26 Сәуір, 2016

Алматының айшықты ажары

244 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
BEK_3653Мыңжылдық шаһардың міндеті зор Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінің алматылық бөлімшесінде қала әкімі Бауыржан БАЙБЕК республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру стратегиялық бағдарламасы жұмыстарының атқарылу барысымен бөлісті. Қала басшысымен қатар, бұл жиынға мың жылдық тарихы бар алып шаһардың тыныс-тіршілігіне жауапты басқарма басшылары мен мамандары да қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен кеңесте сөз алған әкім Ұлт Жоспарының стратегиялық маңызын айрықша атап өтті. Баршамызға белгілі, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мемлекеттігімізді нығайту жолында «Қазақстан-2050» Стратегиясын тиімді іске асыру үшін қабылданған болатын. Оның басты мақсаты – қуатты мемлекет қалыптастыру мен дамыған экономика негізінде ел халқының өмір сүру сапасын арттыра отырып, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуі болып табылады, деген ол, бұған дейін қала дамуы үшін атқарылған игі іс-шаралар мен қол жеткен жетістіктер, алға қойған жоспарлары жөнінде өзінің жылдық есебінде арнайы тоқталғанын айтып, әлемдік даму үдерісі жаңа белеске көтерілген тұста Мемлекет басшысының ұлт дамуына зор ықпал ететін бағдарламаларының ілгері басу жолдарын сөз етті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, біз бүгінде экономика мен жалпы басқару жүйесінің тиімділігін арттыруды қажет ететін дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып отырмыз. Алматы халықаралық ұйымдар мен ірі инвесторлар үшін тартымды қала екендігі сөзсіз. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері, елшілер, беделді сарапшылар Ұлт Жоспарын жоғары бағалап, оны Қазақстанның мемлекеттік құрылысын нығайту жолындағы жаңа тарихи қадам ретінде таныды. Мемлекет басшысы мен Жаңғырту жөнін­дегі ұлттық комиссияның табандылы­ғының арқасында ауқымды реформаларды ұтымды іске асыру үшін қысқа мерзімде берік институттық құқықтық негіз қалыптастырылды. Жаңарған заманның көшіне ілесіп қана қоймай, жемісті жетіс­тіктерге қол жеткізу мүддесін көздей отырып 59 заң, 400-ден астам нормативтік акт қабылданды. Жасырмау керек, еліміздегі институттық реформа жұмыстары экономикалық тұрғыдан қиын кезеңді бастан өткеруде. Әлемдік дағдарыстың кезекті толқыны көптеген елдердің алдына күрделі мәселелер қойып отыр. Десек те, дағдарыс – бұл мүмкіндіктер тетігі. Ұлт Жоспары шеңберіндегі институт­тық реформалар Алматы қаласының иннова­циялық, мәдени және туристік орталық ретіндегі әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беретіндігін қазіргі таңда алғашқы қадамынан-ақ айқын байқатып отыр. Алматыда Ұлт Жоспары ағымдағы жыл­дың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда. Бұл үшін арнайы комиссия құрылып, «100 нақты қадамды» іске асыру жөніндегі ауқымды жоспар бекітілді. Оны орындауға барлық қалалық құрылымдар жұмылдырылып отыр, деді қала басшысы. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімі жалпыұлттық көрсеткіштен екі жарым есе жоғары болып табылатын еліміздің үлкен қаласы Алматы институттық реформаларды іске асыру ісінде үлгі бола білуі қажет екені әмбеге аян. Ол үшін Алатау баурайын мың жылдың мұғдарында қоныс еткен әсем қалада барлық жағдайлар жасалған – қуатты бизнес, белсенді азаматтық қоғам және кәсіби мемлекеттік аппарат бар. Қала басшысының айтуынша, мемлекеттік басқару қызметін жетілдіру және заманауи басқарудың тиімді тетігін қалыптастыру жолында көптеген жоспарлар мен жобалар жолға қойылған. Солардың бірі, кәсіби мемлекеттік аппарат жасақтау мен сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мақсатында тиісті мамандарды жұмылдырған «Алматы-2020» даму бағдарламасын жүзеге асыру. Бес институттық реформа бағдарламасының негізінде жасалған бұл бағдарламаның жобасы, даму бюджеті, нақты бағыт-бағдар бойынша атқарылар іс-шаралар тізімі жасалып, бүгінде белгілі бір сатыны артқа тастады. Осы бағдарлама аясында көзделген меженің бірі әкімдік құрылымын қайта жасақтау және заманауи үлгідегі басқару моделіне көшу болып табылады. Ол үшін ескі жүйеден келе жатқан бірнеше басқармалар біріктіріліп, нақ­ты мамандардан құралған топ мейлінше ықшамдандырылады. Мәселен, өткен жылдың тамыз айынан бері 1491 адамнан тұратын әкімшілік аппараты 11,5 пайызға ықшамдалып, басқарушы құрам 50 пайызға қысқарған. Екінші мәселе – заңның орындалуын қам­тамасыз ету және тұрғындар мен қаладағы барлық қызмет түрлерінің заң талап­тарына мұқият қарауына басымдық беру. Бұл орайда, қала әкімдігі заңның алдында ел азаматтарының барлығы тең дәре­жеде екендігін қамтамасыз ете отырып бір­неше шараны қолға алды. Мәселен, соттың шешімімен заңсыз салынған құрылыстарды, атап айтқанда, «Адем-4» сауда орталығы аумағындағы сауда-саттық қоймасы, Алма-Арасан шатқалында бой көтерген мейрамханалар, Сәтбаев пен Луганский көшелерінің қиылысында заңсыз тұрғызылған тұрғын үй құрылыстары бұзылды. Сондай-ақ, 2016 жылы 8 сот шешіміне сәйкес құрылыс нысандары мен Академия қалашығындағы заңсыз жанар­май құю бекеті де талқандалып, қала тұрғындарының өміріне қауіп тудырған және тұрмыс-тіршілікке кедергі келтіретін нысандар алынып тасталды. Бұдан өзге, Қарғалы өзенінің үстіне заңсыз салынған 4 көпір мен өзен бойына заңсыз құрылыс салынған 370-тен аса жер телімдері тазартылды. Халықтың еркін қатынауы үшін 3 көпір қайта жөнделіп, біреуі қайта салынып жатыр. Алматы аумағындағы жаппай сауда жасау орындары да тәртіпке келтірілуде. Барлық 57 базарда заманға сай әдіптеу жұмыстары жүргізіліп, олардың 15 пайызы биыл жаңа бейнеде ел игілігіне ұсынылса, қалған 25 пайызы келер жылы тапсырылады. Сондай-ақ, қаладағы заңсыз тал кесу, жасыл желекті бүлдіру мәселесі де дұрыс шешімін тапты. Айталық, Көктөбе саябағында 415 талды келісімсіз кескендер айыпқа тартылып, оның орнына 4150 тал егу міндеттелді. Жыл басынан бері заңсыз тал кескені үшін 82 мәрте айыппұл салынып, бюджетке 3,5 миллион теңге аударылды. «Алматы-2020» бағдарламасының негізгі бір бағыты қала аумағында индустриялық және экономикалық өсім көрсеткішін арттыру болып табылады. Қалада кәсіпкерлік жақсы жолға қойылған. Ішкі жалпы өнім мен салықтың 43 пайызын осы орта және кіші кәсіпкерліктен түскен қаражат толықтырып отыр. Ел көлеміндегі несиелердің шамамен 60 пайыздық үлесін ала отырып, Алматы қаласы тұрғындарының әрбір 10-ның 6-уы жұмыспен қамтылған. Осы орайда, қала әкімдігі кәсіпкерлікке кеңінен жол ашып, жеке кәсіп ашатын азаматтардың құжаттандыру жұмыстарын барынша жеңілдетіп отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бүгінгі таңда көптеген қызмет түрлері мен кеңінен қолданылатын нысандарды мемлекеттен гөрі жекенің қолына берген тиімді екендігі анықталуда. Бұған дейін мемлекет тарапынан қаржыландырылып келген мекемелердің 90 пайызы мақсатсыз шығынға ұшырап, табыссыз жұмыс істеп тұр. Осыған орай Елбасы саясатына сай Алматы қаласында да бәсекелестікті арттырып, өнімділікті көтеру мақсатында жекешелендіру жұмыстары атқарылып жатыр. Ел