23 Сәуір, 2016

269 376 бала құқы қорғалды

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Асхат ДауылбаевБас Прокурор Асхат Дауылбаев пен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері бо­йын­ша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. А.Дауылбаев балалардың амандығын және қорғалуын қамтамасыз ету мемлекеттің негізгі ұлттық басымдықтарының бірі болып табылатынын атап көрсетті. Сондай-ақ, Бас Прокурор Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру балалардың сөзсіз қорғалуы керектігі туралы конституциялық норманы жүзеге асырудың кезекті бір қажетті қадамы болды, деді. Меморандум аясында тараптар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы көкейкесті мәселелерді қарауға, анықтауға және оларды шешу жолындағы кешенді шараларды қабылдауға бағытталған күш-жігерді біріктіруге ниетті екендіктерін білдірді. Құжаттың негізгі мақсаты іс-әрекеттің ашықтығы және тиімділігі қағидалары негізінде балалар құқықтарының кепілдігі мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, олардың бұзылған құқықтары мен бос­тандықтарын қалпына келтіру бойынша бір­лескен және келісілген әрекеттер жасау болып табылады. Атқарылған жұмыстардың тиімділігін арттыру жөніндегі ортақ ұсыныстарды жүзеге асыру үшін тараптар өзара іс-қимылдың әртүрлі формаларын пайдалануға, ақпаратпен тұрақты алмасуды жолға қоюға келісті. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын заңнаманы талдау және оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ақпаратпен тұрақты алмасу, азаматтық қоғам өкілдерімен байланысты кеңейту бағыттарында іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Бас Прокурор кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап көрсетті. 2015 жылы кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау саласында 2 278 тек­серіс жүргізілді, 91 614 заң бұзушылық анық­талды. Прокурорлық қадағалау шараларымен 8 302 адам тәртіптік, 2 707 әкімшілік, 323 материалдық жауапкершілікке тартылды, 54 қыл­мыстық құқық бұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 269376 кәмелетке тол­ма­ғандардың конституциялық құқықтары қор­ғалды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.