Қоғам жұмыла еңбек етіп, бірлік пен ынтымақтың арқасында өзгеретіндігі әлімсақтан аян. Бүгінгі күні елімізде көптеген жастар ұйымдары белсенді жұмыс атқарып келеді.
Мәселен, «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанаты қоғамдық-саяси жұмыстардың көшбасшысы болып, жастардың белсенділігін арттыруға атсалысып келе жатса, «Жасыл Ел» еңбек жасақтары тазалық, көгалдандыру жұмыстарына жәрдем ете отырып, табиғатты қорғауға үлкен үлес қосуда. Ал Қазақстан Студенттер альянсы, Қазақстан Жастар конгресі студент жастардың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және тұрмыстық мәселелерін шешуде жастарды қолдау жөніндегі жобалар әзірлеп, олардың жүзеге асуына бастамашы болып отыр.
Ендеше, еліміздің ертеңіне бей-жай қарамайтын белсенді жастары Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына орай «Болашағы жарқын Мәңгілік Елдің жастары» деген атпен республикалық патриот жастар форумында бас қосты. Алматы қаласы жастар саясаты басқармасы мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өткен жастар форумына республиканың әр өңірінен 100-ден астам жастар ұйымдарының өкілдері мен Жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, #G38 ұйымы, Алматы қаласы студенттер альянсы, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жарасым» жастар канаты, «Алматы еріктілер лигасы», «Сұңқар» студенттер кәсіподағы қатысты.
– Жас келсе – іске» дейді халық. Мыңжылдық тарихы бар ару Алматының төрінде студенттердің өзін өзі басқару жұмыстарын жетілдіруге арналған ұсыныстарын талқылау үшін бас қосып отырғандарыңызға қуаныштымын! Елбасы өз Жолдауында «Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы. Сіздердің жалындаған күш-қуаттарыңыз бен алғыр ойларыңыз тың жаңалықты енгізуге мүмкіндік береді. Елбасы айтқандай, «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны». Білімдеріңіз сапалы, қабілеттеріңіз қарымды, пайым-парасаттарыңыз терең болсын! Мәңгілік Елдің көшін бастайтын да, түзейтін де, дамыған елдердің деңгейіне жеткізетін де – сіздерсіздер! – деді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева форумның ашылуында.
Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов студенттік өзін өзі басқару жүйесін дамыту бағытында ұйымдастырылып отырған басқосу ең алдымен тәжірибе алмасу үшін, атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жоспарды айқындап алу үшін қажеттігін атады.
Форумның пленарлық мәжілісі түстен кейін студенттік өзін өзі басқару органдары мен студенттік жастар ұйымдарының қызметінің тиімділігін аттыруға арналған жиынға ұласты. Топтық дискуссия түрінде өткен жиын соңында ұсыныстар мен пікірлер негізінде жастар ұйымдарының жұмысын дамытуға арналған тұжырымдама бекітілді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