көлемінде кеңінен насихатталып, қар­қынды жүргізіліп отырған заңдастырылмаған мүлікті жарыққа шығару ісі бойынша да Алматы қаласы алдыңғы лекте. Биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша қалада 1,3 триллион теңгенің мүлкі заңдастырылып, мол қаржы ел қазанына құйылды. Кәсіп иелеріне жеңілдік ретінде қарас­тырылған «Жібек жолы» бағдарламасы бо­йынша 76 жоба мақұлданып, 3,7 миллиард теңге игерілді, жаңа 400 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында осы жылы жалпы құны 11,7 миллиард теңгені құрайтын 53 жоба мақұлданып, 1,9 миллиард теңге субсидияланды, жаңа 536 жұмыс орны ашылды. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жалпы құны 31,4 миллиард теңгені құрайтын 37 жобаға келісімшарт жасалса, бұдан өзге, қаланың 8 ауданындағы жеке үй ғимараттарынан 1777 орындық 63 мектепке дейінгі тәрбие ошақтары ашылды. Алматының инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Франция, Қытай, Түркия, Иран, АҚШ, Испания және Швейцариядан келген бизнес өкілдерімен 68 мәрте кездесулер өткізіліп, тиімді 3 меморандумға қол қойылды. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру жолында түзілген Алматы қаласын дамыту жоспарының бесінші ұстанымы, ол – бір мүдделі ұлт қалыптастыру мәселесі. Қалада 120-дан аса ұлттың өкілі тұрады және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 34 этно-мәдени бірлестік тіркелген. Ұлт бірлігін нығайтып, халықтар достығын арттыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңесі және Медиаторлық кеңес қызу жұмыс істеп тұр. Олардың араласуымен шамамен 20 пайыздық түрлі дәрежедегі мәселе сотқа жетпей, тараптардың ризашылығымен шешілді. Биыл Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойы. ЮНЕСКО күнтізбесі бойынша 2016 жылғы айтулы дата ретінде тіркелген бұл мерекеге де дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Аталмыш күнді атап өту арқылы да алматылықтар өзара бауырластықты жақындата түсіп, Мемлекет басшысы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегінде еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың мәңгі сақталуына өз үлестерін қосатын болады. «Алматы-2020» бағдарламасында ба­сымдық берілген нақты бағыттың бірі және бесінші мәселе – азаматтық қоғамды жандандыру және жергілікті басқару жүйесінің ашық есебіндегі жариялылық. Бұл орайда, қала басшылығы мен жекелеген аудандық халыққа қызмет көрсету мекемелері халықпен тұрақты тығыз қарым-қатынас орнатты. Ал­маты жұртшылығының өте белсенді екен­дігін ескеріп, әкімдік халықпен байланысу тетігін кеңінен қолданып отыр. Мәселен, ға­ламтор желісінде қала әкімдігінің арнайы парақшалары ашылып, тұрғындардан түскен арыз-шағымдар кеңінен қанағаттандырылуда. Бұл өз кезегінде әкімдік қызметкерлерінің жұмыс істеу тәртібі мен жемісті қызмет атқару нәтижесін арттырып отыр. Бұдан өзге қала әкімі Бауыржан Байбек 2017 жылға белгіленген Универсиаданы абыроймен өткізу үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар легімен де таныстырып өтті. Әлемнің 64 елінен келетін спортшылар мен қонақтарға көрсетілер қызмет түрлері мен қаланың ішкі тәртібін нығайту, қонақтарға Жетісудың әсем жерлерін тамашалату мен келуші шетелдіктерді күтіп алу, шығарып салу жұмыстарының тиянақты дайындалып жатқандығын баса айтты. Қаладағы халықаралық әуежайдың сыйымдылығы, қонақ үйлер, қала келбетінің көркемдігі, тәртіп пен тазалық мәселесіне ерекше назар аударған әкім осы жерде мемлекеттік қызмет істері, сот және қалалық ішкі істер бас­қармасы басшыларының да шағын есебіне қанықты.

