23 Сәуір, 2016

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия іске асырылуда

4150 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа сатысы және ең алдымен, мемлекеттің және қоғам өмірінің түрлі салаларында осы қауіптің пайда болуы себеп-салдарының алдын алу бо­йынша бағдарламалық құ­жат болып табылады. Ол мемле­кеттік билік органдарында, сон­дай-ақ,  жеке секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды әзірлеу мен жүзеге асыру кешенін көздейді, және де қазақстандық азаматтардың оған төзімсіздік көз­қарасын қалыптастырады. Жалпы, аталған Стратегияны жүзеге асыруда 2015 жылы жүр­гізілген жұ­мыстар көзделген мақ­саттарға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мәселен, жүргізілген әлеу­меттік сауалнама мемлекеттік қыз­мет көрсету сапасына тұрғын­дардың қана­ғат­танушылық деңгейі 79 пайыз екендігін көрсетті, ал мем­лекеттік басқару институттарына қоғамның сенім деңгейі, орталық мемлекеттік органдарына – 58,1 пайыз, жергілікті атқарушы органдарға 60,4 пайыз сенетіндігін көрсетті. Сонымен қатар, Transparency International сыбайлас жемқорлықты анықтау индексінде Қазақстан 126-орын­­нан 123-орынға жылжып, өз көр­сеткішін жақсартқанын көр­сетті. Мемлекеттік қызмет саласын­дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылы 18 қарашада қабылданып және 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілген жаңа заң­да қаралған. Бұл заң сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл сала­сындағы қоғамдық қатынас­тарды реттейді және Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыруға бағытталған. Осы заңмен мемлекеттің сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін үйлес­тіретін тиісті уәкілетті орган аны­қ­талды. Бұл – мемлекеттік ор­ган­дар, квазимемлекеттік сект­ор субъек­тілері, қоғамдық бірлестіктер және басқа да жеке және заңды тұлғалар болып табылады. Осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру сияқ­ты сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимылдың жаңа институттары енгізілді. Жалпыға мәлім, Мемлекет бас­шысының Жарлығымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қағидалары бекі­тілді. Сондай-ақ, оған қоса Мемле­кеттік қызмет істері минис­трі­нің бұйрықтарымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне іш­кі талдау жүргізудің үлгілік қағи­далары, сондай-ақ, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидалары бекітілді. Аталған бұл тетіктер сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Енді, осы заңға сәйкес жыл сайын Мемлекет басшысының қа­рауына сыбайлас жемқорлықтың халықаралық және ұлттық дең­гейде нақты жай-күйі мен үрдіс­терін талдау мен бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сая­сатты қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсы­ныстар барысы айтылатын Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қи­мыл туралы ұлттық баяндама енгізіледі. Сонымен қатар, осы заңға сай қызметкерлердің эти­калық нормаларды сақтау талаптары, өз қызметінде жеке мүдделер қақ­ты­ғысына жол бермеу жағы да қаралды. Мемлекеттік қызметшілердің адамгершілік қасиеттерін арттыру мақсатында Президенттің Жар­­лығымен Мемлекеттік қыз­мет­­ші­лерінің әдеп кодексі және Әдеп жөнiндегi уәкiл туралы ереже бекі­тілді. Әдеп кодексі әр­түрлі жағ­дай­лардағы мі­нез-құ­лық ба­рысын, яғни жұ­мыс ке­зін­де әріптестерімен, қара­ма­ғында­ғылармен, басшылықпен қа­рым-қатынасты орнату, жұмыс­тан бос уа­­қыттардағы мінез-құлқын анық­тайды. Жаңа кодекс мемлекеттік қыз­мет­шінің күнделікті өмірін жан-жақты қамтыған тәжірибелік анық­тамалығы ретінде және мери­ток­ратияны қорғау мен сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу тетігі болды. Ал Әдеп жөніндегі уәкілдердің құзыретіне мемлекеттік қыз­мет­шілерге мемлекеттік қызмет, сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл саласындағы заңнамаларды сақ­тау бойынша консультациялық көмек көрсету, Әдеп кодексінің нор­маларын тәжірибеде қолдану мәселелерін түсіндіру және құ­қық бұзушылықтарды жасауға итер­­мелейтін себептер мен шарттарды талдау және оның қоры­тындысымен мемлекеттік орган­ның басшылығына оларды жою туралы ұсынымдар енгізу кіреді. Қоғамдық бақылау институтын енгізу мақсатында «Қоғамдық кеңестер туралы» заң дайындалып, 2015 жылғы 2 қарашада қабылданды. Ол халық алдында есеп бере­тін мемлекет қалыптастыру, бар­лық деңгейдегі мемлекеттік орган­дардың шешімдер қабыл­дауына азаматтардың және қо­ғамның ке­ңінен қатысуын қамта­масыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды. Қоғамдық кеңестердің негізгі мақсаты, азаматтық қоғамның қо­ғамдық маңызды мәселелері бо­йынша пікірін білдіру болып табылады. Олар екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылады. Қоғамдық кеңестер автономды және дербес болып табылады. Бұл ретте, қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдар өкілдерінен құрылған жұмыс тобынан және конкурстық негізде қалыптастырылады. Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар мен жекелеген адам­дар да өзін-өзі ұсынуы мүм­кін. Қоғамдық кеңестердің ұсы­ным­­дары мемлекеттік орган­дар­­дың қарауы үшін міндетті болып табылады. Міне, осылайша, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын, мемлекеттік органдардың шешімдерін сараптайтын және алқалы органдардың жұмысына азаматтардың қаты­суына қатысты мәселелері бойынша қоғамдық тыңдауды жүргізуге құқықтық негіз құрылды. Бұл орайда, сондай-ақ, 2015 жылғы 16 қарашада «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң қабылданды. Осы заңмен қол жеткізілуі шектелуге жатпайтын мәліметтердің тізбесі кеңейтілді. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі, сани­тарлық-эпидемиологиялық және ра­диациялық жағдай туралы; тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы; азаматтардың қауіпсіздігі мен ден­саулығына қатер төндіретін тө­тенше жағдайлар мен апаттар және олардың салдары туралы; сондай-ақ дүлей зілзалалар, олардың ресми болжамдары мен салдары туралы; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактілері туралы; терроризм актілерін жасау фактілері туралы және басқа да мәліметтер. Сонымен қатар, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгі­зілді. Осылайша, ақпаратты беруд­е­­­н құқыққа қайшы бас тарт­қан не кө­рінеу жалған ақпарат бе­ріл­ген жағдайда, әкімшілік жау­ап­­кер­шілікке тартылады. Мұндай жауапкершілік мемле­кеттік қызметкерлерге және де ішін­ара бюджеттен қаржы­лан­ды­­рылатын азаматтардың қызы­ғушы­лығын тудыратын ақпарат­тарды иеленуші кәсіпкерлік субъек­тілеріне қолданылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл туралы» заң бо­йынша алғашқы рет сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес шаралары жеке секторға да таратылады. Заңға сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілері өздерінің қызметі саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар бекітеді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізеді. Сот және құқық қорғау ор­ган­дарындағы сыбайлас жем­қор­лықтың алдын алу мақсатында судьяларға қойылатын талаптарды күшейту үшін заңнамалық шаралар қабылданды. Олардың қатарына: судья болуға кандидаттарды дайындау және іріктеу; жоғары судьялық лауазымдарына кадрлық резервті қалыптастыру және олармен жұмыс жасау; судьялардың қызметі мен жауапкершілігін бағалау және т.б. жатады. Мәселен, 2015 жылдың желтоқ­санында судья лауазымына білік­тілік талаптары мен кандидаттарды іріктеу тетіктері күшейтілді. Атап айтқанда, Ұлт Жоспарының 18-қадамын іске асыру аясында Жоғарғы Сот жанындағы Сот тө­релігі академиясы құрылды. Ал 2015 жылғы 29 қазанда персоналды іріктеу ресімдерінде меритократия, ашықтық және әділдік қағидатын қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарының кадр саясатында жаңа әдістемелер енгізілді. Осылайша, жоғары лауазымға жылжыту, кадр резервін қалыптас­тыру, қызметкерлерді аттестат­тау және аудару кезінде әрбiр кан­дидат заңнаманы білу сына­ғы­нан, психометриялық және поли­графиялық зерттеуден, сұхбат­тасу­дан өтеді, ситуациялық есептерді шешеді, физикалық нормативтерін тапсырады. Сөйтіп, осы кезеңдердің қорытындысымен әрбір қызмет­кердің  және қызметке кәсіби бейімі, бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіштері анықталады. Бұл тиісті нормативтік-құқықтық актілер әрбір құқық қорғау органында қабылданған және қолданысқа енгізілген. Жалпы, ақпараттық-насихаттау қызметін ұйымдастыру үшін Мемле­кеттік қызмет істері министрлігімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тү­сін­діру және қоғамда сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бекітілді. Оны орындау аясында БАҚ-та белсенді ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мысалы, мемлекеттік қызметті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жетілдіру, кәсіби мемлекеттік аппарат құру туралы Президент тапсырмаларын орындауға қатысты түсіндірмелер беріліп, аталған тақырып бойынша 20-дан астам спи­кердің баяндамалары жарияланды. 