26 Сәуір, 2016

Қадағалаушы органның міндеттерін айқындады

339 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
25-04-02Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокуратураға барды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Қазақстан Президенті Бас про­куратураның басшылық құра­мы алдында сөйлеген сөзінде А.Дау­ылбаевтың лауазымынан босатылатынын, өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты оның басқа жұмысқа ауысатынын айтты. – Асхат Дауылбаев Бас проку­ратурада соңғы 15 жыл бойы үз­дік­сіз жұмыс істеді. Алдына қойыл­ған міндеттерді орындады, соған орай оған жұмысы үшін алғыс айта­мын. Ол алдағы уақытта да өзінің кәсіби үлесін қосатын болады, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев прокуратура жүйесінде елеулі жұмыс тәжірибесі бар жаңа Бас прокурор Ж.Асановты таныс­тырды. – Ол прокурорлық қызметтің барлық сатысынан өтті, үш өңірде, Әділет министрлігінде қызмет істеді, Парламент депутаты болды. Білімі мен тәжірибесі жеткілікті, жергілікті жердегі ахуалмен таныс. Осы ұжымда ұзақ уақыттан бері жұмыс істейді, оған ешқандай ескерту айтылған жоқ. Бұл жұмыс қолынан келетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы биыл Бес институттық реформаны жүзеге асыру басталғанына, оның бір ба­ғыты құқықтық мемлекет қа­лып­тастыру екеніне назар аударды. – Негізгі салмақ прокура­тура органдарына түседі, өйткені, олар барлық өзге құқық қорғау ор­ган­дарының қызметін үйлестіре­тіндіктен, құқықтық салада зор өкілеттіктерге ие. Соңғы жылдары қадағалаушы орган ел азаматтарын қорғау және құқық тәртібін қамтамасыз ету жөнінен елеулі жұмыс атқарды. Мемлекеттік және қоғамдық институттардың құқық қорғау әлеуетін арттыру, заңдарды тиімді қолдану және азаматтармен, шағын және орта бизнес өкілдерімен күнделікті жұмыс барысында заңның сақталуын қамтамасыз ету – басты міндет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті бұл ретте азаматтарға өз құқықтарын, сондай-ақ, елде қабылданып жатқан заңдарды, соның ішінде Жер кодексін дұрыс түсіндірудің маңыздылығын атап өтті. – Кодексте жердің шетел­дік­терге сатылатыны туралы ештеңе айтылмаған. Біздің міндет – жер­дің меншік иесі болып, оның дұрыс пайдаланылуы үшін Қазақстан азаматтарына жерді жекешелендіру мүмкіндігін беру. Жер қурай басып, иесіз жатпай, түсініксіз мақсатта пайдаланылмай, халықтың игілігіне айналуы керек, – деді Мемлекет басшысы. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев жаңа норманы толық түсінбеу және бұрыс мазмұндау деректері бар екенін айтты. – Бұл мәселе мемлекет қа­был­дап отырған заңдарды халыққа тү­сін­діруге міндетті Үкімет пен жер­гілікті атқарушы билікке, сон­дай-ақ, құқық қорғау органдарына қатысты, – деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы үлкен резонанс тудырған істер бойынша прокурорлар Пре­зи­денттің тиісті тапсырмасынан кейін ғана шара қабылдаған жағ­дайлар болғанына назар аударды. – Заңды сақтаушылардың өз­дері өкілеттіктерін орындау жөні­нен мінсіз болуға тиіс. Сонда сенім арта түседі, арыз-шағым азаяды, БАҚ-тағы материалдардың мазмұны да өзгереді. Бұл – күрделі міндет, бірақ оны шешпейінше біздің барлық жоспарымыз үзіліп, стратегиялар мен қабылданып жатқан бағдарламаларға да қа­тер төнеді. Сондықтан, мен сіздер­ді дұрыстап жұмыс істеуге шақы­рамын. Бес институттық реформа мен «100 қадамда» ол шаралардың бәрі нақты жазылған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті көз­дел­ген реформалар арқасында құқық қорғау және сот жүйесі аза­маттардың құқықтарын қор­ғау жөніндегі өз жұмысының тиім­ділігін арттыра түсетініне сенім білдірді.