдайтын Еуразиядағы тұңғыш үнқатысу алаңы. Форумның мақсаты әлемдік сарапшылар қауымдастығын жаһан­дық экономиканың ең өзекті деген мәселелері бойынша нақты шешім қабылдауға жұмылдыру болып табылады. АЭФ жұмысының басты қорытындысы – әлем сарапшыларына жаһандық экономиканың даму бағыттары үшін нақты кеңес беру. Биылғы жылы пленарлық отырыс алғаш рет «Қазақконцерт» орталық концерт залында өткізіледі. Форум шеңберінде 20-ға жуық іс-шара жоспарланған. Форумның негізгі іс-шаралары – дүниежүзіне танымал «The Economist» халықаралық беделді журналымен бірлесе ұйым­­дастырылатын Қазақстан инвестициялық саммиті, Боао азия­лық форумы хатшылығымен бірге ұйымдастырылатын Ұлы Жібек жолы елдерінің форумы, «The Financial Times» халықаралық беделді басылымымен бірлесе өткізілетін Жекешелендіру жөніндегі Қазақстан форумы. Сонымен бірге, ІХ Астана экономикалық форумының аясында «Жоғары жаһандану дәуірінің соңы: экономикалық және қаржылық архитектуралар үшін жаңа жағдайлар» атты жоғары дәрежедегі сессия өт­кізіледі. Бұл кешенді сессияны Қазақстан Республикасының Үкіметі, «Экономикалық зерттеу­лер институты» АҚ, Бреттон-Вудс­ты жаңарту жөніндегі комитет және Халықаралық стратегиялық серіктестер тобы ұйымдастырады деп күтілуде. Жоғары дәрежедегі сессияның күн тәртібіне осындай өзекті тақырыптың шығарылуы тегін емес. Әлем 2016 жылы геосаясатта, экономикада және қаржылық жүйеде бірқатар жаңа кешенді тәуекелдерге тап болып отыр. Жаһандық экономика жаңа дүние табалдырығында тұр. Оның даму үрдісінде тектоникалық және түбегейлі өзгерістер орын алуда. Әлем сарапшыларының пайымдауынша, «жоғары жаһандану дәуірі» аяқталып келеді. Өңірлердің даму тұрақтылығына жаңа экономикалық және геосаяси тәуекелдер шешуші ықпалын тигізуде. Осыған байланысты саяси реформалардың экономикаға тигізетін әсерін жеңіл­дету мақсатындағы шараларға ерекше мән берілмек. Сонымен бірге, ІХ АЭФ үнқатысу алаңында әлемдік экономикадағы кешенді құбылмалылық және тұ­рақсыздық, жылдам дамушы рыноктарды қайта жүктеу, Еуразиядағы монетарлық және қаржылық тәуекел­дер, жекеменшік сектор үшін жаңа биз­нес ахуал қалыптастыру және бас­қа тақы­­рыптар талқыланатын болады. Ағымдағы жаһандық сілкіністер әлемдік экономиканың дамуында жаңа бағыттардың орын алуына әсер етуде. Бүгінде дамушы рыноктар шикізат бағасының күрт төмендеуіне байланысты тоқырау кезеңін бастан кешуде. «Алтын тоқсандар» деп аталатын кезеңнен кейін, яғни 2000 жылдардың басынан бастап дамушы рыноктардың әлемдік экономиканы дамытудың қозғаушы күшіне айнал­ған кезеңінің аяқталуына байланысты дамушы мемлекеттердің экономикалық өсімінің қарқыны қайта қаралуда. «Алтын тоқсандар» дәуірінде жаһандық ІЖӨ-де дамушы рынок үлесі 52 пайызды құраған болатын. Ал 2015 жылы дамушы рыноктың жалпы өсімі 4,3 пайыз ғана болды. Бұл 2010 жылғы 7,6 пайыз дәрежесінде болған көрсеткіштен де төмен. Сөйтіп, әлемдік ІЖӨ өсімі 2,4 пайызға дейін төмендеген. Дамушы рыноктарға шикізат ресурстарына деген жоғары баға дәуірінің аяқталуы, әлемдік сауданың бәсеңдеуі, қаржы рыногындағы құбылмалылықтың өсуі инвестициялық ағындардың төмендеуі кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен бірге, дамушы рыноктардан капиталдың шетке шығуының өсуі дамудың тежелуіне себеп болуда. Бұл жағдайлар, әсіресе, БРИКС тобына кіретін ірі және жылдам дамушы мемлекеттердің экономикасына ерекше кері әсерін тигізіп отыр. Бірқатар дамушы мемлекеттердің ұлттық валютасы құнсызданып кетті. Бұл осы елдердің тұрғындарының тұрмыстық жағдайының күрт