Esentai Tower ғимаратына бір сағатта өрмелеп шықты
Сенбі күні Есентай өзенінің бойына салынған Алматыдағы ең биік Esentai Tower ғимаратының айналасына халық өте көп жиналды. Үш күн бұрын ғана журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген – әлемге «Өрмекші адам» атымен жақсы таныс, есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген француз Ален Робер халықтың көз алдында шыныдан құйылған биіктігі 168 метр болатын ғимаратқа өрмелеп шығатыны туралы жария еткен...
Сондықтан да шығар, бәлкім, өзіне қанша сенімді болғанына қарамастан 53 жастағы француз спортшысы Алматыда альпинистік құралдарды пайдаланды. Атап айтқанда, ол өрмелейтін жолаққа Аленнің қауіпсіздігі үшін жерден үйдің төбесіне дейін темір арқан тартылды.
Ал Ален Робер болса, қауіпсіздік белдеуін алғашында көз қырын да салмастан, жоғары қарай өрмелей жөнелді. Мыңдаған алматылықтар мен қала қонақтарының көз алдында бір сағаттың ішінде, ара-арасында тыныстап алып, тіпті, көз ұшындағы көрермендермен қайта-қайта селфи жасай отырып, діттегін жеріне жетті.
Ален Робер алдағы уақытта Қытай, Ұлыбритания және Франция мемлекеттеріндегі ең биік ғимаратты бағындырмақ ойда. Бұған дейін ол дүниежүзі елдеріндегі барлығы 70-ке жуық биік ғимаратқа өрмелеп шыққан. Олардың ішінде IBM бас ғимараты, Hilton, Framatome, Куала-Лумпурдағы Петронас мұнарасы, Барселонадағы Торре агбар, Мəскеудегі ММУ ғимараты бар. Ал Дубайдағы 828 метрлік «Бурдж Халифа» ғимаратына Ален 6 сағатта шыққан.
Айта кетейік, ол шыны қабырғамен қазіргі заманда әлемге аса танымал болған қытайлық Huawei ақпараттық-коммуникациялық технологияға бейімделген компаниясының спорттық киімін киіп алып өрмеледі. Компания туын ғимараттың төбесіне желбіретіп тігіп кетті...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