22 Сәуір, 2016

Келешегімізге сеніміміз мол

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
елена шекБиыл еліміз өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Бұл – жай мереке емес, киелі де қас­терлі мереке. Қазақ елінің алыс келешегін айқындап берген ерекше дата. Бүгінгі күні ширек ғасырлық биік белеске көтерілген мемлекетіміздің басты мақсаты – әлемдегі ең жақсы дамыған 30 елдің қатарынан орын алу. Бұрын алдымызға мұндай биік мақсат қою үш ұйықтасақ түсімізге кіріп пе еді?! Осылай деп ойлауға мұр­шамыз келіп пе еді?! Жоқ, әрине. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздіктің берген мүмкіндігі. Осының өзі барша қазақ­стан­дықтарға ой салып, тәуел­сіз­­ді­гіміздің қадір-қасие­тін тере­ңі­рек түсінуге әрі тереңірек түй­сі­ну­ге итермелейді. Тәуел­сіздік – біз­дің барша же­ңістеріміз бен та­быс­тарымыздың бастауы. Мұ­ны біз ұмытуға, жадымыздан шығаруға тиісті емеспіз. Сонымен бірге, еліміздің жаңа тарихын оқып-үйрену және са­намызға тоқып түйіндеу ісі де аса маңызды әрі қажетті дегім келеді. Бізде, ортақ Отанымыз – Қазақ­­станда әрбір мейрам, әрбір мемлекеттік мереке бәрімізге, барлық этнос өкілдеріне ортақ. Біз оның бәрін бірге тойлауды әдетіміз бен салт-дәстүрімізге енгізіп те үлгердік. Со­ның ішінде, Тәу­ел­­­сіздік тойының ор­ны тіптен ай­рықша. Өйткені, бұл дара дата – барлық қа­зақстандықтарды бір мақсат пен бір мүд­деге топтасты­ру­ға қызмет жасай алады. Себебі, кемедегінің жаны бір дегендей, баршамыз өз тағ­дырымызды елі­­міз­дің тағдырынан бөле-жа­ра қарай алмаймыз. Бұл тұр­ғыда бә­рімізді ортақ тағдыр бірік­тіретіні де осы ойымыздың тағы бір жалғастығын көрсетеді. Өткен XX ғасырдың алғашқы жартысында қуғын-сүргінге ұшы­­рап, Қазақстанға еріксіз жер ауда­рылған ұлт пен ұлыс өкіл­дерінің қатарынан корей халқы да орын алады. Бүгінде біздер Қазақ­стан­ды өз отанымыз деп са­най­мыз. Өйткені, біздің ата-ба­бала­рымыз бен әке-шешелеріміз осы то­пы­раққа тамыр жайды. Ба­қытын қа­зақ жерінен тауып, жа­пырақ жа­йы­п, мәуелі бәйтерекке айналды. Бақытты болу деген ұғымды әр­кім әртүрлі түсінеді ғой. Ал ме­­нің ойымша, ынтымағы жарас­қан бір шаңырақ астында өмір сүріп, еңбек еткеннен асқан ба­қыт жоқ. Осы тұрғыда барша қазақ­стандықтарды бақытты деп санауға әбден болады ғой деген ойдамын. Өйткені, бақыттың кілті тыныштықта, бейбіт өмір мен берекелі тірлікте емес пе? Сондай-ақ, тәу­ел­сіздің тағ­ды­ры тіз­бе­­гінде Қазақ­стан халқы Ассам­блея­сы­ның құрылуы өз ал­дына бір бөлек әңгіме десем, қателеспейтін шығармын. Әрі бұл – этносаралық және конфес­сияаралық ке­лісім мен қарым-қаты­настарды дамытудағы теңдесі мен баламасы жоқ қоғам­дық инс­титут. Елімізде бей­біт­ші­лік пен тыныш­тық­ты сақтай білу­дің тап­тырмас тетігі. Рес­пуб­ли­кадағы көп­ этнос­ты тұрғын­дар ара­сындағы тату­лықты терең­детудің қайнар көзі. Тәуелсіздік тарихына көз жү­гіртсек те дербестікке қол жет­кізу арқылы әртүрлі адамдардың тағдыры бір арнаға тоғысқанын байқаймыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің жеңістеріміз де, егемен еліміздің өсіп-өр­кен­­деу ісіне қосар үлесіміз де ортақ. Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дық торқалы тойының табал­ды­рығында тұрған тұсымызда біз келешегімізге нық сенеміз. Бала­ларымыз бен кейінгі ұр­пақтың болашағына алаң­да­май­­мыз. Осы орайда, еліміздің ертеңі бұдан да жарқын болуы үшін қолдан келгеннің бәрін де жа­сауға әзірміз. Елена ШЕК, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы корей этномәдени бірлестігінің мүшесі ОРАЛ