22 Қаңтар, 2011

Оңтүстік Корея келіссөзге келісім берді

519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Оңтүстік Корея басшылығы Корея Ха­лық-Демократиялық Республикасына екі елдің қорғаныс министрлері деңгейінде ке­ліссөз жүргізуді бастау туралы ұсыныс білдірді. Өз кезегінде Солтүстік Корея тарабы да екі жақтың өмірін уландырған өткір проблемалардың тігісін жатқызуға дайын екенін мәлімдеді. 12 қаңтарда Сеул Пхеньянмен Қызыл крест және тікелей телефон арқылы байланысты жандандыруға келіскен еді. Ал екі Корея арасындағы байланыс 2010 жылдың мамырында Сары теңізде Оңтүстік Кореяның әскери кораблі суға батып кеткеннен кейін тоқтатылған болатын. Сеул бұған Пхеньянді кінәлаған еді. Мұның соңы қыстың басында екі жақты атысқа ұласқаны тағы мәлім. ОБАМА ЕКІНШІ МЕРЗІМГЕ ЕСІК ҚАҚПАҚ АҚШ президенті Барак Обама 2012 жы­лы екінші мерзімге сайлануға ниетті екенін білдіріп қалған сыңайлы. Қазіргі прези­дент­тің мұндай жоспарларымен Ақ үйдің басп­а­сөз хатшысы Роберт Гиббс бөлісіп отыр. Сарапшылар демократтардан кандидат Обаманың қайта сайла­ну­ға басты уәждері денсаулық сақтау саласындағы реформаны ая­ғына дейін жеткізу, ел әскерлерін Ирактан шығару, АҚШ-тың әске­ри миссиясын Ауғанстанда жалғастыру, сондай-ақ Обама әкім­шілігінің әлемдік қаржы дағдарысы кезіндегі ұтымды іс-әрекеттері болмақ деп санайды. РЕСЕЙЛІК ЗЕЙНЕТКЕРДІ САТҚЫН ДЕП ТАПТЫ Жақында Өзбекстанда 63 жастағы ресейлік зейнеткер Юрий Корепанов соттал­ған көрінеді. Ол Ташкентте тұратын ұлы­ның үйіне қонаққа келсе керек. Ал жергілікті билік Ресей азаматын «отанына сатқындық жасады» деп айыптаған. Атап көрсететін жәйт – Свердлов облысының тумасы Ю.Корепанов КСРО уақытында Өзбекстанда әскери қызмет атқарып, осы елде 40 жыл тұрған. 2003 жылы Ресей азаматтығын алып, тарихи отанына қайта оралған. Өзбекстан билігі Ю.Корепановқа отанын сатты дегенде оны өз азаматы санайтындай. Және бір атап өтерлігі – сот жабық есік жағдайында өткендіктен, ресейлік зейнеткерге нақты қандай кінә тағылғаны беймәлім. «БОСТАНДЫҚ ФЛОТИЛИЯСЫН» ҚАРАЛАП ОТЫР Израиль Газа секторына жүк жеткізбекші бол­ған «бостандық флотилиясын» ша­бу­ыл­да­ғанда халықаралық құқық нор­ма­ла­рын бұз­ған жоқ. Мұндай кесімді шешімді осы оқи­ға­ны тексерген израильдік комиссия шығарып отыр. 2010 жылғы мамыр айының соңында аталған флотилияны басып алу барысында 9 түрік азаматы өлтірілгені белгілі. Оқиғаны халық­ара­лық қоғамдастықтың жан-жақты жазғырғаны да жасырын емес. Бірақ жергілікті комиссия өзіміздікі дұрыс деп халықаралық қоғам­дас­тыққа жар салғанда, жараның беті ашылмаса, жазыла қояр ма екен?! ИРАКТА ТЫНЫШ ӨМІР ОРНАМАЙ ТҰР Ирактың Кербела қаласындағы қосар­лан­ған лаңкестік салдарынан кем дегенде 45 адам қаза тапты. Кербела провинциясы заң шығару жиналысының спикері Мұ­хам­мед Хамид әл-Мұсауи терроршы­лар­дың қаланың қарсы беттеріндегі көше­лер­де екі автомобильді жарғанын хабарлады. Лаңкестік шииттердің имамы Хусейннің қаза болған күніне 40 күн толуына орайластырып жасалған. Ол VII ғасырда сүнниттер, яғни шииттердің жауларының қолынан опат болған көрінеді. Жыл сайын осы уақытта шииттер үшін қасиетті қала саналатын Кербелаға Ирак пен өзге де елдерден жүздеген мың тағзым етушілер жиналады екен. ЕУРОПАРЛАМЕНТ САНКЦИЯ ЕНГІЗУГЕ ШАҚЫРДЫ Еуропарламент Беларусь билігіне қар­сы шұғыл түрде санкция енгізу туралы қарар қабылдады. Атап айтқанда, депутаттар Беларусь басшылығына, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызмет­кер­лері мен судьяларға Еуропа визасын беруге тыйым салуды және елге қаржылай көмек көрсетуді тоқтатуды ұсынып отыр. Еуропарламент өкілдерінің пікірінше, бұған Беларусь оппо­зициясын қуғындау себеп болып табылады. Ал санкция енгізілген жағдайда тұтқында отырған оппозиционерлер түгел босатылғанша күшінде болуы тиіс. Жалпы, президенттік сайлау нәтижесіне наразылық білдіріп, өткен жылдың 19 желтоқсанында тұтқын­далғандардың көпшілігі бостандыққа шығарылған болатын. Бүгінде қамауда 30 адам қалып отыр. ҒАСЫР ҰРЛЫҒЫН ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ҰСТАЛДЫ Франция полициясы 67 жастағы Жак Кассандриді тұт­қынға алды. Ол осыдан 30 жыл бұрын Ницце қаласындағы So­ciete Generale банкін тонауды ұйымдастырды деп айып­та­луда. 1976 жылдың 18 шілдесінде жасалған қылмыс күні бүгінге дейін нақты ашылмаған еді. Оңай жолмен ақша таппақ болған топ Ниццедегі аса ірі банк­тердің бірінің астын үңгіп қазып, діттеген мақсаттарына қол жеткізген еді. Ал ұрлықтың өзі әбден бүге-шігесіне дейін жос­пар­ланғаны анық-тын. Сөйтіп, баукеспелердің «олжасы» 50 миллион франкті (қазіргі экономикалық жағдайда 30 миллион еуро ша­масында) құраған еді. Қысқа қайырып айтқанда Ресей Президенті Дмитрий Медведев тәуелсіз Палестина мемлекетін 1967 жылғы шекара негізінде белгілеп құру жөн болады деген көзқарас білдірді. Рим Папасы Бенедикт XVI-ның он сегіз тілге аударылған сұхбаттарының жинағы католиктер көп қоныстанған елдерде миллион данамен тарап, сатылды. Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Луж­ков­қа Латвияда тұруға рұқсат берілмеді. Осылай болуы ық­тимал екені, оның себебі бұған дейін жазылған болатын. Нью-Йоркте Федералдық тергеу бюросы мен полицияның бірлескен арнайы операциясы нәтижесінде мафиозды топтар­дың 100-ден астам мүшесі тұтқындалған. Израиль президенті Шимон Перестің зайыбы Соня Перес көз жұмды. Ол 87 жаста екен. Соня Перес (қыз кезіндегі тегі Гельман) 1923 жылы Украинада туған көрінеді. Интернет материалдары негізінде әзірленді.