28 Сәуір, 2016

Тіл саясатының Сұлтаны

581 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
обложкаҚайта құру, жариялылық, сая­си әралуандылық деп аталатын демократияның жыл құсындай болған алғашқы ны­шан­дарының бой көтеруі­мен бірге дәуірлеп, өте тас­қын­ды, тегеурінді сипат алған про­б­леманың бірі – елдегі тіл сая­саты, қазақ тілінің мәртебесін көтеру болды. Мәселе еліміз тәуел­сіздікке жеткен тарихи кезеңде өте өткір қойылды. Ахуал күрделі еді. Қазақ ұлты өкілдерінің, әсі­ре­се, оның ұлтжанды интел­ли­ген­­­циясының саяси сана­сын­да­ғы күрт өзгерістердің ықпа­лы­нан, қоғамдық сұраныстан мем­ле­кеттегі тіл құрылысы қоғам­дық қа­ты­настардың өт­кір саласына – аса күрделі сая­сат­қа айналды. Және оны мемлекет сая­саты мен қызметінің жанды, пәрменді бағытына айналдырып, тез арада шешуді қоғамдық пікір ерекше тегеурінмен талап етті. Осындай тарихи кезеңдегі елдің өміріндегі атаулы оқиға Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығы­мен Тіл комитеті өмірге келіп, төраға­лы­ғына Сұлтан Шәріпұлы Оразалин тағайындалып, Қазақ­стан Үкіметінің қаулысымен комитет құзыреттері анықталып, оның жергілікті органдарының құрылуы болды. Осылайша, Қазақ­стандағы тіл құрылысы мен тіл саясатындағы жаңа, қағидатты сапалық, кадрлық, ұйымдық-құқық­тық, ұйымдастырушылық кезең басталды. Осы жауапты бе­лес­те аса күрделі тіл саясатын үй­лес­тіруші, бағыттаушы жалпы­мем­лекеттік құрылымның басшы­лығына С.Оразалиннің келуі кез­дейсоқтық па, әлде заңдылық па? Президент Н.Назарбаевтың таңдауы неге С. Оразалинге түсті? Бұл, әлбетте, табиғи да заңды, әді­летті, қоғам өте жылы қабыл­да­ған шешім еді. Ондай жоғары – Үкімет мүшесіне теңестірілген лауазымға лайықты кадрлар сол кезде де жеткілікті болатын. Өйт­кені, құдайға шүкір, ұлтымыз қа­­шан­­­да білікті кадрларға бай. Білік­­­ті азаматтардан кенде емес. Мә­­­се­ле соларды көре білуде, та­нып-таңдай білуде, мансапты қыз­­­ған­бай, шек­­­теп, шеттетпей қолына тізгін беріп, сенім көрсетуде жатыр. Тіл ко­ми­тетіне С.Оразалинді ұсынған Үкі­мет­тегі лауазымды тұлғалар және олардың осы ұсынысын қа­был­­дап, бекіткен Президент, сірә, біз­дің пайымдауымызша, мына бір фак­тор­ларды есіне алған болуы керек. С.Оразалин сол кезде де елге таны­мал тұлға, белгілі бас­шы, мем­лекеттік-саяси істер­ді бас­қару­дың сындарлы саяси-ұйымдық мектебінен өткен қайрат­кер бола­тын. Төрағалыққа кан­ди­дат­тың кезінде елдегі бүкіл саяси, кадр­лық, идеологиялық би­лік­ті уысына шоғырландырған Қазақ­стан Компартиясы Орталық Ко­митетінің аппаратында, оның мәде­ниет бөлімінде сектор мең­геру­шісі болып қызмет істеуі, яғни республикалық деңгейдегі қызмет тәжірибесі, елдегі, оның аймақтарындағы ахуалдан хабар­дарлығы, абырой-беделі ескеріл­ген сияқты. Басқа этностардың мүд­десін де еске алу қажеттігін пайым­дай білетін дүниетанымы­ның кеңдігі, яғни жалпы мемлекет­тік тұрғыдан мәселені қоя білу­дегі, ұйымдастыра білудегі, шеше білу­дегі біліктілігі мен пара­саты алға шыққаны сөзсіз. Әрі мемлекеттік тілдің бойындағы біліми, ғылыми, рухани, тәрбиелік байлық пен ақпа­рат­тық мүмкіндігін, ашылмаған әлеуетін сол кезде біліп, танып, игер­гендігі, рухани әлеуеті, елде кеңінен танымал болған пуб­ли­цистикалық дарыны мен тегеу­ріні, сөз өнеріндегі шеберлігі мен шешендігі, қазақ тілі мен әде­биетінен, салт-санасы мен дәс­түрі­нен ұлан-ғайыр терең білімі қапер­ге алынғаны да анық. Сонымен бірге, халқымыздың ақылман ұлы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, С.