Қазақстан мемлекеттік құрылыстың ұзақ та жеткілікті деңгейде қиын жолынан өтті. Бұл жерде егемен Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу үдерістері республиканың КСР Одағы құрамында болған кезеңінде басталғанын атап өткен орынды. 1985-1991 жылдары Михаил Горбачев бастаған Одақ басшылығы жүргізген қайта құру саясаты айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге алып келсе, оның ақыры сол кезде өмір сүрген партиялық-мемлекеттік жүйенің бұзылуына, ал кейін КСРО-ның ыдырауына соқтырды.
Қалыптасқан осы үдерістер орталық деңгейде және одақтас республикаларда мемлекеттік биліктің жаңа институттарын құру қажеттігін туындатты. 1990 жылғы 14 наурызда Халық депутаттарының съезі елімізде Кеңес Одағы Коммунистік партиясының (КОКП) ғана билік жүргізетінін бекіткен КСРО Конституциясының 6-бабының күшін жойды. Осымен бір мезгілде КСРО Президентінің лауазымы енгізілсе, кейін бұл орынға М.С.Горбачев сайланды.
Егер аталған шара одақтық деңгейде айтарлықтай шатқаяқтап қалған орталық билікті күшейтіп, мемлекетті сақтауды көздесе, 1990 жылдың 24 сәуірінде тағайындалған Қазақ КСР Президентінің лауазымы мен 12-шақырылған Жоғарғы Кеңестің Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлауы республиканың мемлекеттік егемендігіне қол жеткізуі жолындағы алғашқы маңызды қадам болды. Осыған қатысты атап көрсететін жайт, мемлекетіміздің жаңадан сайланған басшысының «...ұлттық мемлекеттілікті, Қазақ КСР-інің саяси егемендігін нығайту, оны кеңестік социалистік федерация шеңберінде жаңа, нақты мазмұнмен толықтыру, яғни КСР Одағы мен республикалардың өкілеттіліктерін нақтырақ көрсету бойынша шаралар қабылдау президенттік биліктің ерекше қамқорлығындағы мәселе болады», деген сөзі көп жайды аңғартады.
Қазақ КСР Президенті өзінің мәртебесіне сәйкес, республика шеңберінде азаматтардың құқы мен бостандығы сақталуының кепілі ретінде танылып, Қазақстаннан Одақ ішінде және халықаралық қатынастарда өкілеттілік етті, Қазақстанның бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар шығарып, азаматтық қабылдау және басқа да мәселелерді шешу бойынша міндеттер атқарды. Оның бір мезгілде кез келген деңгейдегі Кеңестің халық депутаты болып сайлана алмайтыны билікті бөлісу институтын дамыту үдерісінде аса үлкен маңыз иеленді.
Сонымен қатар, сол уақытта Президенттің билігі бір жағынан одақтық құрылымдармен, екінші жағынан республиканың Жоғарғы Кеңесімен едәуір шектеулі болатын. Атап айтқанда, одақтық Министрлер кеңесі Қазақ КСР-інің мүддесіне қайшы келетін қаулылар мен өкімдер қабылдаған жағдайда, ол КСРО Президентіне тиісті актілердің іс-әрекетін тоқтату туралы өтінішпен шығуға мәжбүр болатын. Жоғарғы Кеңеске қатысты айтатын болсақ, Президент оның бекітуіне Министрлер Кеңесі, Жоғарғы Сот және Халықтық бақылау комитеті төрағаларының кандидатураларын ұсынатын, Үкіметтің отставкасы туралы, тағы басқа маңызды мәселелер қоятын. Оның үстіне, сол кезеңде біртұтас атқару вертикалі болған жоқ, өйткені, барлық билікті жергілікті жерлерде Халық депутаттарының кеңесі мен ол қалыптастыратын және оған есеп беретін атқарушы комитеттер жүзеге асыратын.
Осындай жағдайларда Нұрсұлтан Назарбаев пен оның командасының алдында республиканы әрі қарай дамыту мен оның одақтық орталықпен өзара іс-қимылын сапалық тұрғыдан жаңа пішімде қалыптастыруына негізделген бірқатар маңызды міндеттер тұрды. Әлі кеңестік қоғам болып тұрған сол шақта өмірдің іс жүзінде барлық саласында дағдарысты үдерістер белең алып, осыған орай тұрақтылықты қамтамасыз ету ерекше маңызды еді. Өз кезегінде, осының барлығы жинақтала келіп, республиканың бүкіл мемлекеттік билік жүйесін, сондай-ақ, оның шеңберінде Президенттің шептерін күшейту қажеттігін туындатты.
1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануы айтулы оқиға болды. Осы құжаттың негізінде республика өзін саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени құрылыспен, әкімшілік-аумақтық құрылыммен, мемлекеттік биліктің құрылымдары мен өкілетті органдарын айқындаумен және өзінің рәміздерін басқарумен байланысты барлық мәселені өз бетінше шешу құқына ие егеменді мемлекет деп жариялады. Декларация, сондай-ақ, мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігі қағидаттары бойынша бөлуді бекітіп берді. Оның үстіне, Президент өзіне жоғары өкім етуші-атқарушы билік өкілеттілігін алып, бұл оның мәртебесін едәуір кеңейтті.