2015 жылы қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттыруға бағытталған ұлттық және аймақтық телеарналарда 3369 бейнесюжеттер көрсетілді, радио арқылы 4840 ақпараттық хабарламалар таратылды. Баспа БАҚ-та 6135 мақала жарияланған, интернет кеңістігінде және әлеуметтік желілерде, сондай-ақ ақпараттық агенттіктердің сайттарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптар бойынша 8549 ма­­қалалар мен жазбалар орналас­тырылған. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Бас прокуратура, Жо­ғарғы Сот, Әділет министрлігі се­кілді мемлекеттік органдармен бел­сенді түрде жүргізілуде. 2015 жылы азаматтардың сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзімсіздігін қалыптастыруға ба­ғыт­талған мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын түсіндіру бойын­ша деректі, көркем фильмдер, әлеу­меттік аудио-бейнероликтерді тү­сіру және тарату үшін іс-шаралар қабылданды. Мә­селен, 2015 жылғы желтоқсанда Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдар­ламасымен бірлесіп қазіргі кезеңдегі мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын ашатын бейнедәрісті түсіру аяқталды. Еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін бейнедәріс «Адалдық алаңы» (adaldyk.kz) веб-сайтында орналастырылған. Сон­дай-ақ, теледидарда және де ХҚКО, қоғамдық көлік және сау­да орталықтарындағы мониторларда сыбайлас жемқорлыққа қар­сы мәдениетті қалыптастыруға ба­ғытталған бейнероликтер дайындалды және таратылды. Сондай-ақ, біздің елде сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін анықтау бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізіліп тұрады. Бұл зерт­теудің  мақсаты – мемлекеттік ор­ган­дардағы сыбайлас жемқорлық жағдайы туралы қоғамдық пікірді сипаттайтын сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін анықтау, оның ішінде қоғамдық санада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін анықтау және  сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін ең тиімді шараларды анықтау  болып табылады. Әлеуметтік зерттеудің нәтижелері мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге жеке үлесі бойынша 43,7 пайыз, сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойын­ша онымен бетпе-бет кездескен жағдайда қандай да бір белсенді іс-қимыл жасауға 47,2 пайыз азамат дайын екендігін білдірді. Бүгінде Қазақстанмен сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­­мыл саласының негізін қалау­шы халықаралық құжат ратифи­ка­цияланған. Ол БҰҰ Сы­байлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласы бойынша 18 екі­жақты халықаралық келісім (Фран­ция (2), ҚХР, Испания, Эсто­ния, БАӘ, Италия, Латвия, Түр­кия және т.б. сияқты елдермен ке­лісім­ге отырған, олардың рет­тейтін та­қырыбы қылмыстың бар­лық түрімен күрес болып табылатын) қолданыста бар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері минис­трлігі  БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЭЫДҰ жә­не Еуропа кеңесімен  сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл  мәсе­­лелері бойынша тығыз қарым-қатынаста. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволар қауымдастығының  (IACCA, Пекин қаласы), Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін ЭЫДҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы торабының (ЭЫДҰ СЖҚТ), Азия елдері және Тұнық мұхит Азиялық Даму банкі және ЭЫДҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы бас­тамашылықтардың (АДБ/ЭЫДҰ, Манила қаласы), Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы акаде­мияның (ХСЖҚА, Люксен­бург қаласы) және ТМД Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекетаралық кеңестің (СЖҚМК, Минск қаласы) мүшесі болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекетаралық кеңесті құру келісім шеңберінде Астана қаласында 2015 жылдың 18-19 қарашасында Кеңестің кезек­ті отырысы өтті, онда 2016 жыл­ғы төрағалық Қазақстанға берілді. Мемлекетаралық кеңестің отыры­сының қорытындылары шетелдік БАҚ-та жарияланды. Мәселен, 2015 жылы Newsweek британ журналында Қазақстан туралы арнайы басылым әзірленді, оның аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметі туралы сұхбат жарияланды. Қазақстандық делегациялардың шетелге сапары аясында (АҚШ, Канада, Германия, Швейцария) сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тұ­саукесерлер, талқылаулар, келіс­сөздер өткізілді, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл деңгейін бағалайтын және рейтинг беруді жүзеге асыратын халықаралық ұйымдарға тиісті ақпарат ұсынылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері минис­трлігі