Барша ұлт – бір атаның баласы
«Назарбаевтың қадірін біліңдер!» Баку көшесінде әр туристі тоқтатып алып, өзінің саяжайын мақтап, түрлі жеміс-жидектен ауыз тиіп, теңізге табаныңды батырып, маңдайыңды күнге қыздырып жататын жәннат жер ретінде сипаттап, өз кәсібін жасап жүрген егде кісі біздің Қазақстаннан екенімізді естіп осылай деген. Арагідік шекара асқанда өзге жұрт Қазақстаннан келгенімізді білгенде бірден Елбасымыздың атын атап, еңбегін айтып, бас бармағын көрсеткенде мерейіміз өсіп қалатын. Бұрнағы күні Ыстанбұлдан үшбу хат келді. «Вашингтондағы Ядролық саммитке Нұрсұлтан Назарбаевты Барак Обаманың өзі арнайы шақырыпты. Назарбаев мықты ғой». Жазған – «Жиһан Хабар» агенттігінің редакторы Хулуси Калкан. Елдің маңдайына туған есіл ердің еңбегін алты құрлықтың адамы толық біліп, хабардар болып, ризашылық танытып, риясыз құрметтеп жатса, шаттанбайтын, мақтанбайтын жының бар ма?! Анадолыдан қанат байлап жеткен бір ауыз сөз Қызылордада отырған бізді кәдімдігей қопаңдатып қойды. Сосын «Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін оқыдың ба?» деп қарсы сұрақ қойдық. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін қатар бітірген түрік жігіті оқығанын, үлкен ой түйгенін айтты. Журналистік әдетке салып, пікірін біліп алдық. – Өзің әлемнің әлпетіне қарашы,– деп бастады ол сөзін. – Әбігерленіп тұр ғой. Жер-жаһанның әр бұрышында мылтық атылып, жас бала жетім, ақжаулықты ана жесір қалып жатқан жоқ па? Түрлі террорлық әрекеттерден адамдардың сүйегі әр қалтарыста шашылып қалып жатыр емес пе? Жердің беті қатыгезденіп барады. Осы бір қанқұйлы мінез жазықсыз, ешкімге артық қиянаты жоқ, өз арбасын өздері сүйреп жүрген қарапайым адамдарға зор зардабын тигізуде. Жыл басынан бері Ыстанбұл мен Анкарада қанша рет жарылыс болды. Көшедегі кездейсоқ адамдар ажал құшты. Осы жүрегіңді ауырта ма, ауыртпай ма? Адамзат өз қателігінен өзі сабақ алуды қойған сияқты болып көрінеді маған. Әйтпесе, атыс-шабыс, жарылыс-соғыстан ешбір ел ұпайын түгендемейтінін, қайта кері кететінін, тек бейбіт те мамыражай өмір ғана жарқын болашаққа жол бастайтынын, ынтымақтаса өмір сүргеннің ырысы таситынын түсінетін уақыт жетті емес пе?! Президент Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін оқығанда мен осыны ұқтым. Нұрсұлтан Әбішұлы ғаламның тұтас халқы, әлемдік лидерлердің бәрі білетін, түсінетін, ұғатын, бірақ айтпайтын, айтса да орындамайтын бейбітшілік мәселесін БҰҰ-ның мінберінен мәлім еткені қуантты. Мына ессіздікке бой алдырып бара жатқан Жер шарын сабырға, ынтымаққа, бейбіт өмірге шақыратын осындай бір адам болуы керек еді. Ондай адамның Нұрсұлтан Назарбаев болғаны мені шын қуантты. Өзім бес жыл ауасын жұтып, суын ішіп, дархан көңілін сезінген біртуған қазақ халқының Көшбасшысы әлемнің қисайған арбасын түзеуге атсалысып жатса, қалай қуанбассың?! Санасында саңлауы бар адам болса Президент Назарбаевтың сөзі көп нәрсені ұғындырады. Әлемнің көшбасшы елдеріне адамның озық ойы мен технологияның жетістігін игілік пен ізгілікке жұмсауға үндейді. Жаппай қырып-жоятын ядролық қарулардан болатын қайғы мен қасіретті азайту керектігін баса назарға салады. Ал оны ең алдымен ядролық қаруды шығаруды доғарудан бастау керек екенін еске салады. Мұндай ажал құралының террорлық ұйымдардың қолына түссе, адамзат өмір бойы өшпес өкінішке кезігетінін жеткізеді. Рас қой. Ядролық қару жазықсыз жандардың қанын төгіп жатқан қаскөйлерге жетсе, не боламыз? Ыстанбұл, Анкара, Париж, Брюссель секілді қалаларда болған терактілер оның қасында түк емес қой. Әрі-беріден соң 2001 жылы 11 қыркүйекте сол Америкада болған қайғылы оқиғаның өзі баланың ойыншығы болып қалмай ма? Егер ядролық державалар жаппай-қырып жоятын қаруды шығара беруді доғармаса, мемлекеттер бір-біріне қырын қарап, астамшылық жасап, үстемдік қыла беретін болса, әлемнің алдында ІІІ дүниежүзілік соғыс тұр. Нұрсұлтан Назарбаев осы үлкен қатерді жер бетінің халқына анық аңғартады. Өткен тарихтан сабақ алуға шақырады. Нағыз халқын ойлайтын, әлемдегі тыныштықты қалайтын Көшбасшының сөзі осындай болса керек. Түркі дүниесі ақсақалының осы сөзіне тұтас жаһан құлақ түруі керек деп есептеймін. Адамзаттың болашағын ойласақ, жер бетіндегі бейбітшілікті сақтауға, оны баланы бесікте тербеткендей әлдилеп ұстауға әрбір адам, әсіресе, әлемдік лидерлер атсалысуға тиіс. Болашақ ядролық қаруда емес, атомды бейбіт мақсатқа қолдануда болады. Сол себепті ойы озық елдер адам өмірін қиятын қару емес, адамзатты алға жетелейтін жаңа технологиялар ойлап тапқаны жөн. Бүгінгідей қысыл-таяң шақтан бізді сабыр мен суық ақыл, екіжақты диалог пен келісім алып шығады. Адамзат бір-біріне болысып, кешірімді болып, ымыраласып, ынтымақтасып өмір сүргенде ғана бейбітшілікке қол жеткізеді. Заман игілігін адам үшін қолданғанда ғана Жер шарында тыныштық орнайды. Қазақта «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген сөз бар. Адам адамға жолдас деп білемін. Сондықтан мемлекеттер соғыс отын тұтатпай, қайта бейбітшілікке жол бастауы керек. Президент Назарбаев әлемді осыған шақырып отыр. Ендігі мәселе қалған жұрттың осы сөзге мән беруі мен іске асыруында деп ойлаймын. Айналып келгенде, адамзаттың өзі бір атаның баласы ғой. Ал бір атаның баласына қырық пышақ болып, бір-біріне мылтық кезеп, ажал құштырып жату жараспайтын тірлік емес пе? Қарап тұрсаңыз, қарапайым ғана қисын. Сол қисынға көп адамның табан тіремейтіні ғана қиналтады. Әйтпесе, әлем тыныштықтың бесігінде тербелуге лайықты ғой,– дейді Хулуси Калкан. Ыстанбұлда жатып, Қазақстандағы әрбір жаңалықты қалт жібермей қарап отыратын, Елбасының әлемге үндеуін оқып, соған шын жүрегімен тілектес болып жүрген түрік қандасқа біз де өз ризашылығымызды білдірдік. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы Суретте: Х.КАЛКАН (Түркия)Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше