Мырзакәрім АЛШЫНБАЕВ:
«Ерлер денсаулығы» атты бағдарламамыз әлемдік брендке айналды
Тәуелсіздікпен түйдей құрдас, егемендігіміздің елең-алаңында негізі қаланған Алматыдағы академик Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы биыл өзінің 25 жылдығын атап өтпек. Қазіргі таңда аталмыш емдеу мекемесін инновациялық медициналық технологиялармен жабдықталған, әлемнің жетекші урологиялық мекемелерімен терезесі теңескен деп айтуға бола ма? 25 жылда 30 ғылым докторын, 95 ғылым кандидатын даярлап шығарған институт ендігі жерде дүниежүзілік дәрежеге көтерілді ме? Біз бұл жөнінде «Академик Б.О.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» АҚ президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мырзакәрім АЛШЫНБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Мырзакәрім Кәрімұлы, «Академик Б.О.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» ғылыми-зерттеу институты ретінде алғаш құрылғанда «жалғыз доктор институты» деп аталған екен?
– Егер тәуелсіздігіміз болмаса, мына біздің институттың жағдайы қазір мүлде басқаша болар еді. Бұрынғыдай тек жоғары жаққа жалтақтап, Мәскеудің аузына қарап отырмай, Қазақстанда дербес урологиялық ғылыми-зерттеу институтын құрдық.
Бірақ, институтта сол кезде Қазақстандағы урология саласындағы жалғыз медицина ғылымдарының докторы, профессор Б.Жарбосыновтың өзі ғана болды. Бастапқыда: «Жалғыз ғылым докторы бар институт қалай жұмыс істейді?» деп жұрттың бәрі таңданғаны да, жұмыс істеп кететініне күмәнданғаны да рас.
Біздің орталық тақыр жерден құрылған жоқ, негізі болды. Республикалық урология және оперативті нефрология орталығының базасында жасақталды. 1991 жылдың сәуірінде іске кірісті. Содан бері институтта үлкен өзгерістер болып, іргелі бағдарламалар іске асты. Оның кешегісі мен бүгінгісін салыстыруға болмайды.
Тіпті, бізден аттестациядан өткен мамандар медициналық университеттің кафедраларында, қалалық және облыстық ауруханаларда үлкен жетістіктерге жетіп, кейбірі медициналық ұжымдарды басқарып, ал енді бірқатары Канада, Германия, АҚШ, Грекия, Болгария, Израиль, Ресей, Украина сияқты елдердегі медициналық ұйымдарда қызмет атқарып жүр.
Қысқасы, біз Қазақстан үшін ғана емес, дүниежүзіне де жетекші урологтар дайындадық деген сөз. Осының бәрі біріншіден, тәуелсіздік жылдарында жүзеге асты. Екіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық кезде денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша көңіл бөліп, көмек көрсетті.
Қазір бір ғана біздің ғылыми орталықтың өзінде 7-8 миллион доллардың медициналық аппараттары тұр. Бүгінгі таңда әлемде қандай озық медициналық технологиялар болса, соның бәрі осында бар. Лапроскопиялық, эндоскопиялық, әлемдік брендтегі құрал-жабдықтардың бәріне қол жеткіздік.
Ал енді осы ұжымның негізін қалаған академик Б.Жарбосыновтың қазір ғылыми орталықта мүсіні бар және оның атындағы мұражай жұмыс істейді.
– Өзіңіз басқарып отырған мекеме – ғылыми орталық қой. Қазіргі таңда Қазақстанда урология саласы дамып келеді деп айтуға бола ма?
– Бүгінде біз дүниежүзінің жетекші орталықтарымен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Маңдайалды медицина мекемелерімен тығыз байланыс орнатылған және соған сай мамандарымыз тәжірибе байытып отырады.
Бұл арада мысал ретінде, тек біздің институтта ғана қолға алынған, бұрын ешбір жерде болмаған «Ерлер денсаулығы» жобасын айтқым келеді. Бұл бағдарлама әлемдік брендке айналды. Басқа мемлекеттердегі әріптестеріміз баламасы жоқ осы бастамаға үлкен қызығушылық танытты. Өзіміздің базамызда Дүниежүзілік конгресс өткізуге қол жеткіздік. Бұл жиынға 24 мемлекеттің профессор, уролог-дәрігерлері қатысты.
