Облыстық филармонияда Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің күй атасы Құрманғазының шәкірті, Қазақ КСР-нің халық әртісі, күйші Дина Нұрпейісованың 155 жылдығына арналған «Әсем қоңыр» атты концерті болып өтті.
Дина жастайынан Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлкей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің күйін нәшіне келтіре тартып, өзі туған аймаққа «домбырашы қыз» деген атпен танылған. Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келеді. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген. Осыдан кейін Динадан көз жазбай, үнемі айналып соғып, додалы күй тартыстарына ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйретеді.
Күйшінің шығармашылығын ғалымдар екі кезеңге бөліп қарайды. Біріншісі, революцияға дейінгі, екіншісі кеңестік заманды қамтиды. Көкшетаудағы концерт осы екі кезеңді де толық тербетіп, көрермен жүрегіне қондыра білді.
Тұрлықожа Базаров пен Руслан Қойшыбаевтың дирижерлігімен Динаның «Әсем қоңыр», «Өттің дәурен», «Партия», «Он алтыншы жыл» сияқты күйлері оркестрмен шертілсе, «Мереке» күйін көрермендер Азамат Айқышевтың жеке орындауында тыңдады. Сондай-ақ, «Жеңіс» күйін Алмас Омаров, «Жігерді» Құрмет Сейіт, «Домалатпайды» Әсел Бейсембина, «Байжұманы» Қайырбек Қарабаев үлкен шеберлікпен орындап шықты.
Сонымен қатар, Құрманғазы Сағырбайұлының, Нұрғиса Тілендиевтің, Айтқали Жайымовтың, Нұрлан Бекенов пен Берік Оразалиннің шығармалары Көкше төрінде әсем нақышпен қалықтады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы