22 Қаңтар, 2011

Алаш ардақтысының рухы елге оралды

550 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше қазақтың өзге жұрттан кем болмай, тең болуын аңсап, сол жолға қызмет етуде жасындай жарқылдап, өзінің қысқа ғұмырын сарп еткен қазақтың ардақты ұлдарының бірі Смағұл Сәдуақасовтың рухы туған жеріне оралды. Өткен жылдың соңғы нөмірінде «Егемен» Смағұл Сәдуақасовтың Мәскеудің «Донской мо­нас­тыріндегі» қорымында 78 жыл бойы сақталған сүйе­гінің күлін қайтаруға қол жеткізілгенін қуа­нышпен жеткізген еді. Кенесарының басын таба алмай, Кейкіні қайтара алмай, ал көптеген басқа Алаш ардақтыларының сүйегінің өзі қайда қал­ға­нын біле алмай жүргенде бұл шын мәніндегі қуа­нышты хабар еді. Смағұл ағамыздың құтыға салынған күлі Дон шіркеуінің (қазір шіркеу болған) қабырғасына бітеп тасталғанын білген ұлтжанды азамат, белгілі қоғам қайраткері Сабыр Қасымов оны елге әкелу үшін қопарып алуға Мәскеу билігінен рұқсат ал­ғанын аталмыш мақаламызда айтқан болатын­быз. Қа­зақстан билігі де бұл хабарға оң қабақпен қа­рап, ардақты ерді туған елге әкеліп, құрметпен жерлеуді ұйымдастыру жөнінде тапсырма берген бо­латын. Бірақ сол шараны тезірек ұйымдастыру жағы түрлі себептермен кешеуілдей берді. Елі­міздің қоғам қайраткерлері, білікті азаматтар «беріп тұрғанда тезірек алып келу керек қой, ертең тағы бір бюрократтық кедергілер туып қалар» деп осыған қатты алаңдаушылық білдіріп жүретін. Сол себепті бастамашы топ құрылып, олар Сма­ғұл­дың күлін жолаушылар ұшағымен жеткізуді шешкен болатын. Қаңтардың 19-ында Мәс­­­­­кеуге ба­ра­тын сегіз адамнан тұратын топ құрылды. Бірақ жағ­дай­ды екшей келе, мәселені күр­де­лен­ді­рудің қажеті жоқ, сон­дықтан саяси қай­рат­кер­лер­дің баруы мін­дет емес, тек ғылым, БАҚ өкілдері және туыс­тарынан тұ­ратын шағын топ барсын деген шешім қабылданды. Сөйтіп, бел­­гілі смағұл­та­нушы ғалым, ұлтжанды азамат Дихан Қамза­бек­ұлы бас­таған төрт адам жолға шықтық. Олардың ара­сында Смағұлдың аталас ағайыны Қапар Ай­ту­ғанов ақсақал, асыл ер­дің туған жерінде «Жар­қын» шаруа қожалығын құрып отырған кәсіпкер Ғимадедин Ожаров және осы жолдардың авторы болды. Бізді Мәскеуде Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы, филология ғылымдарының докторы Се­рікқали Байменше қарсы алды. Ертесіне елші­ліктің хабардар етуімен жиналған бір топ диаспора өкілдерімен бірге «Донской монастырьге» жол тарттық. Топ ішінде Мәскеу жәмиғи мешітіндегі қазақ қауымдастығының имам-хатибы Марат хазірет Аршабаев, қазақ мәдениеті «Мұрагер» ұйы­мының мүшесі Хайдар Құмарбеков ақсақал және осы ұйымнан Аманғали Ғұбайдуллин, Ақсайын Намазов, осында шығатын «Қазақ тілі» газетінің редакторы Орынбасар Қуандықов, елшілік қыз­меткерлері, «Қазақстан» мен «Хабар» телеар­на­ларының мәскеулік тілшілері және т.б. болды. Барлық монастырьлер сияқты «Дон» да биік дуалмен қоршалған екен. Оның аумағындағы бұ­рынғы крематорий қазір қайтадан шіркеуге айналды­рылыпты. Ауласының қарын көңілді жұ­мыс­керлер қауқылдасып жүріп, күреп жатыр. Ай­наланың бәрі бастарына үлкенді-кішілі крестер қойылған орыс молалары. Зират кеңсесі бір ша­ғын ғимаратта екен, біздің келетінімізден алдын-ала хабардар болған оның бастығы С.