Сол сияқты, ТМД мемлекеттері жас ғалымдарының қатысуымен конференциялар өткізіп келеміз. Жыл сайын бізде Қазақстан урологтары Одағы уроандрологияның көкейкесті мәселелеріне арналған ғылыми пленум ұйымдастырылып, оған Ресей, Украина, Беларусь, Қырғызстанның жетекші дәрігерлерін, жалпы айтқанда 11 мемлекеттің өкілдерін шақырдық.
Сол конгресс пен халықаралық конференциялар аясында танымал профессорлар өзекті тақырыптарға лекциялар оқып, жас мамандар арасында шеберлік сабақтары өткізілді. Алыс-жақыннан келген шетелдік мамандар біздің орталықпен танысып, жасап жатқан жұмыстарымызға таңданыстарын жасырмайды. Іргелі ғылыми-зерттеулерге ризашылықтарын білдірген кездері де аз емес. Бұл – бізге берілген үлкен баға.
Орталықтың ғылыми зерттеулері дүниежүзілік деңгейде мойындалған. Қысқартып айтқанның өзінде қазір біз ғылыми-зерттеулер жағынан болсын және тәжірибелік тұрғыда да шетелдік мақтаулы медицина мекемелерінен кем түспейміз. Біздің урологиялық орталықтың профессорлары ең күрделі оталарды заманауи әдістермен жасайды.
Орталық Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Испанияның урологиялық орталықтарымен тығыз байланыста. Ғылыми зерттеулеріміздің нәтижесі халықаралық конгрестерде – Еуропада, Ұлыбританиядағы Дүниежүзілік урологтар қауымдастығында, АҚШ, Англия, Италия, Германия және басқа ғылыми форумдарда жария етілген.
– Қай саланы болсын алға сүйрейтін мықты мамандар екені даусыз. Өкінішке қарай, кеңестік жүйеден қалған бір келеңсіздік – әлі күнге дейін көп мекемеде білікті кадр да, әйтеуір ұжым санын көбейтіп ілініп-салынып жүргендер де бірдей жалақы алады...
– Бізде ең күрделі оталар жасайтын, өз ісінің майталманы атанған, тәжірибе жүзінде машықтанған мықты урологтар арнайы тағайындалған жалақы алады. Егер ғылым докторы айына 200 мың төңірегінде табыс табатын болса, жетекші профессор-хирургтарға 300 мың теңге төленеді.
Сол сияқты әлеуметтік жағынан аз қорғалған қызметкерлерімізге де қосымша қаражат көздері қарастырылған. Жалғызбасты аналарға немесе көп балалыларға ай сайын 40 мың теңге үстеме береміз. Бұл тәжірибені біз 1996-1997 жылдары қаржыдан тапшылық көріп отырған кезімізде-ақ бастағанбыз. Сол сияқты жыл сайын Урология ғылыми орталығының жас мамандарына Б.О. Жарбосынов атындағы шәкіртақы белгіленген.
– Сіздің елімізде жылына 300-ге тарта аса күрделі урологиялық оталар жасайтын бірден бір практик хирург екеніңізді білеміз. Ал енді өзіңізді жақсы білетіндер «өте талапшыл», «тым қатал» екеніңізді айтады.
– Адамның өмірі ойыншық емес. Барлық ғылыми зерттеулерге жоғары талап қоятынымыз рас. Зерттеу жұмыстарының анық еместігіне, нәтижесінің жоқтығына бір түйір түсіністік танытпаймыз. Бізді нақты табыстарға жеткізген осы талапшылдық пен ұжым әлеуетінің толық жұмыс істеуі. Егер қандай да бір табыстарға қол жеткізсек, оның бәрі жауапкершіліктің арқасында жүзеге асты.
Мысалы, 2009 жылы Қазақстан Тұтынушылар лигасының «Сапа белгісі» сыйлығы мен Австриядан «Үздік мекеме» халықаралық марапатын алдық. 2010 жылы Мәскеуден «Мыңжылдық» жүлдесіне қол жеткіздік. 2011 жылы «Жыл таңдауы» номинациясы бойынша «Қазақстан Республикасындағы №1 үздік клиника» атанып және осы жоба аясында «Ерлер денсаулығы» атты бағдарламамыз үшін «Үздік әлеуметтік жоба» сыйлығына ие болдық. 25 жыл ішінде Орталықта 8 салалық ғылыми-техникалық бағдарлама мен 5 гранттық жоба бойынша зерттеулер жүргізілді.
– Осыдан 25 жыл бұрын жасалатын оталар қазір ғылыми орталықта озық технологиялармен орындалады. Айырмашылығын атап өтіңізші.
– Бұрын асқынған пиелонефрит, аденома, простатит, несеп тасты аурулары, қуықасты бездері оталарының бәрін пышаққа салу керек еді. Ашық әдіспен, яғни кесіп, тіліп алатынбыз. Қазіргі сол аурулардың 95 пайызы эндоскопиялық, лапроскопиялық тәсілмен емделеді. Науқасқа пышақ тигізбей емдеу, қысқасы, ағзаға барынша аз зақым келтіретін әдіспен ота жасаудың нәтижелері өте жоғары.
Мәселен, 1991-2015 жылдар аралығында құны 1 369 800 180 теңгені құрайтын 205 медициналық құрал-жабдық сатып алдық. Оның ішінде рентгенді мультикескінді компьютерлі томограф, Modulith литотрипторлары, рентгенді диагностикалық қондырғы, Экстракорпоральды соққы-толқынды литотриптор, Luminos RF Classic рентгенді диагностикалық аппараты, Dornier Medilas жоғарғы қуатты хирург лазерлі жүйе, С-доғалы мобильді рентген аппараттары бар. Мұнан бөлек, қаржылық лизинг шартымен Auriga гольмиевті хирургиялық лазеріне, жалпыхирургиялық ота жасайтын бейнеэндоскопиялық кешеніне, Logiq P6 медициналық ультрадыбысты диагностикалық жүйесіне қол жеткіздік.
– Ғылыми орталық өз қалыптасуында қандай дәрігер-ғалымдарға қарыздар?
– Институт ашылған күннен бастап урологияның дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген адамдар бар. Мәселен, медицина ғылымдарының докторы Олег Мақажанов аталық безінің қайта қондыру отасының әдісін меңгерген еліміздегі ең бірінші андролог маман, андрология бөлімінің меңгерушісі. Бұл кісінің 1990 жылы Мәскеуде қорғалған докторлық диссертациясы крипторхизмнің хирургиялық емінің жаңа тәсілдеріне арналған. Ал медицина ғылымдарының докторы Әлібек Аюбаев Қазақстандағы балалар урологиясындағы алдыңғы қатарлы маманның бірі. Сол сияқты медицина ғылымдарының докторы, клиникалық-лабораториялық зерттеу бөлімінің меңгерушісі Асқар Урашевты айту керек.
Жалпы, ғылыми орталықтың аяғынан тік тұрып кетуіне тікелей ат салысқан ғалым-дәрігерлер аз емес. Қазір ғылыми орталықта қолдары алтын, мыңдаған науқасқа сәтті ота жасап, сауапқа бөленіп келе жатқан профессорлар Сүният Құсымжанов, Марат Мақажанов, Ареф Малих, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрдос Қадырбеков сияқты мықты урологтар бар.
– Сіз ерлердің де денсаулығын мемлекеттік тұрғыдан қорғау жөнінде мәселе көтеріп жүрген ғалымсыз. Жоғарыда атап өткен «Ерлердің денсаулығы» бағдарламасы қандай нақты нәтиже берді?
– Бұл бағдарламаға кезінде шетелдік әріптестеріміз көп қызығушылық танытқанын айтып отырмыз. Бағдарлама аясында 25 мыңнан астам ер-азаматтың денсаулығын жан-жақты тексеруден өткізіппіз. Біз, дәрігерлер қолымыздан не келеді, соның бәрін жасадық.
Бұл жоба саты-сатысымен жүргізілді. Бағдарламаны жүзеге асырудың келесі кезеңі «Ерлер денсаулығы мектебі» болды. Осының шеңберінде республиканың барлық өңірлерінде 2 мыңнан астам ер адам мен жасөспірім зерттелді, 20 мыңнан аса талдаулар мен зерттеулер жүргізілді, 83,3% жағдайда уроандрологиялық ауытқу анықталды. Андрология, эндокринология, кардиология, психология саласында тәжірибелі мамандар 80-нен аса лекция оқыды. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру процесінде ер адамдар денсаулығы проблемаларын шешуге пәнаралық тәсіл бойынша түрлі жастағы науқастарды емдеуге міндетті түрде қатысатын барлық мамандар мүдделілік білдірді.