Оразалинді сонау бозбала, студент кезінен біліп, танып, бағалап, әр жетістігін саралап жүретін, біз байқағанда артық, әсіре мақтауға сараң, әр сө­зін екшеп, бажайлап айтатын за­ман­дасы, досы, марқұм Әбіш Кекіл­баевтың сөзімен айтқанда: «Ұлы Абайымыз бен әлем пер­зенті Мұхтарымыздың өркенді өл­кесі ретінде танымал, қасиетті қара топырақта туып-өсіп, бала кезі­нен сол тұлғаларды пір тұтып, баға жетпес рухани мұраларын қас­терлеп, есейе келе тіліміздің тыныс-тірішілігін тал бойына сіңіріп: «Ана тілімізді аялап-әлпе­штеу – менің де азаматтық борышым» деп түсінетін азаматтық ұстанымы. Яғни – Абай мен оның кемеңгер шәкірттерінің сөзі­нің, ойының, өнерінің таза бұла­ғынан бала күнінен нәр алып, бойына біліктілікпен, талғаммен молынан, қабағат сіңірген Сұлтан Оразалиннің жаңа тіл саясатын үйлестірудің басында тұруы – заң­ды да табиғи таңдау еді. Президент Н.Назарбаевтың С.Оразалинді Тіл комитеті төр­аға­лы­ғына тағайындаудағы бастау-бағдар сөзінен де мәселенің күр­делілігі, жауапкершілік салмағы бірден көрініп тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бұдан бұрын да сіз туралы әртүрлі ұсы­­­ныстар болған еді, сәті бүгін түс­ті... Комитет тілді дамытуға бай­ла­ныс­­ты дүниежүзінің тәжірибесін жи­нақтап, қорытып, қажеттісін пай­далануы керек. Тыңға түрен сал­ғалы отырмыз: оңай болмайды. Тіл төңірегінде байбалам салып жүр­­гендер де жетерлік. Олар­мен де са­бырлы жұмыс істеу ке­рек. Тіл бұл күнде үлкен сая­сат­қа ай­нал­ды... Сондықтан, батыл­­дық­пен қоса байыптылық, өт­кір­­лік­­пен қоса икемділік қатар жүруі ке­рек. Осы ауыр жүкті тәжі­ри­бесі бар, өнер мен әдебиет сала­сында аты мәлім азамат деп, Сұлтеке, сіз­ге сеніп тапсырғалы отыр­мын», – деп түйеді. Осы жерде мына бір та­­ри­хи шындыққа назар ауда­ру­ды қа­жет деп есептеймін. Пре­зи­­­дент­тің сонау 1993 жылдың көк­­темін­де, яғни осыдан 23 жыл бұрын саладағы ахуалға берген тұ­ж­ы­рымды бағасы кей жайттарды, өкі­нішке қарай, елімізде көп ретте күні бүгінге дейін сақталып келе­ді. Тіл проблемалары, әсіресе, мем­ле­кет­тік тілдің мәртебесін көтеру тө­ңі­регіндегі мемлекеттік уәкі­­лет­­ті ор­гандардың әр қада­мы кей­бір топ­тар тарапынан кәдім­гі­дей қар­сы­лыққа ұшырайды. Ахуалды пай­да­ланып байбалам салу­шылар, жол­би­келер де аз емес. Өкі­нішт­ісі, оның айналасында ана тілі­міз­дің бе­делі мен күрделі тағ­ды­рын пай­да­ланып, саяси ұпай жи­на­ғысы келетін қайсыбір әде­биет қай­раткерлерінің жүретіні өкі­нішті-ақ. Осы арада Сұлтекеңнің: «Ті­лім­­­­нің тау­қыметі тоғыз батпан!» де­­ген жанайқайын әбден түсінуге бо­ла­­ды. Және оның тауқыметінің ши­­­­рек ғасыр уақыт ішінде әлі де же­­­ңіл­­­­демей тұрғаны ойлы Алаш аза­­­­м­а­­тының жүрегін сыздатады. Осы­­­­дан шығар бір қорытынды, кезін­­­­­де Сұлтекеңдер бастаған істің кү­р­­­­делілігі мен қиындығы, абыройы мен ма­­­­ңызы бүгінде жаңа қырынан көрінеді. Жалпы, тіл саясаты  біздің кейіп­керімізден басталмайды және онымен аяқ­тал­ған жоқ. Оның жолындағы ұлы күрес А.