Трифонов бізді орнында қарсы алды. Рәсімдік қағаздарды толтырып, «сақтағаны үшін» ақша төленген соң, ол Сабыр Қасымовтың сенімхатымен барған Дихан Қамзабекұлының қо­лына барлық құжаттарды ұстатты. Соның ішінде 1933 жылғы кремация туралы анықтама да жүр. Асығыс толтырылғаны көрініп тұр, жазбаларға қайта-қайта түзетулер енгізіліпті. Міне, нағыз жан толқытар сәтке де жеттік. Осыдан 78 жыл бұрынғы оқиғаны Сәбеңнің жары Мәриям апай суреттеп айтқан жерге де келдік. Смағұлдың арбаға салынған мәйітінің соңында қайын атасы Әлихан Бөкейханов пен жары Елизавета Сәдуақасованың келе жатқанын еске алған еді ол. Сәбең олардың жанына барып, көңіл айтқанын да апамыз айтып кеткен. Біз де дәл сол жерде тұрмыз. Уа, дариға, қайран аумалы-төкпелі дүние-ай, десеңші. Енді сол оқиғадан 78 жыл өткенде Тәуелсіз Қазақстаннан келіп, арысы­мыз­дың күлін алып кеткелі тұрмыз... Қазақ халқы тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз билігі өз қолына көшкен ел болмаса Смағұлды кім іздегендей еді? Кезінде есімінің өзін ауызға ал­ғызбай, алда-жалда айтып қалған адам болса жа­заға ұшыратқан да кездер болды ғой. Сондағы Смағұлдың бар жазығы – елінің адамзат көшінен қалмауы жолында арпалысқандығы ғана. Бәріміз шіркеудің ішіне ендік. Ол біршама кең екен, есіктің тура қарсысындағы төрде крема­торийдің пеші болыпты. Осы жерге бұрын да келген Дихан Қамзабекұлы оған дейін темір рельс­тердің болғанын еске алды. Бірақ қазір ондай жоқ, пештің орнына образдар қойылып, ол жер шір­кеудің төріне айналған. Сол жақ бүйірінен шыққан бөлмеге ендік. Бұл дуалы ұзын, сопақтау бөлме екен. Барлық қа­бырғаларына адамдардың күлдері құтылармен қо­йылып, бергі беті шынымен жабылып, бітеліп тасталған. Күлдің кімдердікі екені құтыларда көрсетіліп тұр. Олардың өзі әртүрлі, кейбірінікі қарапайым, ал кейбірі мәрмәр тастан қашалыпты. Сондықтан оны туыстары мен достары жасатқаны білініп тұр. Смағұл ағамыздікі де мәрмәр тастан қашалып, оюлап жасалған дүние екен. Соған қарағанда, қайын атасы жасатса керек. Марат хазірет марқұмның рух шәрифіне ба­ғыштап құран оқыды және Алладан мәйіттің күлін алу ниетімізді қолдауын сұрап, бата қылды. Осы­дан кейін ғана шіркеу қызметкері арнаулы аспаптармен беткі шыныны қопарды. Мәрмәр құты зілдей екен, Дихан мен Серікқали оны еппен жерге зорға түсірді. Орнына әдейі сол үшін Қазақ­станнан жасатып әкелінген тақта-белгі қойылды. Онда: «Бұл жерде 1933-2011 жылдары Қазақ­станның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ре­п­рессия құрбаны Смағұл Сәдуақасовтың сүйе­гінің күлі тұрды. Астана қаласына жерленді» деген сөздер қазақ-орыс тілдерінде жазылыпты. Айта кететін жәйт, осы «Донской монас­тырьде» Ә.Бөкейханов, Н.Нұрмақов сияқты репрессия құрбаны болған арыстарымыздың да сүйегі көппен бірге «бауырластар зиратына» жерленіпті. «Олар­дың сүйегін анықтау мүмкін емес, тек осы жерге олардың есімдері жазылған бір тасбелгі ор­натуымыз керек-ақ», дейді Серікқали Байменше. Осы күні түнде Смағұлдың күлін елшілік қызметкерлерінің көмегімен ешқандай кедергісіз өзіміздің ұшаққа енгізе алдық. Астана әуежайында қазақтың қайсар ұлы Смағұлдың рухын қоғам, мәдениет, саясат қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен студенттер қауымынан тұратын қалың топ зор салтанатпен қарсы алды. Әуежайдың үстінде күшейтілген дауыспен: «874-ші рейспен Мәскеу­ден қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың рухы оралды» деп айтып тұрды. Көптеген адамдардың көздерінен жас шығып кеткендігінің куәсі болдық. Әуежайдың төменгі залында шағын митинг болып, онда Н.Ораз, Д.Қамзабекұлы, Н.Айтов, С.Негимов және басқалар сөз сөйледі. Осыдан кейін Смағұл Сәдуақасов сүйегінің күлі жерлеу мәселесі шешілгенше уақытша сақтауға белгіленген орынға жеткізілді. Жақсыбай САМРАТ. Астана – Мәскеу – Астана.