_SIN7788

Қысқы универсиада нысандары ел игілігіне тапсырыла бастады

Қазақ елін әлемде дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттер сапына шығаратын игі шараның бірі – 2017 жылы Алматы қаласында өткізілетін XXVIII Бүкіләлемдік Қысқы универсиада ойындары болмақ. Бұл айтулы спорт додасына дайындық жұмыстары қазіргі таңда өз кестесінен оза атқарылып жатыр десек, қателеспегеніміз. Әрине, «Арық айтып, семіз шығуды» көздесек те, аталмыш игі шараның жауапты ұйымдастырушылары көп істің көбесін бұзып, біраз шаруаны сапалы тындырғанын анық байқайсыз. Қалың қазаққа қуана жеткізетін сүйінші сөздің салмақтысы, бұйырт­са, Қысқы универсиада ойындарына арнайы салынып жатқан барлық спорт нысандары осы жылдың тамыз айының соңына дейін пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда нысандардың құрылыс жұмыстарына 50 мың адам жұмылдырылып, олар бірнеше ауысыммен қызу еңбек етіп жатыр. Игі істің басында жүрген ұйымдастыру тобының жоспарына сай, спорт нысандарын Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойын салтанатты атап өту мерекесі аясында ел игілігіне ұсынбақ. Бұл дегеніміз, ЮНЕСКО-ның мерекелік күнтізбесіне енгізілген көне шаһардың тарихына тағы да жағымды жаңалыққа толы құнды парақтар қосылады деген сөз. Қала тұрғындары мен қонақтарын қуантарлық жаңалықтың басы, наурыз мерекесінде Медеу ауданына қарасты қала аумағындағы 3000 орындық Мұз аренасының мұз айдыны дайын болып, мәнерлеп сырғанауды жаны сүйетін спортшылар мен қарапайым халыққа есігін айқара ашты. Ал шілде айының басында басты аренаның құрылысы аяқталып, ол да өзінің міндетіне кіріседі. «Ария Жаңа Астана» ЖШС құрылысын жүргізіп отырған бұл алып нысанда XXVIII Бүкіләлемдік қысқы универсиада аясында хоккейден ерлер арасында дүбірлі жарыстар өтеді. Бұл нысан «негізгі» және «кіші» арена болып екі санатқа бөлініп, кіші аренада 300 адамдық орын, 4 киім ауыстыратын бөлме, әрқайсысы 20 шаршы метрден тұратын төрешілердің бақылау аймағы, медициналық пункт, жат­тығу, хореография, акробатика залдары, әкімшілік және офистік бөлмелерден тұрса, негізгі аренада 8 киім ауыстыратын бөлме, 3000 орындық көрермендер залы, төрешілер аймағы, баспасөз және медиа орталық, 160 орындық кафе және 150 орынға арналған 2 асхана, допинг-тексеру және медициналық қызмет көрсету пункті бар. 2017 жылы қаламызда өтетін Қысқы универсиаданың ең алып нысаны – Мұз сарайы. Онда 12 мың ересек және 475 жас көрерменге арналған дербес арена болады. Ғимаратта бокс, күрес, хореография, акробатика, 2 жаттығу залы және үстел теннисіне арналған арнайы кешен бар. Со­ны­­мен қатар, спортшылардың ден­саулығын медициналық тұрғыда қайта қалпына келтіру орталығы да осы ғимараттың ішінде қызмет көрсететін болады. Мұз сарайы мен Мұз аренасы спортсүйер студенттердің ойын түрлеріне бейімделіп салынуда. Аталмыш спорт ғимараттарының мұз айдындарында мұз төсеніштерді ауыстырып, волейбол, баскетбол, кіші футбол және тағы басқа спорт түрлерінен жарыстар өткізуге болады. Одан өзге, әлемдік деңгейдегі іс-шаралар, концерттер мен кездесулер өткізуге ыңғайлы болуы үшін жарық түсіру және дыбыстау жүйелері тиянақты қалыптастырылуда. Екі аренада да әртүрлі деңгейдегі конференциялар, жиындар, форумдар