22 Сәуір, 2016

Венгрияның Қазақстандағы құрметті консулы тағайындалды

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
22.04.2016 AST АСТАНА. 22 сәуір. KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Жамболат Сәрсенов Венгрияның Қазақстан Республикасындағы құрметті консулы болып тағайындалды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ақтөбе қаласында Венгрияның Құрметті консулдығының ашылу салтанаты кезінде екі елдің іскерлік кеңесінің тең төрағасы дәрежесіндегі сіңірген еңбегі ескеріліп Жамболат Сәрсеновке дипломатиялық міндет жүктелді. Салтанатты іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Венгрияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Андраш Барани, Венгрия сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі мемлекеттік хатшысының орынбасары Жолт Чутора қатысты. Консулдықтың жұмысы Алматы, Қарағанды және Ақтөбе облыстарын қамтиды. Аталған шарадан кейін Ақтөбе облысының бизнес қоғамдастығымен кездесуі өтті. Онда екі ел кәсіпкерлерінің әлеуетті мүмкіндіктері туралы да сөз қозғалды.  Кездесуде бизнесмендер венгриялық және қазақстандық компаниялардың бірлескен мұнай-газ және  басқа да жобаларға қатысуға елеулі мүмкіндіктері бар екенін атап көрсетті. Дастан Кенжалин. Дерек: KAZENERGY қауымдастығы. Фото: egemen.kz