Байтұрсынов, С.Сей­фул­лин, Қ.Жұбановтан бас­та­лып, бүгінде өз жалғасын табу­да. Бұл іске елі­міз­дің ең бір интел­лек­туал­ды күш­тері, мемлекет және қо­ғам қай­рат­керлері, Пар­ла­мент де­путаттары, ғалымдар, жазу­шылар, белгілі өнер қайраткерлері, тіпті, бүкіл халық – қазақ тілінің қа­ра­п­айым жана­шырлары қатысуда. С.Оразалиннің Тіл комитеті төр­ағасы болып келген кездегі жұ­мыс­тың жауаптылығын, күрде­лілігін, оның бүкіл тауқыметін біртуар жазу­шы Тахауи Ахтанов мына бір тілек сөздерімен дөп біл­діріпті: «Қат­­ты қуанып тұрмын. Пре­зи­ден­ті­­­міз­дің бұл Жарлығы өте игі­лік­­­ті іс бол­ды. Ал сені қой­ға­ны­на, тіп­­­ті, ри­за­­мын. Елге, тілге жа­ны аши­­­­тын адам­сың. Енді аянба! Қол­дау, қор­­­ғау ке­рек болса бар­мыз ғой. Тіл үшін күрес­кен баба­лары­мыз­дың аман қал­ғаны жоқ еді, бірақ се­­нің зама­ның басқа. Досың да, дұш­­­­паның да көбейер, тек сақ бол, бауы­­­рым»... Тахаңның аузы уәлі екен. Сұл­текең аман, ортамызда, ал Тахаң айтқан тауқыметтің бәрін көрді. Елбасы Жарлығымен Тіл коми­т­еті­нің төрағалығына тағайын­дал­ған С.Оразалин алдымен ко­митетті құру туралы Үкімет қаулысын қабылдатудың ұйымдық-құқықтық мәселелерімен өзі тікелей және күн­­делікті айналысты. Үкімет жа­нынан жаңадан дербес басқару ор­ганын құру күрделі, талас-тартысы көп, қиямет-қайым жұмыс екенін жұрттың бәрі біле бермейді. Жалпы, кез келген мәселе бойынша Үкімет қаулысын қабылдату өте күрделі ұйымдық, нормативтік-құқықтық үдеріс. Қаржы бөлуі, басқасы бар, аса күрделі шара. Ал егер ол уақыт 1993 жыл еліміз үшін аса күрделі кезең болса ше? Қаулы еліміздегі ең бір шетін де нәзік мәселе – тіл саясаты туралы болса ше? Қау­лы­дағы болашақ комитеттің міндеттері мен қызметінің негізгі бағыттары, кадрлық құрамы, оның материалдық-қаржылық жағ­дайы және басқадай принципті мәсе­лелерді республикалық онда­ған министрліктер мен һәм ведо­мство­лармен келісудің қатаң рәсім­дік тәртібі бар екендігін еске ал­сақ – оның жаңа, жас төрағадан қан­шалықты күш-жігерді талап еткенін, сонымен бірге, оған қан­ша­ма салмақ салғанын түсіну қиын емес. Қаулы Президент Жарлығынан кейін қысқа мерзімде – бір ай екі күн ішінде қабылданыпты. Сұл­текеңнің басшылық, ұйым­дастырушылық қарым-қа­бі­летін бұл жағдай ә де­геннен-ақ танытып тастады. Егер бүгінде Үкіметтің 1993 жылғы 7 мамыр күні Тіл комитетін құру тура­лы қабылдаған №374 қау­лысын парақтасақ, оның нақтылылығын, тіл сая­са­тын жүзеге асыру, одан туын­дайтын көптеген ұйым­дық мәселелерді реттеудің құ­қық­тық-нормативтік бе­рік негізі қаланғанын көруге болады. Мұнда да Сұлтекең қол­таң­басы ай­шықталған болатын. Қаулыда және онда бекітілген Тіл комитеті туралы Ережеде оның басты міндеттері болып Тіл туралы заңның жүзеге асуы; қазақ тілін және басқа ұлттық тілдерді дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуын қамтамасыз ету; тіл саласында бір­ыңғай мемлекеттік саясат жүргізу, оны жүргізудің пәрменді тетігін жасау және ұлт тілдерін жаңғырту мен дамытуға қажетті жағдай туғызу болып белгіленген еді. Қаулының тағы бір пәрменді тұсы және бүкіл ел көлемінде мем­­лекеттік тіл саясатын реттеуге ұйым­­дық-құқықтық негіз болған арнайы 