22 Қаңтар, 2011

Қойнауы құтты Күреңбел

604 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қаңтардың сары аязы сақылдап, Жер-Ана ақ мамыққа оранып, тылсым жатыр. Іссапарға ертелетіп шыққандықтан табиғаттың осы «мінезін» сезіне түстік. Мақсат – Кербұлақ ау­да­ны шаруа қожалықтарының қыстауларын аралап, жыл сайынғы дәстүрмен төрт түлік өсі­ріп, қажыр-қайрат танытқандардың шаруасын көзбен көру. Ежелден  астықты, малды аудан хал­қы шаруаларын шалқытып, егіншілік пен төрт түлік өсіруде іргелі істерді атқарып келеді. Мұнда асыл тұқымды мал өсірумен қатар, өндірісті дамыту мәселесі де оң шешімін тап­қан. Қойнауы алтын, мыс, тағы басқа қазба бай­лықтарына толы аймақта алдағы кезде қол­ға алынатын тиімді жобаларды айтпасақ тағы болмайды. Аудан орталығы Сарыөзек кентінің оң­түс­тігінде соңғы екі жылда салынған ондаған жа­ңа тұрғын үйлер әрі-бері өткен жүргіншінің назарын аударатыны анық. Алғашқы кездескен «Сәмен» шаруа қожа­лы­ғының отарына аялдаған облыс әкімі Серік Үмбетов өрісте қой қайырған Эрнест Байжанов пен Құсайын Қожахановты сөзге тартты. – Ал, жігітім, мал-жан аман ба? Жайылым қалай, – деген Серік Әбікенұлы күнгейдегі әлі бүрі түспеген жусан мен изенді жайылымға көз тастап, шаруа жайын жете білетіндігін та­ғы бір байқатты. Эрнест пен Құсайыннан қанағаттанарлық жа­уап алғаннан соң қасындағы аудан әкімі Нұр­бай Жантілеуовке малшы тұрмысына бай­ла­нысты кейбір мәселелерді тапсыруды да ұмытпады. Жазықтағы қорғаныс саласының ке­ңестік жүйе кезінен қалған ғимараттарын жекешелендіріп, шаруашылыққа ыңғайлы орын­ға айналдыру жөніндегі «Сәмен» қожа­лығының бастамасын да басшы құптады. Демек, биязы жүнді қой өсірудегі алға қойған міндеттер ауқымды. Кербұлақ ауданында төрт түлік өсіріп, тұр­мыстарын түзеп, үлкен қалалардан еңселі үй алып, ұрпағының келешегіне нақты қадам жасағандардың қатарында Сарыбастаудағы Бо­лат Сарыбаевтың отбасы да бар. Қос белдің ортасынан шатыры күнмен шағылысқан ең­сесі биік үй мен әудем жерді алып жатқан мал қорасы салыныпты. Бірден ұқыптылық пен жоғары талғам назарға түседі. Бөкең бұдан бес жыл бұрын бауырлары мен ағайын­да­ры­ның басын қосып, төрт тү­лік өсіріп, атакәсіпті алға апаруға бел бай­лапты. Әрқайсысының міндеттері белгіленіп, малдың асылын, сүт­тісін, еттісін өсіруге ден қойып, таза қанды бәй­ге аттарын баптауды да ұмытпапты. Бірліктің, ынтымақтың арқасында бар шаруа рет-ретімен жүйеленген. «Болат» шаруа қо­жа­лығының басшысы Болат Сарыбаевтың өзі шаруаға қажеттіні шапқылап жүріп тү­гендесе, Берік қыстаудағы малға басшылық жасайды. – Адам өз өмірінің қожасы. Жақсы тұрмыс та, толағай табыс та өзімізге байланысты. Қазіргі кезде қаладағыдай жағдайды жасауға барлық мүмкіндік бар. Міне, мына үйді са­лып, оған тұрмысқа қажетті ыстық, суық суды кіргіздік. Қуат көзі жарқырап жанып тұр. Жұмыла еңбек етіп, егістік алқапты тиімді пайдаланып, жаз бойы малға қажетті азықты өзіміз дайындаймыз. Техника жеткілікті. Со­нымен бірге, мал өнімдерін өңдеп, тұ­ты­ну­шы­ға ұсынуды да қолға алмақпыз. Бұл да бір табыс көзі. Шалғай дегенмен теледидар, бай­ланыс жүйесін пайдаланамыз. Еліміздегі жа­ңалықтарды ғалам­тор арқылы біліп, өркениет көшінен кенже қалмау жағын ойластыру­да­мыз. Мемлекет бас­шысының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастаманы то­лық