мен көрмелер және бизнес-спорт келіссөздерін өткізуге әбден болады. Яғни, бұл нысандар жобасы келешекте де өздерін коммерциялық тұрғыда толықтай ақтайды. Универсиада өткізу ниетімен салынып жатқан бұл құрылыстардың ареналары кәсіпқой спортшылардың тұрақты түрде жаттығу өткізетін орнына, ал мұз айдындары барша қала тұрғындары мен қонақтарына есігін айқара ашатын көпшілік орынға айналмақ. Бұл нысандарда келешекте коньки тебуге, әуесқой командалар арасында қысқы спорт түрлерінен жарыстар өткізуге, жасөспірімдер үшін спорттық секциялар ашуға мүмкіншілік зор. Жер үсті және жер асты көлік тұрақтары қамтылған, дәмхана, мейрамханалары бар бұл қоғамдық орын қала халқы көп шоғырланатын демалыс орны болатыны сөзсіз. «СК Базис» ЖШС құрылыс компаниясы барлық жұмыстарын жүргізіп отырған Мұз сарайында бассейн, сырғанау алаңы және әкімшілік ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, нысан­ның негізгі бөлігі мамыр айы­ның басында пайдалануға беріледі. Универсиада аясында салынып, келешекте ел игілігіне қызмет ететін алып құрылыстың бірі – 5000 орындық Атлетикалық қалашық. Оның төртеуі 22 наурызда іске қосылды, тағы да төртеуі 9 мамырда және екеуі 6 шілдеде қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. «Элитстрой Алматы» ЖШС соғып жатқан 8 және 9 қабатты тұрғын үй мен 14 қабатты 4 ғимарат Уни­вер­сиада өткеннен кейін спорт қалашығының тұрғын үй бөлігіне айналмақ. Атлетикалық қалашық аумағында инфрақұрылым мен көлік торабы дамытылып, қаланың Алатау ауданының дамуына тың серпін беретін болады. 29 000 шаршы метрді құрайтын Атлетикалық қалашық аумағында Универсиадамен қатар, жергілікті тұрғындарға арналған дүкендер, кафе, мейрамханалар мен фитнес орта­лықтары, аурухана, банк, пош­та қызметі мен полиция бөлім­шелері, халыққа қызмет көрсету орталықтары және сұлулық салоны секілді елге пайдасы тиетін орындар жұмыс істей бастайды. 12 мыңдық және 3 мыңдық көрерменге лайықталып соғылған Мұз сарайы мен Мұз аренасы Уни­версиада өткізілгеннен кейін еліміздегі алдыңғы қатарлы спорт нысандарының көшбасшысы болады. Аталмыш спорт ғимараттары жылына 800 мың жанкүйерді қабылдап, жыл он екі ай спорттық, қоғамдық шаралар өткізуге қабілетті. Еліміз Универсиадаға 1993 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы жылдар аралығында халықаралық спорт жарысына 700 спортшымыз қатысып, 125 медаль қанжығамызға байлаған екенбіз. Қазақстандық спортшылар үшін ең жемісті жарыс 2015 жылғы Қысқы универсиада болды десек, қателеспейміз. Былтыр Қазақстан құрамасы тұңғыш рет жүлделі 3-орынға табан тіреп, 5 алтын, 6 күміс медаль иеленді. Ал Жазғы универсиададағы үздік нәтижеге 2007 жылы Бангкокте өткен жарыс­та 14 медальмен 11-орынға ие болу арқылы қол жеткізіппіз. Универсиада өткеннен ке­йін Алматы қаласы спорттық ин­фрақұрылымы мықты дамыған және жоғары деңгейдегі спорттық шараларды өткізуге мүмкіндігі бар ТМД көлеміндегі бірден-бір қала ретінде танылатын болады. Барлық спорттық нысандар халық игілігіне беріліп, отандық және шетелдік спортшылардың дайындық жұмыстарын өткізетін базасына айналады. Суреттерді түсірген Юрий БЕККЕР Бетті дайындаған Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан»  _SIN1593 BEK_1104 BEK_3265