Аймақта тоқыма кластері мен отандық фармацевтика құлашын кеңге жайып келеді
AZALA Textile» – еліміздегі тоқыма өндірісінің көшбасшыларының бірі. Елбасы мақтаны терең өңдеп, жіп иіруден бастап тоқыма өндірісін жақсы жолға қойған фабриканы аралап, дайын өнімдерімен танысты. Тоқымашылардың жанына келіп, тігіп жатқан дүниелерін көрді. «Баяғыда шешеміз тігін машинасының құлағын қолымен айналдырып көйлек тігер еді, ал сендер жаңа технологияның жемісін көріп жатырсыңдар», – деді Мемлекет басшысы.
Содан соң өзін күтіп тұрған фабрика жұмысшыларының қасына келген. «Еліміздің өз мақтасы бар. Сырттан шикізат тасымаймыз. Тоқыма өндірісін толық жолға қойсақ, бүгіндері сырттан тасымалданатын киім-кешектерді өзіміз тігіп, еліміздің әлеуетін көтереміз. Импорттық тауарлар орнын алмастыру – Қазақстанның экономикалық саясатының маңызды міндеттерінің бірі, индустрияландырудың түпкі мақсаты сол», – деді әңгіме орайында Президент.
Фабриканың жұмысшы-қызметкерлерімен емен-жарқын әңгімелесіп, ара-арасында әзілдесіп алған Нұрсұлтан Әбішұлы олармен естелікке суретке түсті. Елбасына фабриканың тыныс-тіршілігін толығымен баяндаған кәсіпорынның құрылтайшысы Бауыржан Жамалов тоқыма өндірісінің болашағы жайлы да жан-жақты айтып берді.
2005 жылы, осы кәсіпорынның жұмысы енді басталғанда Елбасы сәттілік тілеп, жаңа технология жетістіктерін пайдалануға Үкімет тарапынан көмек болатындығын айтқан болатын. Кәсіпорынды аяғынан тұрғызуға жұмсалған 6,5 млрд. теңгенің алғашқы траншы 3,5 млрд. болса, кейінірек 2,5 млрд. бөлінген. Ал, 1 млрд. – зауыт құрылтайшысының өз қаржысы.
Бауыржан Жамаловтың әкесі Салдар ақсақал – Мақтарал өңірінде айтулы мақта зауытын іске қосқан азамат. Ал «AZALA Textile» серіктестігінің сырттан шикізат сатып алатындай мұқтаждығы жоқ, өз өнімі өзін толық қамтамасыз етуге жетеді. Мақта зауыты мен жіп, мата дайындау цехы толық күшінде. Егер дайын өнімдер бөлімі жақсы қарқын алса, несиеден үш-төрт жылдың көлемінде құтылуға мүмкіндігі бар екен. Оған алғышарттар жоқ емес.
Әзірге тоқыма бұйымдары ішкі нарықтың қажетін өтеп жатыр. Халықаралық сауда белгісі бар ірі маркеттермен келісімшарттар жасалған. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Түркия кәсіпкерлері сырттан тасымалданатын дайын өнімдерін «AZALA Textile» өнімдерімен алмастырған. Оның сыртында, «AZALA Textile» – Қазақстан Қорғаныс министрлігінің «Жасампаз» жобасына кірген ең ірі бес фабриканың бірі.
Министрліктен келген өкілдер мұндағы әскери формалардың тігілу сапасына жоғары баға беріпті. Бұл – мемлекеттік тапсырыс тоқыма өндірісінің жұмыс ауқымын кеңейтеді деген сөз. Ал ол – жақсы табыс. Оңтүстіктегі тоқыма өндірісінің алымдылығы, сапасының жоғарылығы алыстағы Африканың Гана мемлекетіндегі кәсіпкерлерді қызықтырған сыңайлы. Яғни, енді халықаралық сауда айналымына шығуына мүмкіндік беріледі.
