Адам баласы үшін қайда өмір сүру маңызды емес, маңыздысы – тыныш заман, бала-шағаңның арасында, олардың күміс күлкісіне оранып шат өмір сүру, уайымсыз еңбек ету. Біз тағдырдың жазуымен кең-байтақ қазақ жерінде, алып жоспарларды алдына қойған Қазақстан мемлекетінде өмір сүрудеміз.
Қазақ даласында адам баласының уайымсыз, қауіпсіз өмір сүруі үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалынған – ересектер қызметте, уақытында жалақысын алып тұрады, балалар сабағын оқып, тиісті тәлім-тәрбиесін алуда, қарттарымыз зейнет өмірінің қуанышын бастан өткеруде. Осы жарасымды тірліктің кейінгі ұрпақтарымызға жалғасуына барынша тілекшіміз.
Әлем елдеріндегі әртүрлі ахуалдардан хабардар бола отырып, олардың қайғысына қинала қараймыз. Жылы үйін, орнықты тұрмысын тастап, аяқ астынан босқынға айналған миллиондаған адамдардың, аш-жалаңаш, ауру меңдеген балалардың өмірі кез келген жанды бейжай қалдыра алмайды деп ойлаймын.
Біздің еліміз – тәуелсіз Қазақстан бейбітшіліктің ұясы, ынтымақтың ордасы. Мұнда сандаған ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қазақтың киіз үйіне қадалған уықтар тәрізді барлығымыз білек пен тілек біріктіріп, бір ортақ шаңырақты көкке көтеріп келеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық татулықтың тамырын тереңге жіберу, ымырашылдық пен бауырластық идеясы жарасым тапқан еліміздің саясатына, бағытына қазір әлем елдері қызығушылық танытып отыр. Президентіміз ядролық қаруды ауыздықтау, жер бетінде соғысты болдырмау идеясын ұсынып, түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға қатысты алып бағдарлама жасақтау қажет екендігін әлем елдерінің назарына берді. Бұл да – қазақстандық бейбітшілік сүйгіш ұстанымның нақты нәтижесі, көрінісі.
Бейбіт еліміздің берекесі артып, іргесі нығая түсуі үшін, балаларымыз бақытты өмір сүруі үшін еңбек етіп келеміз. Болашағымыз берік, бақуатты болсын деген тілек – барша қазақстандықтардың ортақ тілегі деп білемін. Ол үшін кең даланы мекен етуші ұлттар өзара ұйыса түсуі қажет.
Айрапет КУРДОГЛЯН,
«Ехпайрутюн» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы
АҚТАУ