Сол жылдың 20 қарашасында «Мемлекеттік билік құрылымдарын жетілдіру мен Қазақ КСР-індегі басқару және Қазақ КСР-інің Конституциясына (Негізгі Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Аталған заңға сәйкес Президенттің ұсынысы бойынша Жоғарғы Кеңес сайлайтын республиканың Вице-президенті лауазымы тағайындалып, Министрлер Кеңесі Премьер-Министр басқаратын Министрлер Кабинеті болып қайта құрылды, Президент пен Министрлер Кабинетінің аппараттары біртұтас президенттік аппаратқа біріктірілді. Бұл жерде, Республика басшысы Министрлер Кабинетінің қызметіне де жетекшілік еткенін айта кеткен жөн. Министрлер Кабинеті өз өкілеттілігі шеңберінде облыстық атқару комитеттері мен Алматы қалалық Кеңесінің шешімдері мен өкімдерінің күшін жою құқын алды. Осылайша бірте-бірте биліктің атқарушы вертикалі сап түзеді.
1991 жылғы белгілі оқиғалар Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігіне қарай қадамын нықтай түсті. Атап айтқанда, сол жылдың тамыз-қазан айларында Қазақстан Компартиясын тарату, одақтық маңыздағы кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақстанның қарауына көшіру, республиканың алтын қоры мен алмас қорын құру жүзеге асырылды. Республика Президенті 6 жыл мерзімге сайланғанын да атап өту керек. Алайда, жедел өзгерістер жағдайында ол қазақстандықтардың сенім деңгейін арттыру және олардың өзі жүргізетін саяси бағытты қолдауына қол жеткізу мақсатында бүкілхалықтық сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен алғашқы тікелей президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа 868 176 сайлаушы немесе дауыс беруге қатысқан барлық сайлаушының 98,78%-ы өз дауыстарын берді.
1992-1993 жылдары Қазақстанның мемлекеттік құрылысы түбегейлі саяси және экономикалық жаңғыртулармен қатарласа жүрді. Қоғам мен мемлекетте демократия, құқықтық мемлекет және нарықтық экономика құруға бет бұрған қарым-қатынастар ресми саяси бағыт деп жарияланды. Қазақстан Президенті аталған бағыттың негізгі сәттерін өзінің «Қазақстанның егеменді мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» (1992 жылғы мамыр) деп аталатын туындысында белгілеп берді.
Мұнда негізгі мақсаттардың ішінде жас егемен мемлекетті күшті президенттік республика қалыптастырып, өтпелі кезеңде экономикалық реформаларды табысты жүргізуге бағыттаудың қажетті шарты ретінде тұрақтылықты қамтамасыз ету ерекшеленіп тұрды. Негізгі екпін Мемлекет басшысының қолында тиімді басқарушылықты жүзеге асыру үшін қажетті барлық құралдары бар президенттік басқаруды қамтамасыз етуге түсірілді. Президент, сондай-ақ, назарды билікті бөлісу жүйесін жетілдіру, өкілеттіктерді нақты шектеу қағидаттарына сүйене отырып, олардың өзара іс-қимылын тиімдірек ұйымдастыру мен жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың жүйесін жетілдіру қажеттігіне аударды.
Мемлекеттік құрылыс шеңберінде алғашқы айтарлықтай қадамдардың бірі 1992 жылдың 13 қаңтарында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін өзі басқару және жергілікті Халық депутаттарының кеңесі туралы» Заңға өзгерістер енгізу болды. Солардың негізінде жергілікті Халық депутаттары кеңестері атқару комитеттерінің орнына атқарушы биліктің жаңа институты – жергілікті әкімшілік басшыларының институты тағайындалды. Осылайша Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағыныстағы атқарушы билік органдарының вертикальді жүйесі құрылды.
Содан кейін, яғни 7 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Экономикалық реформалар жағдайында Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдарының қызметтерін ұйымдастыруды жетілдіру туралы» Жарлығы шықты. Соған сәйкес Министрлер Кабинетінің құрылымы айқындалып, оған 22 министрлік, 8 мемлекеттік комитет пен түрлі мәртебеге ие өзге де 10 ведомство (Кеден комитеті, Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссия және т.б.) енді. Оның үстіне, Министрлер Кабинетіне жергілікті әкімшілік басшыларының қызметіне жедел басшылық жасау бойынша міндеттер жүктелді.