– Осының бәрі Сіздің арқаңыз Нұрсұлтан Әбішұлы, – деді Бауыржан Салдарұлы. – Қиын кезде қолтығымыздан демеп, қанат бітірдіңіз. Мақта, мата кластерін қалыптастырып, алдағы жұмысымызды оңтайландырып бердіңіз. Соның арқасында Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі аяғынан тұрып қана қоймай, мемлекет қажетін, тұтынушылардың тапсырысын орындайтындай биікке көтерілді. Сол үшін Сізге барша жеңіл өнеркәсіп саласы қызметкерлерінің атынан алғыс айтамыз.
Елбасы «AZALA Textile» фабрикасының аты нені білдіретіндігін сұраған. Ал Бауыржан Салдарұлындай қазақтың дарабоз баласының шаңырағында бес қыз, үш ұл талшыбықтай жайқалып өсіп келеді. Фабрика атауы сол қарлығаштай бес қыздың есімінің алғашқы әріптерінен құралыпты. Айтқандай, «AZALA Textile» серіктестігі қонақ үйге не керек, бәрін өте сапалы тігеді. Бауыржан Салдарұлы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне өз өнімдерімен қатысуға ниетті. Яғни, Қазақстан өнеркәсібінің тағы бір тынысы ашылмақ.
Елбасы Шымкентте 1 миллиондай халық бар екенін, оған Бауыржандай оғландардың үлес қосып жатқандығын әзілге сүйей айтып, «Біз көбеюіміз керек, сонда бүгінгімізден де мықты боламыз», – деді.
«AZALA Textile» серіктестігінен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын «Химфарм» акционерлік қоғамы фармацевтикалық компаниясында болды. 130 жылдық тарихы бар «Химфарм» АҚ бүгінде жылына жалпы сомасы 16,5 млрд. теңге болатын 1,2 млрд. таблетка мен капсулалар және түйіршіктер, 300 млн. ампула, 6 млн. инфузия, 40 млн. антибиотик құтылары мен 26 млн. шәрбат құтылары сынды дәрі-дәрмектің 200-ден астам түрін шығарады. Қазақстан Республикасында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігінен артығын шығарып, жеткізетін «Химфарм» АҚ-та 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Сауда белгісі «SANTO Member of Polpharma group» болып табылатын «Химфарм» АҚ бүгінгі күні өндірілген өнімдерін бес мемлекетке – Ресейге, Моңғолияға, Қырғызстанға, Тәжікстанға және Түрікменстанға экспорттап, сату көлемін жоғарылату мақсатында Қырғызстанда өкілдігін тіркеді. Ендігі жоспар Өзбекстанның нарығына шығу және Ресейдегі алатын орнының ауқымын кеңейту болып отыр. Мәселен, 2015 жылы құны 1,3 млрд. теңгеден асатын дәрі-дәрмек жоғарыда аталған мемлекеттерге экспортталған.
Жалпы, өңірімізде іске қосылған жобалардың 94 пайызы жоспарланған қуаттылықта жұмыс істеп жатыр. Мысалы, 2015 жылы облыста өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 668,4 млрд. теңгені құрап, 3,1 пайызға артты. Бұл көрсеткіш бойынша облыс 98,4 пайыздық көрсеткішке жетіп, республикада 5-орынға шықты. Тұтастай алғанда, кәсіпорын елдің жалпы дәрі-дәрмек нарығының 5 пайыздан астамын қамтиды және дәрілік заттардың ішкі өндірісінің 50 пайыздан астамын қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы «Химфармда» еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа цехтың ашылуымен құттықтады. Қазақстан өзіне қажетті көп дәрі-дәрмекті сырттан сатып алып келді. Ал «Химфарм» АҚ-тың дәрілік препараттар нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа табыстарға жетуге мүмкіндігі бар.
«Химфармның» отандық фармацевтика саласында көшбасшы боларлықтай жағдайы барын айтқан Елбасы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуларына тілектестік білдіріп, отбасыларына баянды бақыт тіледі. Ал цех еңбеккерлері Қазақстан Президентіне осы салаға көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