28 Сәуір, 2016

Парақорлық партия пәрменімен жойылуы тиіс

305 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
100 нақты қадамАлып көршіміз – Қытай экономикасының бәсеңдеуі, сол сияқты, солтүстігіміздегі Ресейдің санкциялық қысымға түсіп отырғаны елімізге салқынын тигізбей қоймайтыны айтпаса да түсінікті. Қазіргі кезде әлемде қауіп-қатерлердің артуына байланысты әр мемлекет өздерінше қам-қарекет жасауда. Аспанасты елінің ішкі тұтынымды арттыру және ішкі жолдарды салу арқылы өз еңсесін көтеруге тырысуы, ал Ресейдің сырттан келетін тауарларды шектеу арқылы ішкі өндірісті дамытуға күш салып жатқаны осыны аңғартты. Әрине, мұндай кезде Қазақстан да қарап қалмақ емес. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Қазақстан Республикасын дамыған мемлекеттердің отыздығына енгізу жөніндегі Ұлт Жоспары соның айқын көрінісі. Бес институттық реформаны жүзеге асыру көп уақыт пен күш-жігерді қажет ететіні қазірден көрініп қалды. Мұндай кезде, әсіресе, мемлекетшіл азаматтарға артылатын міндет те зор болмақ. Ұлт Жоспарының бірінші бағы­тының кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналуы да сондықтан. Егер тарихқа көз салар болсақ, 1959 жылы тәуелсіздігін алған ша­ғын ғана арал-мемлекет – Син­гапурды 31 жыл премьер-ми­нистр ретінде басқарған Ли Куан Ю ешқандай табиғи қазба бай­лықтарынсыз-ақ өркендеген елге айналдырды. Бұл саясаткер сингапурлықтарды ортақ мақсатқа жұмылдыра отырып, жеке мен мемлекет мүддесін үйлесімді реттей білді. Сыбайлас жемқорлыққа негізделген отар­лық экономикалық модельді түбі­рімен жойып, оның орнына арзан тұрғын үйлер салуға және жұ­мыс орындарын ашуға, елді ин­дустрияландыруға ден қойды. Ол, сонымен бірге, арал-мемлекетте өмір сүріп жатқан әр­түр­лі этностық топтардың син­­га­­пур­­­лықтар деп аталуына, олар­дың ортақ мақсатқа жұ­мылуы­на негіз қалап берді. Сы­байлас жем­қор­лықтан ада орта қалып­тас­тырғаны сол екен, елге шетелдік инвесторлар ағыла бастады. Аспанмен таласқан зәулім ғимараттары бар арал-мемлекеттің жолдары да түп-түзу. Осыдан-ақ темірдей тәртіптің бар екенін сезінесің. Мұнда әлі күнге дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеу зор мәртебе санала­ды. Арал айна­ласының барлығы су бол­ғандықтан, ауасы дымқыл­данып, тыныс алуыңды қиындатады. Сондықтан, осы ортада өмір сүру­дің өзі оңай соқпайды. Есесіне адамның еркін өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып қойылған. Тарих бедерінде тәуелсіздігін алғанына көп бола қоймаған Қазақстан үшін де бұл үйренетін үрдіс. Егер осы жоғарыда атал­ған елмен салыстыра қарар бол­сақ, онда бізде де сыбайлас жем­қорлыққа төзбес орта қалып­тастыру және оның алдын алу шаралары қолға алынып келеді. Өткен жылдың 29 сәуірінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде былай деді: «Мен реформалар жоспарын Ұлт Жоспары деп атадым, өйт­кені, реформалар Қазақстанның әр­бір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мем­ле­кеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Реформалардың мәні – ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді». Шынында да терең реформалар еліміздің әрі қарай жылжуына нақты қадамдар жасайтын болады. Соның ішінде кәсіби мем­лекеттік аппарат құру бағыты ең бірінші орынға қойылып отыруы заңды да. Өйткені, өз ісінің мықты мамандары ғана жүйелі реформалар жүргізуге қабілетті. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің рөлін күшейтіп, іріктеудің үш сатылы жүйесін енгізуді қолға алуымыз Мемлекет басшысы белгілеп берген реформаларды жүргізу талабынан туып отыр. Корнель университетінің кешенді басқару саласындағы жетекші маманы профессор Чарльз Уайтхед Агенттік тарапынан мем­ле­кет­тік, квазимемлекеттік және жеке сектордағы сыбайлас жем­қор­лықтың алдын алу шең­берінде, сондай-ақ, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жүргізіп жатқан жұмысы маңызды екен­дігін ерекше атап кеткен-ді, бұл бағыттағы жұмыстың орынды жүргізіліп келе жатқандығына назар аудартып. Енді мемлекеттік қызметке қабылдау тек төменгі деңгейден жүзеге асырылады. Еңбекақы мен бонус төлемі олардың («А» және «Б» корпустары) нәтижелі еңбек етулерімен тығыз байланысты болады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы Айгүл Шайымова бұл үшін қызметкерлерді топтарға бөліп, қол жеткізілген табыстарына орай еңбекақы