Еліміз өміріндегі бұдан да маңызды оқиға деп 1993 жылдың 28 қаңтарында Жоғарғы Кеңестің Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясын қабылдағанын айтуға болады. Ол, атап айтқанда, мемлекеттік биліктің жоғары органдарының жүйесі мен олардың бір-бірімен өзара ықпалдастығының тәртібін орнықтырды. Сонымен бір мезгілде, жоғары мемлекеттік органдардың иерархиясында үстем орынды іс жүзінде республикадағы жалқы заң шығарушы және өкілетті орган болып табылатын Жоғарғы Кеңес иеленді. Президент сол Негізгі Заң шеңберінде атқарушы биліктің біртұтас жүйесіне басшылық жасауға көшті. Өз билігінің белгілі бір конституциялық шектеулеріне қарамастан, оның қолында өзінің мемлекеттің толыққанды басшысы ретінде іс-қимыл танытуына мүмкіндік беретін мәртебе мен өкілеттілік болды. Мәселен, Президент ел Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы деп жарияланды, министрліктер мен мемлекеттік комитеттерді және басқа да ведомстволарды өз бетінше құрып, тарата алды, Қазақстан тарапынан халықаралық қатынастарда өкілеттілік етті, Қазақстан халқына Жолдаумен шығу құқын иеленді.
Қазақстандағы 1993-1995 жылдардағы саяси жағдайдың түрліше даму үдерістері мемлекеттік биліктің қос тармағы – заң шығарушы және атқарушы тармақтарының арасындағы қарама-қайшылықтардың бірте-бірте өрістеуіне алып келді. Олардың әрқайсысы елде үстем жағдайға ие болуға тырысып бақты. Оның үстіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу тәсілдері мен қарқынына қатысты айтарлықтай пікір қайшылығы көрініс берді. Осы сындарлы жағдайды еңсеру үшін 1993 жылдың қазан-желтоқсан айларында барлық деңгейдегі кеңестердің өзін өзі таратуы және 1995 жылдың наурызында республиканың Конституциялық соты заңсыз деп таныған Қазақстан Республикасының 13-ші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңесін тарату жүзеге асырылды.
1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы мемлекеттің институттық жүйесін түбегейлі өзгертті. Атап айтқанда, жаңа институттар – екі палаталы Парламент, Конституциялық Кеңес, Жоғары Сот Кеңесі енгізілді және, керісінше, Вице-президенттің лауазымы қысқартылды. Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі мен өкілеттілігі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Ол тек мемлекеттегі үстем тұлға ғана болып қоймай, сондай-ақ, биліктің барлық тармағының үстінен қарайтыны мойындалды. Конституция, сонымен қатар, Мемлекет басшысына биліктің басқа барлық институттарына өзінің ережелері мен ықпалын реттеуде қолдау көрсететін күшті тетіктерді қамтамасыз етті. Сөз ретінде, Қазақстанның басқарудың президенттік пішініне көшкен ел екені ресми нақтыланғанын айта кетейік.
Осылайша Қазақстанда президенттік институт қалыптасып, жеткілікті деңгейде орнықты сипатқа ие болды. Конституциялық және институттық реформалар жүргізумен байланысты келесі жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі мен өкілеттілігі барған сайын нығая түсті. Мәселен, 2007 жылғы мамыр айында еліміздің Негізгі Заңына өзгерістер енгізілуіне сәйкес ол заңнамалық бастама таныту құқын – Парламенттің тек төменгі палатасын ғана емес, сондай-ақ, барлық деңгейдегі мәслихаттарды тарату құқын иеленіп, саяси партияларға мүше бола алатын да болды. Соңғы жағдай Нұрсұлтан Назарбаевқа «Нұр Отан» партиясының толыққанды Төрағасы атануға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ретінде оған 2012 жылдан бастап кезекті президенттік сайлауларға мерзімсіз қатысу құқы ұсынылды. Ал 2010 жылдың маусым айында егемен Қазақстанды құру мен дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысы Ұлт Көшбасшысы деген атаққа лайық деп табылды.
Қазақстандағы президенттік институттың әрі қарайғы перспективалары, республиканың саяси жүйесін жаңа жаңғыртуларға дайындау мәселесін қоса алғанда, бірқатар факторларға байланысты болады. Осы жаңғыртулардың белгілі бір сұлбаларын Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының 2015 жылдың 11 наурызында өткен ХVI съезінде белгілеп берді. Бұл жерде әңгіме, бірінші кезекте, билік өкілеттіктерін Президенттен Парламент пен Үкіметке қайта бөлуді қарастыратын конституциялық реформаларды кезең-кезеңімен жүргізу туралы болып отыр. Әзірше, аталған реформалардың ықтимал жолдары мен нәтижелері пікірталас тақырыптары болып қалуда. Бірақ, көз көрер болашақта мемлекеттік биліктің жоғары институттары мен тұтастай алғанда, еліміздің саяси жүйесінің кескін-келбеті қалай түзілетініне қарамастан, олардың Қазақстанның әрі қарай да орнықты және дәйекті арнада дамуын қамтамасыз етулері маңызды.
Андрей ЧЕБОТАРЕВ,
Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының сарапшысы