нашарлауына, экономикалық дамудың тежелуіне әкеліп соқтырды. Астана экономикалық форумы шеңберінде жоғары жаһандану дәуірінің аяқталу кезеңінің бастал­ғандығы туралы алғаш ашық үнқа­тысулар өтеді. Әлемдік сарапшы­лардың бірауызды пікірлері бойынша, бүгінде әлемдік экономикада өңірлік және топтық ықпалдастық пен байланыстар жиі көрініс табуда. Әрбір мемлекет өзінің даму болашағына тиімді болатын өңір­лік сауда және экономикалық серіктестер іздестіріп, жаһандық ынты­мақтастық үдерістерінің те­желуіне әсер етуде. Бүгінде әлемде Азиялық инфрақұрылымдық инвес­­тиция банкі, БРИКС-ті дамытудың жаңа банкі, Жібек жолы қоры сияқты өңірлік институттар құрылуда және олардың жаһандық экономикаға ықпалы барған сайын артуда. Биылғы жылы ІХ АЭФ шеңберінде осы жаһандық мәселелерді талқы­лауға бизнес және сарапшылық қауым­дастықтардың әлемге танымал өкілдері, ірі қаржылық құ­рылымдардың жетекшілері, ха­лықаралық ұйымдардың басшылары, Нобель сыйлығының лауреат­тары қатысады. Олардың қата­рында – ғаламтор-коммерция саласында қытайлық AliBaba Group компаниясының негізін қалаушы Джек Ма, ХВҚ басқарушы директоры Кристин Лагард, ЕҚДБ президенті Сума Чакрабарти, британдық «The Economist» журналының нұсқасы бойынша әлемдегі ең беделді эко­но­мистердің үштігіне кіретін Колумбия университеті Жер инс­титутының директоры Джеффри Сакс, Массачусетс технологиялық институтының экономика профессоры, «Why Nations Fail: The Origins of Power, Prosperity, and Poverty» атты әлемдік бестселлердің авторы Дарон Аджемоглу, АҚШ-тың бұрынғы президенті Рональд Рейганның және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчердің кеңес­шісі болған Артур Лаффер, Леонтьев сыйлығының лауреаты Ха-Джун Чанг, «Валюталық соғыстар» бест­селлерінің авторы Сун Хунбин, сондай-ақ, Нобель сыйлығының экономика саласы бойынша лауреат­тары Эдвард Прескотт, Кристофер Писсаридес пен Томас Сарджент бар. Форум аясында «Жаһандық көш­басшылардың пікір алысуы» тақырыбымен өтетін пікір алысу алаңдарында әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің, Нобель сыйлығы лауреаттарының бүгінгі әлемдік экономканы дамытудың келелі тақырыптары бойынша жүздесулері өтеді. Ал ІХ АЭФ қарсаңында 24 мамыр күні ХВҚ басқарушы директоры Кристин Лагард және Орталық Азия, Кавказ және ЕАЭО-ға мүше елдер үкіметтері өкілдерінің қатысуымен ХВҚ аймақтық форумы өтетіндігін атап өткен жөн. Сонымен қатар, форум аяқталған соң, келесі күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы пленарлық отырысы өткізіледі. Астана экономикалық форумы шеңберінде экономикалық тақырыптар бойынша негізгі спикерлердің дәрістер өткізуі, қа­тысушылар үшін Blockchain технологиясын қолдану бойынша воркшоптар сериясы, бизнес-гуру және жетекші әлемдік сарапшылардан нетворкингтер, шеберлік сыныптар өткізу жоспарлануда, сондай-ақ, қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. ЭЫДҰ, БҰҰ, Дүниежүзілік банк, АДБ, ЕҚДБ секілді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары форумның серіктестері болып саналады. Уақыттың өзі айқындағанындай, Астана экономикалық форумы бүгінгі жаһандық экономикалық дағдарыстың себеп-салдарларын анық­тап, қиындықтан шығу жолдарын белгілейтін шынайы әлемдік пікірсайыс алаңына айналды. Оған әлемнің дуалы ауыз сарапшылары мен белгілі саяси тұлғаларының Астана экономикалық форумының жұмысына Давос, Санкт-Петербург және Боаос азиялық экономикалық форумдары деңгейінде берген жо­ғары бағалары айқын дәлел болмақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»