қуаттаймыз, деді Берік Сарыбаев әңгіме арасында. Біраз жүргеннен соң «Алу-ай» шаруа қо­жалығының қыстауына да келдік. Қойшыбай Бәзілов басқарған  қожалықта 400 бас асыл тұ­қымды қой, жылқы мен ірі қара қатар өсіруде. Мұнда да егістік алқаптан жем-шөп жиналып, қора жанына жеткізіліпті. Өткен жылы әр жүз саулықтан ойдағыдай төл алып, жүн қырқыпты. Облыс әкімі Қойшыбайдан мал шаруашылығына қатысты ой-пікірін сұ­раумен қатар басқа да түйінді мәселелерге бай­ланысты ұсынысын айтып, қора-жайды аралады. Малшылар облыс әкімінің арнайы келгеніне алғыстарын айтып, осының өзі  көп демеу, қолдау екенін жеткізді. «Ырыс» шаруа қожалығы өзгелермен са­лыстырғанда ірілендірілген, сан-салалы, аты­на заты сай. Қожалық басшысы Орынтай Есжанов 3352 гектарды тиімді пайдаланып, күз­дік сеуіп, шабындық пен жайылымдықтың да бабын тауыпты. Нәтижесінде қыс пен көк­темге жететін жемді тартқызып, қамбаға құй­ған. Қысылатын жайы жоқ. Мая-мая, жап-жа­сыл екпешөп анадайдан көзге шалынады. Трак­тор, автокөлік, комбайн қатары да едәуір. Бардың бағасын білген шаруагер жандар мемлекет тарапынан ауыл шаруашы­лы­ғына жа­салған қолдауға ризашылығын жеткізіп, әңгі­ме арасында еліміздің өркендеуіне қатысты ойларында айтып қалады. Матай тауының баурайындағы қыстауға жа­қындағанда алдымыздан  шағын елді мекен көрінді. Бұл «Мырзабек» шаруа қожалы­ғы­ның тұрағы. Айналасы атшаптырым қыстау қор­шалып, малшылар мен жұмысшылар тұра­тын коттедж Алматыдағы үйлерден кем емес. Құрылысқа соңғы үлгідегі материалдар пай­даланылып, ыстық, суық су мен басқа да қа­жеттіліктер толық қамтылыпты. Облыс әкімі бастаған топ бірден мал қораларын аралады. Қаңтар айы болса да қойдың қоңы жақсы екені жылтылдаған жүнінен байқалады. Қазақ­тың «Еділбай» тұқымды қойын өсірген қожалық басшысы Арыстанбек Тәниев қой­дың да, жыл­қының да, сиырдың да асыл тұ­қымды түрін өсіріп жатқандығын ортаға сал­ды. Төрт түлік малдәрігерлік және зоотех­никалық та­лаптарға сай күтілгендіктен жыл сайын өнімділігі арта түскен. Сонымен бірге 1200 гектар егістік пен 1140 гектар жайы­лым­дық мал басын өз төлі есебінен өсіруге жеткілікті. – Шаруашылықтың негізін 2006 жылы қа­ладық. Мал өсірген соң оның асыл тұқымды, мол өнім беретін түрін өсіруге бел байладық. Нәтижесі жаман емес. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар табысымызды еселеуге мүмкіндік берді. Қора-жай, тұрғын үйлер сал­дық. Жарық, байланыс орнатылды. Жұ­мысшылардың жағдайын ескеріп, дәрігерлік қосын, монша құрылысын салдық. Адам бол­ған соң денсаулығын жақсартуға да жағдай керек. Спортпен айналысатын арнайы орын бар. Әлі де жұмыс ауқымын кеңейтіп, мал өні­мін өңдеуден өткізуді де ойластырып отыр­мыз. Бұл жөніндегі құнды жобаларымыз жа­қын жылдары жүзеге асатын болады, – дейді Арыстанбек нық сөйлеп. Қарап тұрып, қала мен ауылдың ара­сын­дағы ұқсастыққа тәнті боласың. Әрине, бәрі осылардай емес те шығар. Алайда өз қажетін өзі ашқан шаруа адамдарының қатары көбей­ген. Десек те, облыс басшысының арнайы атбасын бұрып, жағдайды білуі оларға үлкен сый болғаны анық аңғарылды.   Көңіл осын­дай­да бір марқайып қалатыны рас екен-ау. Тынымсыз тірлік кешкен малды ауыл алыстаған сайын егемендік әкелген жақ­сы­лық­ты игерген, көрген атакәсіп иелерінің өмірі ойға орала берді. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.