Бағдарламаны әрі қарай жүзеге асыру барысында өңірлік «Ерлер денсаулығы және отбасылық ұзақ өмір орталықтары» ашылды. Орталық жұмысының нәтижелері бойынша бүкіл елімізде 2013 жылы 6 мыңнан аса, 2014 жылы 26 мың, ал 2015 жылы 44 606 ер адам тексеріліп, емделді.
Қазіргі уақытта «Ерлер денсаулығы және отбасылық ұзақ өмір орталықтары» еліміздің 14 облысында, сондай-ақ, Алматы және Астана қалаларында жұмыс істейді.
– Демография мәселесін ер-азаматтардың денсаулығынан бөліп қарауға болмайтыны белгілі. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі қандай?
– Зерттеулер нәтижесі Қазақстан урологтарының 2012 жылғы пленумында мәлімделген, сол кезде шетелдік мамандар бұл зерттеулердің бірегейлігін атап өткен болатын.
Қазақстанда алғаш рет «Ерлер денсаулығы. Өмір сапасы. Пән- аралық тәсіл» конгресі мен VIII ISSAM конгресін өткізгенімізде, оған қатысушылар «Ерлер денсаулығы» бағдарламасының маңыздылығын мойындап, оны ер адамдар мәселесін шешудің қазақстандық жолы деп атады.
«Ерлер денсаулығы» бағдарламасы аясында елімізде ер-азаматтардың денсаулығына арналған 2 ауқымды скринингтік зерттеу жүргізілді. Қызылорда облысында скринингтік зерттеу бойынша қанатқақты жоба басталды.
Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының мәліметтері арқылы 14 облыста және Алматы мен Астана қалаларында тұратын 25 мыңнан аса ер адамның ұрпақ жалғастыру жүйесінің жай-күйіне скринингтік зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде эректильді дисфункция белгілері ер адамдардың 56,3 пайызында, фертилділіктің бұзылу белгісі 30,4 пайызында, жыныс жолдары арқылы берілетін жұқпалы аурулар 42,4 пайызында анықталды. Техногендік аймақта жұмыс істейтін 26 мың ер адамның, мұнай саласындағы жұмысшылардың 63,5 пайызында және түсті металлургия өндірісінде жұмыс істейтін азаматтардың 53,2 пайызында ұрпақ жалғастыру қызметінің бұзылғандығы анықталды.
Ал гипертониялық ауруға ұшырағандардың 72 пайызында, қант диабетімен ауыратындардың 69 пайызына эректильдік қызметтің әртүрлі деңгейде бұзылуы мен гипогонадизм диагнозы қойылды. Мұндай статистика еркектерді ойлантуы керек.
– 2011 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен урологиялық профильдегі 36 түрлі диагнозға жоғары мамандандырылған жедел медициналық көмек көрсетуге қол жеткізген екенсіздер?
– Бізде қазір несеп жыныс мүшелеріне жасалатын оталардың барлық түрі орындалады. Урологиялық ауруларды зерттеу және емдеудің жаңа әдістері толығымен ендіріліп, меңгерілген. Мәселен, гидронефроз, несеп жолдарының отадан кейінгі зақымдарын, несеп-жыныс жылауықтарын емдеуде, пластикалық-өңдеу оталарында озық медициналық технологияларды меңгеру жұмыстары үздіксіз жалғасуда.
Сондай-ақ, эндобейнехирургиялық диагностикада, урологиялық ауруларды зерттеуде, әсіресе еркектердің ұрықсыздығы мен жедел пластикалық оталар жасауда инновациялық құрал-жабдықтарды қолдану әдісі жолға қойылған.
Бірақ, өкінішке қарай, әлі күнге дейін біздің орталыққа басқа аймақтарда жасалған оталардан кейінгі асқынулардың салдарынан келетін науқастардың саны азаймай тұр. Көп жағдайда хирургтардың жіберген қателігінен болатын ятрогенді сипаттағы ауруларға қайтадан операция жасалады. Кей жағдайда бір науқасқа бірнеше рет қатарынан ота жүргізуге тура келеді.
