23 Сәуір, 2016

Сыбайлас «сыбағасын» алады

247 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ком-үлкеніОрталық коммуникациялар қызметінде өткізілген кезекті брифингте елдегі сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселесі әңгіменің негізгі өзегіне айналып, Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Əди Ғалымжан мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департамент басшысы Есқали Саламатов журналистермен осы жұмыстағы нәтижелермен және алдағы міндеттермен бөлісті. Брифинг модераторы бі­рінші сөзге тартқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Əди Ғалымжан: «Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы сая­сатта елде елеулі жаңалықтар болып жатыр. Атап айтқанда, басымдық оның алдын алу шараларына беріліп, жемқорлықты ауыздықтау үшін мемлекет пен қоғамның күші біріктірілуде. Мұндағы ең маңызды кезең осы жылдың басынан «100 нақты қадамның» 13-қадамына сәйкес жаңа заңның қабылдануы болды. Ол кәсіби мемлекеттік қызметті, кәсіби мемлекеттік аппаратты құрудағы ел алдындағы міндеттің бірі» деп ол әрі қарайғы ойында сыбайластықпен, жемқорлықпен күресте қандай жұмыстар атқа­рылып жатқанымен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі күні арнайы мониторингпен қатар, сыбайластық тәуекелін сараптау, сыбайластыққа ымыралық танытпау мәдениеті сынды бірнеше тетіктер қапталдаса жүріп, қоғам­ның алға жылжуында аяққа тұсау болатын кеселмен күрес тиянақты өткізілмек. Сонымен қатар, тұңғыш рет сыбайластықпен күрес жайында Ұлттық баяндама жасалатынын жеткізген ол журналистер қойған сауалдарға жауап беру кезінде біздің еліміздің транспаренция рейтингісінің соңғы есебі бойынша 123-орында екенін айтты. Өткен жылы 126-орында едік, биыл 3 орынға жоғарылап отырмыз», – деген департамент директоры журналистің жемқорлыққа қарсы жазаға тартуда Қытай мен Сингапур тәжірибесін енгізген дұрыс емес пе деген сауалына да жауап берді. «Біздің ойымызша, ауыр жаза жемқорларды азайтпайды. Себебі, бір адам кеткенімен, орнын басқа, адам алмастырады. Сондықтан біз қолға алып жатқан жұмыс осы мəселелердің алдын алуға бағытталған. Адам қандай жолмен сыбайлас жемқорлыққа барады? Кейбір мемлекеттік қызметшілер құжат беру кезінде заңды бұзады. Себебі, нақты стандарт, регламент жоқ. Соны кейбір мемлекеттік қызметішілер пайдасына жаратып, қалтасын қалыңдатады. Енді біз сондай қызметтерді қалай көрсету және қанша уақытта құжат дайын болу керек деген тәртіпті анықтап, керекті құжаттар тізімін де айқындап, барлығын бір ізге түсіріп регламенттедік. Азаматтардың өз құқығын білмеуі, талап ете алмауы сыбайластыққа жол ашады. Республика бойынша, барлық әкімдіктер мен өзге мемлекеттік органдар үшін азамат өтінішін, талабын орындауда бірізділік сыбайластықтың тамырын қияды. Біз, әрине, әлемдік тәжірибе­лерді ескереміз, алайда, қылмыспен ол әбден орын алғаннан кейін емес, қайта оның алдын алған тиімді деген тәжірибелерді ескердік. Алдағы уақытта осы бағытта жұ­мыстар атқарылады. Негізінде еліміздің Қылмыстық кодексінде бұл қылмыс ауыр қылмыс түрінде қарастырылып, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылумен бір­ге, дүние-мүлкі тәркіленеді. Сондықтан, қылмыстың бұл түріне ауыр жаза қарастырылған»,– деді Əди Ғалымжан. Брифингте сөз берілген ендігі шешен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро­сының департамент басшысы Есқали Саламатов: «Бюро осы жылдың басында бірыңғай сот алдындағы реестрде 1097 қылмыс тіркеді. Оның 7-8 пайызы – сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша мемлекетке 3,6 млрд. теңге зиян келіп, оның 2 млрд. теңгесі, яғни 56 пайызы мемлекет қазынасына қайтарылды, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталған азаматтардың 2,4 млрд. теңге болатын мүлкіне бұғау салынды», – деді. Брифингке шақырылған лауазымды тұлғалар журналистер тарапынан қойылған өзге де сауалдарға жауап берді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,  «Егемен Қазақстан»