Біздің аталарымыз болгарлар өткен ғасырдың 70-80-жылдары қуғын-сүргін көріп, босып қазақ жеріне жетіп, Жетісу өңіріне келген екен. Қазақ халқы пана болып тұратын баспана беріп, тамақтандырып, киер киіммен де қамтып, үлкен қамқорлық көрсеткенін аталарымыз бен әжелеріміз үнемі айтып санамызға сіңіріп өсірді. Сол болгарлардың мен үшінші ұрпағымын. Күні кеше Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында сөйлеген ұлағатты сөзін ет құлағыммен естіп, ерекше әсер алдым. Енді сол қуанышымды бауырларыммен бөлісіп, Алматы облысының Сарқан ауданындағы ғана емес, барлық болгарларды қуантуға асығып, Астана – Талдықорған ұшағына мінген жайым бар. Мемлекет басшысы сессия делегаттарына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Нақтылай түссем, Ұлт Жоспарының 4-ші қадамында айтылған құндылықты жүзеге асыруды ұғындырды. Елбасы сабырмен айтқан әр сөзін мұқият тыңдап отырып «Біз Мәңгілік Елдің Жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге шақырамыз», деген жолдарды жазып алдым. Ертең тумаларыма осы жолдарды сөзбе-сөз оқып беремін. Сонда аталарым мен әжелерім бірінші кезекте қуана көздеріне жас алатынын да сезіп отырмын. Әрине, ол қуанғандықтан шығатын жас қой. Көнекөз қарттардың көргендері де, көкейлеріне түйгендері де көп. Соны саралап отырып балалары мен немере-шөберелеріне айтатыны – қазақтарды сыйлаңдар, біз орнатқан татулықты сақтаңдар дегеннен айнымайды. Өйткені елдің тілеуі – тыныштық пен бейбітшілік. Құдайға шүкір, Жетісу жеріндегі 103 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Біле-білсек, сол татулыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тірек болып отыр. Оны өз басым «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін тыңдап отырып тағы бір мәрте түсіне түстім. Тағы бір айтарым, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясы бейбіт өмірдің ұйытқысы әрі бірлікке ұмтылған ұлттарды жігерлендірушісі болды деуге негіз бар.
Дарья КРАВЧЕНКО,
Алматы облыстық болгар этномәдени орталығының төрайымы