– Бұрын несеп-тас аурулары, қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы, созылмалы простатит пен пиелонефритке шалдыққан науқастар 20 күндей ауруханада таңылып жатса, бүгінде мұндай дерттер 7 күнде емделеді екен?
– Осы 25 жыл ішінде біздегі науқастарға арналған төсек-орындар саны 240-тан 160-қа дейін қысқарды. Керісінше, төсек айналымының жоғарылауы, жатып емделу 14,9 тәуліктен 7 тәулікке дейін қысқаруының нәтижесінде жұмыс оңтайландырылды, тиісінше емделген науқастардың саны 4890 адамға дейін артты. Науқастар алдын ала толық зерттеліп, клиникаға жатқызылуы нәтижесінде отадан кейінгі төсек-күндерінің саны қысқарды. Оған қоса, қазір оталар заманауи технологиялармен жасалады. Яғни, ағзаға барынша аз зақым келтіретін оталардан кейін және ішкі аудитпен бакылаудың жақсаруы арқасында науқастардың ауруханада жату күндері азайды. Мысалға алатын болсақ, кезінде түбекше несеп ағар сегментінің пластикасы, жылан көздің пластикасы, несеп ағардың пластикасы, маржан тәрізді тас кезіндегі оталарда науқастар 40 тәулік жатса, қазір оның мерзімі 8-12 тәулікке қысқарды.
Егер 1991 жылы түскен науқастардың 46,7 пайызына ғана ота жасалса, 2015 жылы 97,1 пайызына ота жасалды. Стационарлық емнің кымбат екендігі белгілі, сол себептен соңғы жылдары Орталыққа науқастар тек ота жасатуға ғана жатады. Бұған күндізгі стационардың, амбулаториялық хирургияның дамуымен қол жеткіздік. Мәселен, озық технологияларды енгізу арқылы несеп жолдарындағы тастарды дистанциялық жолмен немесе тікелей жанасу арқылы үгіту, ағзадағы басқа ішкі мүшелерге барынша зақым келтірмей операциялық жолмен тікелей бүйректегі, несеп жолдарындағы тастарды алу сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл операциялар кесу-тілусіз іске асады. Аталмыш әдістердің бәрі эндоскопиялық сипатқа ие.
– Әрине, мықты мамандар даярлау, инновациялық технологияларға қол жеткізу, жетекші хирургтарды, жас кадрларды материалдық тұрғыда қолдау үлкен қаражатсыз жүзеге аспайды ғой?
– Біздің ғылыми орталық акционерлік қоғам болғандықтан, қаржыландыру бірнеше бағдарлама бойынша, яғни тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі арқылы, ғылыми-техникалық бағдарламалар, базалық қаржыландыру, ғылыми кадрларды даярлау, университеттен кейін білім беру, сонымен қатар ақылы қызмет көрсету есебінен жүзеге асады.
Жыл сайын мемлекеттен тәуліктік стационарлық мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін мемлекеттік тапсырыс қабылдайды. Жалпы, қаржыландыру көлемі 25 жыл ішінде 26 есе көбейді. Яғни, 33 378 200 теңгеден 885 616 863 теңгеге дейін өсіп, барлығы 8 130 750 340 теңгені құрады.
«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ГОБМП)» бағдарламасын қаржыландыру 1991 жылдан 2015 жылға дейін 20 есе, яғни 27 647 200-ден 542 507 867 теңгеге өскен. Жалпы, «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ГОБМП)» бойынша 4 088 967 316 теңге болды.
«Академик Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» ақылы қызмет көрсетеді, оның да айтарлықтай көлемі 1994 жылдан 2015 жылға дейін 116 есеге, яғни 2 133 200 теңгеден 249 104 459 теңгеге дейін көбейді.
Қазір біз еліміздің барлық облыстарынан келетін науқастарға ғана емес, көрші елдерден келген урологиялық науқастарға толық көлемде ақылы медициналық қызмет көрсетеміз. Ақылы медициналық қызметті дамытудың арқасында кезінде орталыққа аса қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға, стационарлық қызметтің сапасын жақсартуға мүмкіндік туды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суреттерді түсірген
Айтжан МҰРЗАНОВ