14-ші тармағы еді: «Облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкім­дері екі ай мерзім ішінде: облыс­тар­да, қалалар мен аудандарда жер­гілікті бюджет есебінен қар­жы­ландыратын тиісті дербес басқар­малар құрсын, қызмет жайларын бөліп, материалдық-техникалық база жасау мен нығайтуға көмек көрсетсін, қызметкерлерге тұрғын үй бөлуді, пәтерлерге телефон ор­натуды, мектепке дейінгі бала­лар мекемелерінен орын бөлуді қамтамасыз етсін», делінген онда. Қабылданған Ережеге сәйкес осы аумақтық басқармалардың бас­­тық­­тары жергілікті әкімдер жанын­­дағы алқалардың мүшесі болып ай­қын­­далуы да сол мерзім үшін бас­­қар­­малардың бедел алуына бағыт­талған дұрыс ұйым­дық шешім болғандығы күмәнсіз. Сұлтекеңнің шешімталдығы бұл істе де бой көрсеткен-ді. Қаулыда комитет тіл саясатын жүзеге асыруға байланысты ми­нистр­ліктердің, мемлекеттік коми­тет­тер мен ведомстволардың, меке­ме­лердің қызметін үйлестіреді және Тіл туралы заңның орын­далуын ба­қы­лауды жүзеге асырады, оны бұзу фактілерін қарайды және олар жө­нінде өз құзыреті ауқымында ше­шім қабылдайды деп жазылған. Соны­мен бірге, комитеттің штаты мен материалдық жағдайы да, бас­шы­­лығының мәртебесі де нақ­ты­лы анық­талды. Мысалы, осы­ған бай­­ла­нысты тиісті баптарда бы­лай жа­зыл­ған еді: « ... 2. Тіл ко­ми­теті бас­қару аппаратына 60 адам (күзет қыз­­меті мен ғимаратты күту­ші­лер­­ді қоспағанда); төраға­ның 3 оры­н­­басары, соның ішінде, 1 бі­рін­­ші орынбасары болады деп белгіленсін... 4. Тіл комитетінің төрағасы материалдық-тұрмыстық және меди­циналық қамтамасыз ету, көлік қызметін пайдалану жағдайы бо­йын­­ша республика министріне, ал төр­ағаның орынбасарларының қыз­меті республика министрлері орын­ба­сарларының қызметіне теңестірілсін». Осы Қаулының 5-13 баптарын­да комитеттің материалдық базасы мә­селелері, техникамен, ғима­рат­пен, қызмет көлігі ретінде тран­спортпен қамтамасыз ету оның меншігіне дербес, тікелей бағыныстағы «Ана тілі» баспа­сын беру мәселелерінің түбегей­лі және нақтылы шешілуі төраға­ның алғашқы айлардағы ұйым­дастырушылық қызметінің нақты нәтижесі еді. Осы қаулыдағы тіл саясатын жүзеге асырып, рет­теу­дегі комитеттің жұмысын анық­­таған көптеген қағидалар кейін­­­нен осы органның орнында құ­рылған, яғни ізбасары болған Ми­нистрліктер жанындағы коми­тет­­тердің, департаменттердің, бас­қар­малардың қызметінің негізі бол­ғандығын бүгінде де ізерлей талдаған адам бірден байқайды. Тарих үшін мәлімет: мемле­кет­тік тіл саясатын жүзеге асыру тетіктерін нақтылаған Үкіметтің әлеуетті қаулысына қол қойған сол кездегі Премьер-министр Сергей Терещенко еді... Тәуелсіз Қазақстандағы жаңа тіл саясатының басы-қасында бол­­ған Сұлтан Оразалин мен оның командасы не тындырды, тәуел­­сіздік берген мүмкіндікті пай­­да­ла­нып, еліміздегі тіл ғима­раты­­ның тұғырланып еңселенуі үшін қандай кірпіштер қалады? Бірін­шіден, сол кезеңде елі­міз­де тіл саясатын жүзеге асы­ру­­да­ғы мемлекет машина­сы­ның тетігі қалыптасып, тіл проб­ле­ма­­ларын үйлестіру, шешу мем­ле­­к­ет­тік органдардың нақты бір фун­к­циясына, міндеттілігіне ай­нал­ды. Комитет құрылғаннан кейін­гі айналасы үш-төрт айда 60 қыз­меткері бар орталық аппарат жасақ­талып, тіл саясатын жүзеге асыру­дың нақты бағыттарын анық­тау, оны жүзеге асырудың тетік-тегершіктерін белгілеу, мате­риал­дық-қаржылық, техникалық жағ­дайын шешу, тіл саясатын, тіл құ­ры­лысын терең білетін маман­дар­ды із­деп, оларды елдегі тілдік ахуал­ды, этностардың тіл саласындағы мүд­де­­лерін сараптап, түзіп, олар­ды нақ­­ты орындауға жұмылдыру сияқ­­­ты жұмыстар тындырылды. Осы жыл­дары республиканың 19 об­лы­сында, 80-нен аса қаласын­да, 218 ауданында тіл басқарма­лары мен бөлімдері құрылды. Ал мұн­дай тың құрылымдарды жаңадан құру, олардың құзыреттері мен функ­цияларын әр қырынан жан-жақты негіздеп, анықтау, қызмет­терін үйлестіру қаншама қиындық, талас пен тартысқа түскенін, жүйке жұ­қар­тар іс екенін сол кезеңде осы іске араласқан азаматтар жақ­сы біле­ді. Көбіміз сол істің басы-қа­сын­да болдық, шама-шарқы­мызша атсалыстық. Екіншіден, іс қағаздарын екі тілде жүргізудің негізі сол кезде салынды. Бұл дегеніңіз – күрмеуі қиын, бүгінге дейін созылмалы сипат алған, тіл құрылысындағы ең күрделі шаруалардың бірі еді. Ең қиыны – бұл іске алдымен мем­лекеттік органдардың басшы­ларын иландырып, жұмылдыру болатын. Ал сол кезеңде басқару саласындағы кадрлардың көбінің, әсіресе, жұмыс бабында орыс тіліне дағдыланғандығын, әрі қазақ тілін білгісі келмейтіндігін еске алсақ, мәселенің ауқымы мен күрделілігін көзге елестете беріңіз. Үшіншіден, комитеттің, оның жер­гілікті бөлімдерінің оно­­мас­­тика саласында атқарған шаруа­сы сол кезде ел халқының құра­мындағы қазақтардың үлес сал­мағы 40 пайызға жаңа жақындай бас­таған сол кезде ерлікке пара-пар еді. Мысалы, тек 1993-1995 жыл­дары 3 облыстың, қаланың, 26 аудан­ның, 347 кент пен ауылдық 90 шаруашылықтың, 8 жоғары және арнаулы оқу орнының, 238 мек­тептің және көптеген мәде­ниет ошақтарының аты өзгер­тілді. Мәселен, комитеттің Аман Тілеубаев төрағалық еткен сол кездегі Семей облысындағы бас­қар­масы да жемісті еңбек ет­кені менің көз алдымда. Соған бір нақ­ты мысал: Семей қаласы­ның ең басты 27 даңғылы мен күретамыр көшелеріне Абай, Шәкәрім, М.Әуезов, Бөгенбай мен Қабанбай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұр­сынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіп­бек Аймауытов, Әріп пен Әсет, Кемпірбай, Көкбай, Бауыр­жан Момышұлы есімдері ономастикалық комиссияның ұсы­нысы бойынша қалалық Кеңестің тұжырымды да кесімді бір-ақ шешімімен берілді. Осындай келісті шешімнің Алматы қаласында да қабылданғаны белгілі. Төртіншіден, мектепке дейінгі тәрбие мен білім саласына мемле­кеттік тілді енгізу, орта білімді мемлекеттік тілге ошара көшірудегі ұлы жорық сол кезде үлкен өріс алып, көптеген қиындықтарды еңсере отырып осы күндері де өзінің жемісті жалғасын табуда. Ойымызды одан әрі жал­ғасақ, 1997 жылы Тіл тура­лы жаңа заңның жобасын әзір­леп, ор­та­лық мемлекеттік орган­дар­мен келісудің, оны Үкіметтің ше­ш­і­мімен Парламентке ұсы­ну­­дың барлық күрделі, тар­тыс­ты, таласты істерінің, жоба­ның Парламентте, оның екі па­ла­тасындағы комитеттерден өтіп қабылдануының бүкіл қиын­шы­лығын көтерді. Әсіресе, Парла­мент депутаттары алдында заң жобасын талқылауда С.