Жылда қайталанатын жол «жыры» жүргіншілер мен жүргізушілердің жүйкесін жұқартумен келеді.
Қар еріп, көгілдір көктем келіп арқа-басымыз кеңігенде ойлы-шұқыр жол мәселесі алдан шығады. Мыңдаған жүргізушілер салығымызды төлеп жатырмыз, құқығымызды кім қорғайды деп налиды. Өйткені, тірнектеп жиып теңгеге алған былайғы жұрт машиналары темір болғанмен, жырым-жырым жолға төтеп бермей, тетігі кетіп, терең күрсініп тұрғаны. Ал жолға жауап беретіндер жамап-жасқап әлек. Қазақ мұндайда ескіні жамағанның есі кетеді деп жатушы еді.
Жол мәселесі сөз болғанда әр жыл сайын бөлінген миллиондар мен миллиардтар айтылады. Бар кінә «жексұрын» қыстың аязы мен көктемнің жылымығына телінеді. Шенеуніктер биыл да жылдағы уәжді алға тартып, қыруар ақша бөлінгені, қанша шақырым жол жөнделетіні туралы айтып жатыр. Мәселе ауа райында ма, әлде қаржының тиімді жұмсалмауында ма? Иә, жол жыры әртүрлі сылтауларға сеп болып, қашанғы жалғаса берер екен? Әлде, ақ-қарасы түбегейлі тексеріліп, себеп-салдары биыл анықталып, алдағы жылы «жыртыңдаған» жырға тосқауыл қойылар ма?
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»