Татулығымызға тәубе дейтін ұлтпыз
Таңдауымыз – бірлік пен тұтастық
Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені мәлім. Татулықта ғұмыр кешіп, соғыс отын тұтатпай, бейбітшілік үшін күресу қазіргі уақыттың ең өзекті мәселесі болып табылады. Бүгінгі күнде кейбір елдерде болып жатқан соғыс туралы хабарлар Қазақстанның жастарына ертегі сияқты естіледі деп ойлаймын. Талай елдердегі қарулы қақтығыстар мен террорлық әрекеттерді көргенде расында да қатты шошимыз. Сондықтан, Мұқағали Мақатаевтың «Болмасын соғыс, болмасын!» деген өлеңін қайталай бергім келеді. Себебі, менің атам соғыс ардагері. Оның зұлмат отын жаудырған соғыс туралы әңгімелері жадымызға жатталып қалған. Ол тың игеру жылдарында отбасымен бірге Молдавиядан киелі Қостанай жеріне келіп қоныс тепкен. Бүгінде оның балалары мен немерелері осынау құтты мекенде өсіп-өніп, өркен жайып отыр. Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын! Балалық бақытты шағым Қостанайдың Ұзынкөл ауданындағы Пресногорьков деген елді мекенде өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен ұлттар мен ұлыстардың арасында бірде-бір түсініспеушілікті көрмедім. Демек, «Біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы – барлық этностар достығының жылнамасы. Біздің елімізді өркендетуге Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностық топтардың өкілдері атсалысып келеді», деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты сөзінде үлкен мән бар. Бүгінгі күнде біздің буын – елдің болашағы. Мемлекет басшысының жастарға бөліп отырған зор ықыласы мен сенімін айқын сезінудеміз. Сол себепті, біз барлық этностардың ұлттық бет-бейнесіне құрметпен қарауға бағытталған Елбасы саясатын барлық ынта-ықыласымызбен қолдаймыз. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің шаңырағында елуден астам ұлт өкілі татулық пен тыныштықта тәлім-тәрбие алып жүр. Қазақ, орыс, украин, әзербайжан болсын осы оқу ордасын өздерінің ортақ үйі деп санайды. Қазір мен сияқты жастарды бір тудың астына біріктіретін күш не деп сұраса, әрине, мемлекеттік тіл дер едім. Елім – қазақ, тілім де қазақ болуы керек деп білемін және осы елдің азаматы болғанымды мақтан етемін. Отанымыз бізді өсіріп-жеткізді және алдымызға нақты міндеттер қойды. Олардың бірі – мемлекеттік тілде сөйлеу. Менің ойымша өз жерін, мемлекеттік тілін, Отанын сүйетін және оның болашағына жүрегі сыздап ауыратын жастар қазіргі таңда аз емес. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы дарынды жастарға қолдау көрсету мен көп мәдениетті тұлға болуды насихаттау мақсатында республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпаздары мен тіл жанашырларынан тұратын «Тіл-дарын» жастар клубын құрды. Мен осы клубтың төрайымы болып тағайындалдым. Аталған клуб жұмысының негізгі міндеті – мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілге сұранысты арттыру және беделін көтеру болып табылады. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Сондықтан, өз басым болашақта тағдырымды қазақ жігітімен байланыстырамын. Екеуміз бір-бірімізді шын ұнатып, алдағы уақытта шаттыққа толар шаңырақ көтеруге бел буып отырмыз. «Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін», деп жырлаған еді Қадыр Мырза Әлі. Ақын айтқандай, ұлы қазақ даласында барлық ұлттың өкілі бір шаңырақтың астында татулықта, сыйластықта өмір сүріп жатқаны дәл бүгін бүкіл ғаламға мәлім. Осы орайда біздер, жастар барлық қазақстандықтарды түрлі этнос арасындағы өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген біртұтас қоғам қалыптастыруға шақырамыз. Ендеше, бір тіл, бір ділмен бір тудың астына бірігейік! Натали ШПАГИНА, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, магистр ҚОСТАНАЙ