Ора­за­лин­­нің табандылығы, әлемдік тіл құрылысы саласындағы заң­на­малық тәжірибені игерудегі білік­ті­лігі, мемлекеттік ұстанымы, қажетті жерде икемділігі мен мәмі­л­егерлігі жалпы пікірталас бары­сында, комитеттердегі ұзақ-сонар айтыстарда ерекше көрінді. Бұған Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде заң жобасына бас комитет болып бекітілген Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жұмыс тобын басқарған кезде біздің көзіміз әбден жетті. Заңды қабыл­дау оңайға түскен жоқ. Мәжіліс құ­рамында заң жобасының көп­те­ген ұстанымдарына қарсы депутаттар жетіп артылатын... Олардың қарсы­лығы абыроймен еңсерілді. Бұл да – Сұлтекеңнің еңбегінің елеулілерінің қатарында. 1997 жылғы шілдеде ел Пре­зиденті Қазақстан Респуб­лика­сындағы «Тіл туралы» Заңға қол қойғаннан кейін С.Оразалин осы заңды орындау жөніндегі бүкіл іс-шаралардың бел ортасында болды. Заңды орындаудың бүкіл ел бойынша нақты шараларын тұжырымдап, саралай ұсынды. Мысалы, 1997 жылы 10 шілдеде Алматы қаласында өткен респуб­лиалық семинар-кеңесте ол мына­дай нақты ұсыныстар айтты: – Мемлекеттік бюджетті қабыл­дағанда тілдерді дамытуға арнал­ған қаржыны жеке бөліп көрсету; – «Тілдер туралы» заңды жүзе­ге асырудың құқықтық тетігі болып табылатын қылмыстық, әкімшілік тәртіп бұзушылық, Еңбек туралы кодекстерге толықтырулар енгізу қажеттігі; – Тіл саясатын үйлестіретін мем­ле­кеттік өкілетті органның заңды тұлға ретіндегі мәртебесін анық­тап, оның жергілікті құры­лым­дарын қалпына келтіру; – Тіл үйретуге бағытталған ком­пьютерлік кабинеттер ашу, оларға бағыт-бағдар беріп отыра­тын республикалық ғылыми-әдістемелік орталық құру; – Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшірудің кезең-кезеңге бөлінген нақты жоспарын жасау; – Мемлекеттік емес оқу орын­да­рына лицензия беруде, телерадио­арналарға тендер жариялағанда олардың мемлекеттік тілде жұмыс істеуіне баса назар аудару және тағы да басқа тіл мәселесіне байланысты ондаған нақты ұсыныстар. Тұжыра айтсақ, егер сол кез­дегі тіл саясатындағы күрделі іс­тің басында С. Оразалин сын­ды күрес­кер, қайсар, білікті де білім­ді, жалынды публи­цист, бедел­ді танымал тұлға тұр­ма­ған­да мем­лекеттік тілдің бүгінгі дәре­жесіне де жетуі неғайбыл еді. Кейде таяқ жеп, етекбастыны да көп көрді, өзіміздің қандас­тары­­мыз, әсіресе, орыстілді бауыр­­лар басқалардың отына май құйып, мәселені шиеленістіруге тырыс­ты. Осы саланы тоқсаныншы жыл­дар­дың ортасында басқарған бір министр Оразалин тіл проб­лема­сын тым саясаттандырып, тартыс­қа айналдырып жіберді деп те айып­тады. Бұл, әрине, әділетсіз баға, тіпті, негізсіз жала еді. Тіл сала­сының саясаттанбаған кезі бол­ған жоқ. Ол ішкі саясаттың бел орта­сында қашанда болатын табиғи құ­бы­лыс. Ол үрдіс тіл саясатын тіке­лей үйлестірушілік қызметінен Оразалин кеткеннен кейін де әлде­неше рет ерекше, асқына бой көтер­ді. Мұндай жағдайдың өкінішке қарай, келешекте сан мәрте көрініс тап­­пасына кім кепіл?! Ал Сұлтан Ора­залиннің тұлғалық кітапшаны сон­­да, ол сол уақыт тартқан сыбаға-сын­­нан, «соқтықпалы-соқпақты» ке­зең­­нен азаматтық, қайраткерлік ары­на дақ түсірмей, абыроймен өтті. Бұл – қайраткердің ұлты мен ту­ған тілі­не сіңірген адал еңбегі еді. Ар­дақ­ты ағамызды «Тіл саясатының Сұл­таны» деп әлпештеуіміз де сондықтан. АСТАНА