22 Қаңтар, 2011

Әжелер-ай!..

1827 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
– Осы неге ғұлама, ұлы ой­шыл­дардың арасында нәзік жан­ды­лар жоқ? – деді бірде құрбым. Сол сәт бұл сөз кейбір адам­ның көңіл түкпірінде де жатуы әбден мүмкін ғой деген ой келді. Бірақ, барлығымыз бағаламай қой­майтын бір шындық бар. Ол – аналардың барлық тәрбиенің, бар­лық құндылықтың бастауын­да тұ­ратындығы. Әрине, ежелден қазақ халқының нәзік жан­дылары таққа отырып, ел бас­қар­маған, ерден бұ­рын сөз бас­тамаған. Алайда, аналар рөлінің қандайлық дең­гейде болғанына тарих куә. Қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс тез­ге салуда, жеткіншіктерді жас­­тай­ы­нан адами келбет ауанынан алыс­татпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жау­лықты «әжелер мектебінің» алар орны қашан да бір төбе бол­ған ғой. Себебі, әжелер өнегесі – ұр­пақ­тан ұр­паққа ұласып, ғасыр­дан ғасырға жалғасатын тәрбие­нің тау­сылмас қайнар көзі. Бұл – ұлттық бол­мы­сымызға тән қа­сиет әрі құндылық. «Ел болам десең, бесігіңді тү­зе», – дейді Мұхтар Әуезов. Ал бұл сөздің өз мәнінде жүзеге асуы­ның түп негізін әжелер өнегесінен алып қарауымыз да заңды секілді. Бұл ұлағатты сөз кез-келген адам­ды, ең алдымен өз елінің салт-дәстүріне деген жанашырлыққа, ұлттың ұлы мұ­ратына деген адал­дыққа, Отанға деген шынайы та­залыққа үйре­тері һәм имани нұр­ға жетелері хақ. Осыдан-ақ, әже­лер мектебі – бұл ұғымды бойға тереңнен сіңіретін бірден бір жол десек, еш қателеспеспіз. Бесік басындағы әжелер әл­диі­нен басталған тәрбие сол ұр­пақ бо­лашағының бұлыңғырсыз болуы­на да алтын арқау болмай қоймаған. Бесіктен тамыр тартқан тәр­бие келе-келе әже мен немере ара­сындағы көзге көрінбейтін нәзік бір байланысқа, екеуі жазбай тү­сінетін ортақ психоло­гия­ның қа­лып­тасуына алып келген. Обал, са­уап, ынсап, парыз, аманат, бо­рыш, қанағат секілді ұғ­ымдар ма­ңы­зының айқындалып, бала сана­сына тереңнен сіңуіне де әже ық­палының айрықша бол­ғаны да айдан анық. Яғни, әрбір отбасын­да­ғы әже тұлғасы – ұлы өнеге бұлағы. Қазақ қоғамының сүт бетіндегі қаймағындай болған азамат­тары­ның, тарих парағына есімі өш­пес­тей етіп қашалған тұлға­лар­дың қа­лыптасуында да әже­лердің сіңірген еңбегі зор болған ғой. Мұхтардың әжесі Дінәсіл­дің ұрпағына берген тәлім-тәр­биесі мен рухани мұрасы тау­сыл­мас қазына емес пе еді? Ал қазақ халқының маң­да­йы­на біткен асыл ұлдарының бірі Шо­қан Уәлихановтың аза­мат­тық бол­мысының өз тұстас­тарының ара­сынан дараланып шығуына, ішкі күш-қуаты мен асқақ рухының ерте жетілуіне, көкірек көзінің ашық болуына оның әжесі – Айғаным­ның берген тәрбиесі айрықша әсер еткен ғой. Айғаным әженің өне­гесін моншақтай етіп тізіп беретін небір мысалдар жетерлік. М. Әуезовтың Абай жолында суреттелетін: « – Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыдан кім өткен?», – деп басталатын Абай әжесі – Зеренің ұлағатты әң­гімелерінің бір өзі неге тұрады?! Сол «Абай жолының» «Қайт­қанда» дейтін тарауында: «Абай биыл ғана анық бағалады. Бұ­ның әжесі бір түрлі шебер әңгі­меші екен. Қызық сөйлейді. Әң­гіме­сі­нің барлық жерін дәмді ғып, қы­зықтырып айтады. ...Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-Жайық», «Жұпар қо­рығы», «Құла мерген» – бәрі де ай­тылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды. Бертін келе, тәуір болып алған соң, әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел іш­ін­де Зеренің жасынан бергі көр­­гені, естігені жайындағы әңгі­ме­лер. Ел мен елдің шабысы, та­ласы жайында бірталай күндер айтты. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын Най­ман­ның осы елге, осы ауылға шап­қанын, сонда Бостанбек деген өзінің асыран­ды баласы өлгенін және Найман қолынан осы ауылға тұтқынға түсіп, жыл жарымдай кісенде жатқан Қожам­берді деген ақын жайын айтады. Соның көп өле­ңін шұбыртады. Бас­қа да «Қа­ра­шор шапқан» си­яқты шабысты, жортуылды айта­ды. Тағы бір күн­дер Мамыр, Ең­лік­тей қыз­дар­дың қайғыларын да айтып берді. Абай қажымай, жа­лық­пай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын. Зере ел шабысын әңгіме еткен­де, сол істердің бәрін ел ба­сына әлек салған, ұлардай шу­лат­қан кесел күндей айтатын. Кіш­кентай күнінен ертек-әңгі­мені көп сүйе­тін бала осы жазда, тіпті көп есітіп, көп біліп ал­ған сияқты», – деп келетін жолдар бар ғой. Бұл бала Абайдың дана Абайға ай­налуына әсер еткен детальдардың бірегейі десек те болады.. Осы детальдың өзі-ақ, «Әже» тұлға­сы­ның қоғам­да­ғы рөлін айшықтап, жеріне жеткізе бейнелеп тұр. Тек қазақтың ғана емес, бас­қа да халықтардың тарихта аты қал­ған тұлғалары бойындағы бар құн­ды­лықтың ана-әжеле­рі­нің ақ сүті­нен дарығандығы жә­не оны со­лар­дың өзі мойындап кеткені – шындық. Әжелер өнегесі мен олардың тәлім-тәрбие ұрығын себуші, ұлт­тық салт-дәстүрді кейінгі ұр­паққа аманаттаушы ретіндегі еш­кім қай­талай қоймайтын, алмастыра ал­май­тын бейнесі XVI-XVIII ғасыр­ларда-ақ, айқындалып қойған емес пе еді?! Дана әжелердің қоғамдағы орны – XX ғасырдағы қазақ про­засында анық көрініс табуына да елеулі әсер еткен. Бұл мысал­дар­дың барлығы – ақ жаулықты жан­дардың ұлағатын айна-қатесіз көр­сетеді. Де­мек, ұр­пағын жаза басудан сақ­тан­дырып, қайта өнеге­сі­мен өрісін кеңейткен әжелер бол­ған. Бола да береді. Десек те, дүние ғаламдасу ке­ңіс­тігіне қарай ойысып, жан-дү­ние­міз батыстан жеткен «сырт­қы күштер­мен» жадыланып бара жат­қан мына заманда біз осы бір рухани құн­ды­лықтан ажырап, яғни, әжелер салған ізгі жолдан жа­ңыл­масақ екен дейміз. Бұл ең әуелі, бүгінгі жас бала, ер­теңгі ел тұтқасын ұстар азамат бой­ындағы ең ізгі құндылық­тар­ды дөп басып тауып, оны нұр­лан­дыра түсудің әдемі бір үлгісі. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.