22 Қаңтар, 2011

Тіл тұтас болса, ел тұтас

624 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Өткен 2010 жылдың соңында, анықтап айтсақ, Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана қаласының бір топ зиялылары «Тілдерді қол­да­ну мен дамытудың 2011-20 жыл­­­­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ла­масы» деген Үкіметтік жо­­­баға қа­тысты, өз мәлімдемесін жасады десек, осы ұсыныс-үн­деу­ді барлық газеттер іліп әке­те­тін­дей, артынша барлық басы­лым­дар «атой» сала­тын­дай көрін­ген. Өйткені, қалың бұқараға керек­тінің тамырын тап басқан, әлеу­меттің бітеу жарасын ашуға пай­далы бастама осындай-ақ болар. Бірақ... айнала жым-жырт... Тө­мен­дегі мақаланы осы пара­докс­тің сыры мен та­би­ғатына үңі­луге де­ген шағын тал­пы­ныс деп қа­былдаған жөн. Әңгіме қоғамның мінезіне қа­тыс­ты болғандықтан, оны сана мен тілге анықтама беруден бас­тайын. Адам жанының сипаттары мен қасиеттері жиынтығын «сана» дейміз. Сайып келгенде, жан тазасы мен сана тазасы бір ұғым. Ал тілге келер болсақ, ол қа­ты­настың және күллі мәдени-рухани дамудың пәрменді құралы. Гәп сонда, екі феномен (тіл мен сана) өзара әсер етпей қал­май­ды, бірі екіншісінің етегіне та­­биғи түрде жар­масып жүреді. Сондықтан тіл то­қы­раған жерде, сананың толысуы не­ғай­был, бәл­ки мүмкін емес. Бұл – бір. Келесі айтарым: адамзат тари­хы бізге бір елдің басқа жұрттың жер, суын жаулап алуын паш етеді. Мұны отарлау, я болмаса бас­қыншылық дейді. Қарумен отарлау – жағалауға ұрған сойқанды тол­қын сияқты, күші сарқылса болды, кері қайтады. Ал, бір тіл­дің екінші тілді жаулап алу ерекшелігі неде? Бұл әлем бойынша тек өткен ғасырдың соңында ғана қар­қын алған, сондықтан сыры бей­мәлім құбылыстың бірі. Бәл­кім, біздің қоғамда орын алып отырған тілге, аса нәзік мәселеге деген жанашырлық жоқтықтың, бей­қамдық пен қаперсіздіктің сыр-себебі осы арада болар. Тілдің әрі-сәрі шалажансар хал­де болуы ұлтқа қатер төнді­ре­тіні күмәнсіз. Оны бірінші кезекте жаңа айтқандай, сана саяз­ды­ғы­нан көре аламыз. Дәлелге күнделікті өмірден бірер мысалдарды келтіре кетелік. Жұрт аузына қараған азаматта­ры­мыз бірінің сөзін бірі тотықұстай қайталап жүр. Мәселен, кейбіреулері «Өзге елдерден ойқастап оз­дық» (бұған ғылымнан, рухани­лық­тан, демографиядан дәлелің кәне, жетілуді тоқтықпен шатас­тыр­сақ, құдай ұрды) десе, енді біреулер «20 жыл – қас қағым ғана сәт» деп қасқаяды. Шындығында бұл бір толқын ауы­сатын уақыт қой. Мына шапшаң заманда 20 жыл түгілі, небары 10 жыл ішінде ұрпақтар сабақтастығы үзілмек. Көзің күнде көреді, әке мен бала, ата мен немере арасындағы тілдік қатынас қиындағандығын, оған дә­­лел керек емес. Мынау да айта-айта жауыр бол­ған мысал, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздар алдымен орыс тілінде даярланады, онан соң қазақшаға еш сапасыз, шала-шар­­пы аударылған болады. Қор­лық емей не?! Мемлекеттік тілдің ғылымдағы және ұлтаралық қа­ты­настағы рөліне де қарның ашады. Естуімізше, қазақ тілінің ғы­лым саласындағы үлесі 10 пайыз­дан аспайды. Ал оның ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін сөз етудің өзі де ұят. Қазақ мек­теп­терінің саны көбеюде деседі. Бірақ бұл жұбанышымыз көше­нің, интернеттің, барша ақпарат тас­қынының астына көміліп қалды. Абай заманында қазақтың тілі, ділі мәрмәр тастай тұтас болса, діні де сондай тұтастұғын. Қазіргі алашұбар тілдік ахуал елімізде түрлі діндердің қаулап, оның ішінде ислам тармақтары көбеюіне құнарлы топырақ болуда. Қай қырынан қарасақ та, ана тіліміздің шарасыздығының куә­сіміз. Қазіргі өзге тілдің жылдан жылға үдеген басқыншылығына қа­рап отырып, ана тіліміздің ке­ңестік кезеңдегі жағдайына жы­лап көрісетін болдық. Ең сора­қысы, жас буын санасында қазақ тілі керексіз, пайдасыз деген теріс пікір орнығуда. Тілді білмейді емес, біле тұрып сөйлемейтін топ­тарды қайтерсің. Қорыта айтқанда, тіл мен сананы бірін біріне кіріктіріп, олар­дың бөліп-жаруға келмейтін тұ­тас архитектурасын, үйлесімін та­будың уақыты жетті. Тілдің да­муы мен қоғамның рухани келбеті қалыптасуын ортақ арнаға бұ­ратын бірегей бағдарлама, жаңа идеологиялық ұстаным керек. Астаналық бастамашыл топ үн­деулерін: «Ана тілін, Конс­ти­туция­да жазылған мемлекеттік тілді 33 жыл оқыған әлемде ешбір ха­лық, ешбір мемлекет жоқ» деген сөз­дермен аяқтапты. Мұны құр байбалам деп кім айтар. Ай­на­ла­йын ағайындар-ау, бұл ахуал тағы он жылға жалғасса, онда не болдық?! Қысқасынан қайырғанда, мемлекеттік тілді қажетсінбейтін, керек десеңіз, оған қарсы әрекет­тегілердің қарасы жылдан жылға молайып, қалың нөпірге айналды қазір. Тілі сорлаған елдің салт-санасы солғындап, рухы азып-тозып, тө­меншіктейтінін көре білген ұлт кө­семі Ахмет Байтұр­сынов: «Тілдің өл­гені, халықтың өлгені» десе, Ха­лық қаһарманы Бауыржан Мо­мыш­ұлы: «Қазақ пен қазақтың қа­зақша сөйлес­пе­генінен қорқа­мын» деген. Абай, Мұх­тардың тілінен жеріген, елдің мұң-зарына миы­ғынан күлетін то­ғышар топтардан не қайыр, не үміт? Жоғарыда айтылған ой-пі­кір­ле­рім­ді Абайдың: «Пайда ой­лама, ар ой­ла» деген ақыл-кеңе­сімен бекітейін. «Ар» ұғымының сөздік мағы­на­сы ождан, ұят деп білеміз. Ал, терминдік мағына­сына келсек, ол – әділ­дік, әділ болу. Сол себепті, «арлы адам» мен «әділ адам» жақын ұғым­дар. Мы­салға қариялар бата бергенінде: Ар-әділет азық болсын, Жүрген жерің жазық болсын, – деп жатады. Абайдың 38­-­сөзінде: «Бәлки ғадалет барша ізгіліктің ана­сы дүр. Нысап, ұят – бұлар ға­да­леттен шығады» деп түйетіні де сол. Иә, әділет – кез келген қо­ғам­ның іргетасы. Оны жетілудің, бе­реке-бірліктің ең зор заңы десе де бо­лады. Тілдің, руханияттың да­муы, әрине, осы құдайылық заң­ның аясында өтеді һәм оның бір үлкен тармағын құрайды. Сондықтан елдігіміздің мәні, тә­уел­сіздігіміздің мұраты – мемлекеттік тілді тұғырына қон­дыруға асы­ғайық, ағайын! Ға­сыр­лар асу­ын­­­да са­намыз тентіреп, қап деп сан соғып, қа­пы қалмау үшін, ең бас­тысы, әлем­дік тарихта қазақ болып қал­ғы­мыз келсе, ас­та­налықтардың «Тілді үй­ренуге 3 жыл» деген ұра­нын бір кі­сідей қолдап, іске асыр­ған абзал. Бұл ар-әділеттің та­лабы әрі келешек ұр­пақ алдындағы парызымыз екені хақ. Асан ОМАРОВ.