Әлем-жәлем әлем
Швецияда тұратын бір бойжеткен нағыз нәзік қыпшабел болып шығу үшін жалпы көлемі 40 сантиметрге жететін алты қабырғасын алдыртып тастады.
Сән қуудың соңына түскен Пикси Фокс сұлу осы операция үшін дәрігерлерге 120 мың доллар ақша төлеген. Ол қазір хирургиялық отадан кейін күн сайын белін қысып ұстайтын корсет тағып жүретінін, мұны тек душта жуынған және фитнес жаттығуы кездерінде шешіп қоятынын айтқан.
Телеэкран алдында – тоқтаусыз 94 сағат
Американың Бруклин қаласының тұрғыны Алехандро Фрагосо өзі қызықтайтын телесериалды көру үшін телевизордың алдында тапжылмастан 94 сағат отырған.
Осы арқылы мұхиттың арғы жағалауындағы елдің азаматы есімін Гиннестің рекордтар кітабына енгізді. Ол өзінің табысына Жерорта теңізі диетасы мен технологиясы көмектескенін айтты. Бұлар оның 4 тәулік ұйқысыз отыру мен қандағы қант деңгейінің қалыпты тұруына мүмкіндік берген. Сондай-ақ, осы тәжірибе жасау кезінде ер кісінің жанында дәрігерлер болып тұрған.
Күйеу керек болса, қай қиырға да бар
Американың 18 жасар бойжеткені Ресейдің Солтүстік Осетия республикасында тұратын 19 жастағы жігітке тұрмысқа шығу үшін АҚШ азаматтығынан шығуға өтініш берді.
Моздок ауданының тұрғыны Алан Хачиров пен пенсильваниялық Обри Мишель Аллен бір-бірлерімен бұдан бір жыл бұрын Интернет арқылы танысыпты. Кейін қыз Осетияға өзі келген. Олар кездесіп, жүздескеннен кейін үйленуге шешім қабылдаған. Осы үшін Обри АҚШ азаматтығынан бас тартатыны туралы арыз жазған. Бірақ Осетия соты қыздың республикада болуы заңсыз деп тауып, оны елден шығару жөнінде шешім қабылдап қойыпты.
Сегіз жасар балаға – өзгеше «сыйлық»
Американың Флорида штатындағы Тампа қаласында тұратын әйел өзінің 8 жасқа толған ұлына сый ретінде жалаңаш қыздың биін ұсынған.
Туған күнін үйінде тойлап жатқан балақай үстел үстінде стриптизер бойжеткеннің өнерін тамашалаған. Ал оның жанындағы балалар бұған ішектері түйілгенше күліп отырған. Әлеуметтік желіде көрсетілген бұл сауықты жасаушыны қазір полиция іздестіріп жатыр.
Жұмыстағы сыра ішетін стажерлер
Американың Флорида штатындағы World of Beer сыра зауыты жұмысы тек сыра ішу болып қана табылатын стажерлерді қабылдайтынын жариялады.
Компания үміткерлер арасынан тек үш адамды ғана тұрақты жұмысқа алады. Олар жазда өтетін сыра фестивальдеріне, сыра барлары мен сыра қайнататын орындарға барып, солардағы өнімдерге баға беретін болады. Осы үшін олардың әрбірі айына 12 мың доллар ақы алады. Бұған қоса, олардың барлық жол шығындары төленеді.
Екі әйел бес полицейді ұрып жыққан
Әзербайжан астанасы – Баку қаласында күлкілі де күйінішті оқиға орын алды: нәзік жандармен қақтығысып қалған полицейлер ақырында зәбір көрушілер болып шыға келді.
Алдымен тәртіп сақшылары бір нысан бойынша болып жатқан таластың жайын анықтауға аттанады. Сөйтсе, бір үйде тұратын екі отбасы бір көлік жуу бекетіне таласып қалған екен. Бірақ өздерінің шақырулары бойынша келген аудан полицейлеріне дауласушылардың екінші жағы тап береді. Анасы мен қызы сол бойда бес полицейді де ұрып жығады.
Мұрттың жартысын қалдырды
Ресейдің Магнитогорск қаласының «Металлург» хоккей клубының Илья Воробьев бастаған жаттықтырушылар тобы көшеге мұрттарының жартысын қырып, жартысын қалдырып шықты.
Мәселе мынада, олар өз шәкірттеріне егер Гагарин Кубогын екінші рет жеңіп алатын болса, тап осылай жұрт көзіне көрінуге уәде берген еді. Ал команда Мәскеудің ЦСКА жасағына қарсы соңғы ойында 3:1 есебімен жеңіп шықты. Олар плей-офф кезінде нашар ырым ретінде бірде-бір рет қырынбаған екен.
Ақпарат агенттіктерінің материалдары бойынша дайындалды