22 Қаңтар, 2011

Азиадаға дайындық пысықталды

431 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен VII Қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындық мәселесіне арналған кеңес болып өтті. Онда Мемлекет басшысы Қысқы Азия ойындары өткізілетін Астана және Алматы қалаларының дайындық деңгейін тағы бір рет пысықтады. Сондай-ақ отырыста VII Қысқы Азия ойындарының ашылу және жабылу салтанаттарына дайындық мәселелері талқыланды. Алдымен Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов, содан кейін Қысқы Азия ойындарын өткізуге жауапты Астана және Алматы қалаларының әкімдері Иманғали Тасма­ғамбетов пен Ахметжан Есімов сөз сөйледі. – Алда өтетін бұл жарыстарды бүкіл әлем көз жазбай қадағалайтын болады. Осы орайда біздің алдымызда Азиаданы өте жоғары ха­лық­аралық деңгейде өткізу міндеті тұр. Азия ой­ындарының елімізде өткізілуі – Қазақ­стан­ның әлемдік спорттық қозғалыстағы биік бе­де­лінің бірден-бір көрінісі. Азия чемпионаты бойынша жекелеген спорт түрлерін қабылдау бір басқа да, өз туы астында Азияның 27 елі­нің спортшыларын жинайтын Азиаданы өт­кізу мүлдем бөлек дүние, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Туризм және спорт министрі Темірхан Дос­мұхамбетовтің айтуынша, Қысқы Азия ой­ындарында спорт түрлерінен 69 медаль жи­ын­тығы сарапқа салынатын болады. Ал Азиада өтетін құрылыстар дайындығы жөнінде министр хабарлама жасап, Елбасына  бір­қа­тар жаңа объектілердің, атап айтқанда, конькимен жүгіруге арналған стадион, төсемелі айдыны бар велотрек, шаңғы трамплиндері кешені, “Солдат шатқалындағы” шаңғы-биатлонға ар­налған стадион құрылысы, Астанадағы “Қа­зақстан” спорт сарайының мұз айдыны спорт­шылар мен жанкүйерлердің көз қуанышына айналуға толықтай дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ Медеу мұз айдыны, “Табаған” спорттық-көңіл көтеру кешені, “Шымбұлақ” тау шаңғысы базасы, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайындағы төсемелі айдын құры­лысы және Алматы қаласындағы 650 орынға арналған автокөлік коятын арнайы орын қай­та жасақталыпты. Қысқы Азия ойындары өте­тін спорттық ғимараттардың барлығы жаңа технологияларды қолдану арқылы тұр­ғы­зылғандықтан, әлемдік стандарттарға сай келеді. Оның үстіне ғимараттар Астана және Алматы қалаларының сәнін кіргізуде. Осы орайда айта кететін жәйт, Азия Олимпиялық кеңесіне мүше елдер қазірдің өзінде еліміздің спорттық базасын түрлі жарыстар өткізуге, өз спортшыларын Сочиде өтетін Қысқы Олимпия ойындарына  дайындау және оқу-жаттығу жиындарына қолдану ниетін білдіруде екен. Бүгінгі таңда Азиадаға өз спортшылары­ның қатысуын 27 ел қуаттап отыр. Қатысуға өтініш берген спортшылар мен ресми өкіл­дердің саны 4 мың 135 адамды құрайды. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Азия ойындары өтетін барлық спорттық объектілердің халықаралық федерациялар қоятын талаптарға сәйкестігін қадаға­лауды, оларды тағы бір рет тексеруді тапсырды. – Жаңадан салынған ерекше спорттық ғимараттар Қазақстанның ұлттық игілігіне ай­на­луы керек. Болашақ олимпиадашыларға қызмет көрсету үшін ғана емес, сондай-ақ олар бұқаралық спортты дамытатын орталық­тар­ға айналуы тиіс, – деп атап өтті Президент. Өт­кі­зілгелі тұрған ойындардың барлық қазақ­стан­дықтар үшін оң рөлін атап көрсете келе, Азия ойындарының ашылу және жа­былу салта­нат­тарына ерекше көңіл бөлуге ша­қырды. – Ел ішінде спортты және саламат­ты өмір салтын насихаттауда және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде Азиада­ның алар маңызы үлкен. Қазақстан – осыған дейін 117 Олимпиада, әлем және Азия чем­пиондарын  тәрбиелеген ел. Олардың табыс­та­ры мен жеткен жетістіктері мемлекетіміздің абыройын арттырды. Біз алдағы жарыста Жапония, Қытай және Корея секілді мықты қарсыластарымыз барлығын түсініп отырмыз. Дегенмен, алдымызға үлкен міндет  қоюда­мыз. Ол – қол жеткізген медаль саны бойын­ша алдыңғы үштіктен көріну. Елбасы ел спортшыларының қазақстан­дықтардың сенімін ақтап, VII Қысқы Азия ойындарында жоғары дәрежеде өнер көрсететіндеріне сенім білдірді. Венера ТҮГЕЛБАЙ. ----------------------------------------- Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.