төленетінін жеткізген. Төрт топқа бөлінген мемлекеттік қызметшілердің жұмыс нәтижелері бойынша ғана алдыңғы екеуіне бонус беріл­мек. Бұл ретте біріншілері екін­шілеріне қарағанда, сәл көбірек­теу алып, ал нәтижеге қол жеткізе алмағандарды жетілдіру үшін жоспар құрылатыны да атап көр­сетілді. Екі жылдың біріншісін қана­ғаттанғысыз жұмыспен аяқ­таған қызметкер төмендетілуі мүм­кін немесе екінші жылының нашар көрсеткіші бойынша жұ­мыстан босатылуы да ғажап емес. Сондай-ақ, Этикалық кодекс әзірленіп жат­са, онда шенеу­нік­тердің жұмыста немесе өзге жерлердегі өздерін ұс­тауы жан-жақты көрініс табатын болады. Мемлекеттік басқару академиясы ректорының орынбасары Әлия Мұхамеджанованың айтуынша, мемлекеттік қызметкер әр үш жылда біліктілігін арттыру үшін оқытылады, ал «А» және «Б» корпустарына жұмысқа тұрған адамға қайта даярлаудан өту міндеттеледі. Алдағы реформалар­ды жүргізу кезінде мемлекеттік қыз­метке қабылдаушылардың да ­жауапкершілігін барынша арт­тырып, қабылдаған шешім­дері­не жауап беретіндей тетіктер ес­керіледі деген ойдамыз. Өйт­пе­­ген жағдайда, қолға алынып жат­­қан реформалардың барлығы да «баяғы ескі соқпақпен аяңдау» ғана болып шығатыны айтпаса да түсінікті. Жалпы, мемлекеттік аппа­рат­тың кәсібилігін қамтамасыз ету үшін 2016 жылы барлық әкім­дік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу көзделетінін айта кету керек. Мемлекеттік қызметшінің заңдарды білуімен қатар, олардың лауазымдық тұлға ретіндегі сапалары да жан-жақ­ты сараланады деп күтілуде. Бұл ретте аттестаттау комиссия­сы мемлекеттік қызметшіні жұмыс­тан шығару үшін емес, қайта олар­дың қабілет-қарымын анық­тауды көздеп отыр. Тіпті, кейбір мем­лекеттік қызметшілерді лауа­­зымға тағайындау туралы ұсы­­ныс аттестаттау комиссиясы тарапынан да енгізілуі мүм­к­ін­­дігін айта кеткен ләзім. Сөз реті келгенде, мемлекеттік қыз­­метші деген мәртебелі атқа көлең­ке түсіріп жүргендер де жоқ еместігін айта кетпекпіз. 2015 жыл­дың алғашқы 6 айында сотқа дейін­гі тергеудің бірыңғай тізілімін­де 2133 қылмыстық құқық бұзу­шылық тіркеліпті. Оның ішінде 1586-сы (74%) сыбайлас жем­қорлыққа қатысты. Осы қылмыс­тарды жасағандығы үшін 6 рес­публикалық, 46 облыстық, 116 қалалық және аудандық дең­гейдегі басшылар қылмыстық жауап­кершілікке тартылған. Әкімдік басқармаларының қызметкерлерімен жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 660 фактісі (40%) тіркеліп отыр.Оның ішінде жер қатынастары мәселесі бойынша – 136, білім беру ісі бойынша – 129, құрылыс саласы бойынша – 136, денсаулық сақтау саласы бойынша – 55, ауыл шаруашылығы саласы бойынша – 53 және әлеуметтік сала бойынша 27 қызметкердің жемқорлық қылмыс жасалғаны анықталыпты. Құқық қорғау және сот органдарында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының басым көпшілігін ішкі істер органдары (290 – 67%) мен Мемлекеттік кіріс комитетінің (132 – 30%) қызметкерлері жасапты. Әрине, бұл тек тіркелген фактілер ғана. Олай болса, әрбір шенеуніктің немесе жауапты қыз­меткердің іс-әрекеті сотта ғана қаралып қоймай, агенттік пен пар­тия тарапынан да жан-жақты тек­серіліп, тиісті қорытынды шы­ғарылуы тиіс. Біреулердің жолы болмады, ал мен алсам білдірмес пе едім деген ой кез келгенінің бойында туындауы мүмкін ғой. Сондықтан да әрбір сыбайлас жемқорлықтық іс-әрекет партия тарапынан жіті қаралып, шенеуніктердің неге мұндай қадам­ға барғандықтары агенттік тара­пынан талдалып, бұқаралық ақпарат құралдары беттерінен беріліп жатса, онда ешқандай адам өзін мұншалықты масқаралауға жол бермес еді деп ойлаймыз. Қорыта айтқанда, сыбай­лас­­тық­пен күресудің жолы тек ашықтық екендігін ескерсек, кез келген мемлекеттік қызметші біреу­ден бірдеңе алмас бұрын ал­ды­­мен жақсылап ойланар еді. Бір ғана мысал, Қытайда туризм жөніндегі мемлекеттік басқарма төрағасының орынбасары Хо Кэ деген азамат Коммунистік партия қатарынан шығарылғандығын Синьхуа агенттігі хабарлады. Пар­­тиялық тексеру оның пара алып немесе беріп өзге лауазым иелерін сатып алғандығын, кадр­лық тағайындауларға аралас­қандығын анықтаған. Міне, осы сияқты әрбір лауазым иесінің мәсе­лесі партия тарапынан жан-жақты талқыға салынып, оның себеп-салдары анықталып жатса, біздің елімізде де сыбайлас жем­қор­лыққа деген төзбестік орта қалыптасары анық. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»