23 Сәуір, 2016

Әлихан әлемі

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ұлттық мұрағат ғимаратыТаяуда Астанадағы Ұлттық мұрағат ғимаратында ЮНЕСКО белгілеген мерекелік іс-шаралар аясында «Алашорда» қазақ ұлттық үкіметінің көшбасшысы және төрағасы, I Мемлекеттік Думаның депутаты, түркі халықтарының ардақты ұлы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан – Алаш көсемі» атты дөңгелек үстел және көрнекті саяс­и қайраткердің мерейтойы құрметіне белгілі қазақстандық суретші Е.Айтуаровтың «Тәуелсіздік үшін күрескен Әлихан» картинасының тұсаукесері өткізілді. Шара мақсаты – XX ғасыр басын­дағы қазақ интеллиген­ция­сының көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын насихаттай отырып, Қазақстанның тер­риториялық тұтастығын қор­ғап қалған қазақ елінің даңқты ұлының тағдырына қатысты жайттардан құлағдар ету. Дөңгелек үстелді Ұлттық мұрағат директоры Марат Әбсеметов ашты. Содан соң Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұрт­бай, Мемлекеттік тарих инс­титутының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған, т.б. алыс-жақын шетел тарихшы-ғалымдары мен мұрағатшылар қауымы қатысып, есімі исі түрікке мәшһүр болған ар­дақты Алаш ұлының өмірінен тың деректер келтірді. Тақырып төңірегінде Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси және ғылыми қызметі жайында еркін пікір алмасулар болып, құжаттық көрмеден тың дүниелер таныстырылды. Онда «Алашорда» партиясы көш­басшысының құжаттары (білім аттестаты, тұтқындалушының анкетасы, тергеу хаттамалары, фото және бейнеқұжаттар және т.б.), Ә.Бөкейхан мен «Алаш» саяси партиясы қозғалысына қатысты жа­зылған қазақстандық жазушылар мен ғалымдардың еңбектері көп­шілік назарына ұсынылды. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»