Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және ЭКСПО көрмесіне дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Мемлекет басшысы кеңес алдында көрмедегі Қазақстанның ұлттық павильоны, халықаралық тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда-сауық нысандары орналасатын құрылыс алаңын аралап көрді. Ал алқалы жиында бас қаланың бүгінгі ахуалына қатысты біраз мәселе талқыланды. Елбасы елордамыз барлық салада бүкіл еліміздің өңірлеріне үлгі болуы тиістігін баса айтты. «Біздің бас қаламыз Астана көз алдымызда елімізбен бірге өсіп-өркендеп келе жатыр. Бүгінде елордамыз бүкіл жаһанға белгілі, үлкен беделге ие болды. Халықаралық сарапшылар Астананы болашақтың қаласы деп айтуда. Біз соған жақындап келе жатырмыз. Еңселі елордамызды барша қазақстандықтар мақтаныш етеді. Ол біздің еліміздің жаңа сатыға көтерілуінің белгісі болып отыр», деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы келесі жылы Астанада бүкіләлемдік халықаралық ЭКСПО көрмесі өтетіндігін, оған барлық мемлекеттік орталық органдар, ұлттық компаниялар, даму институттары атсалысып жатқандығын атап өтті. Бүкіл ел болып халықаралық көрмені күш салып, жоғары деңгейде өткізуіміз қажеттігін еске салды.
«Мен қазір ғана салынып жатқан нысандарды көрдім. Жұмыс қарқыны қызу. Белгіленген кесте орындалып жатыр. Күн сайын құрылыс нысандарында он мың адам жұмыс істеуде», деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы көрмені ұйымдастыру және өткізу тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен елордамыздың келбетін паш етуі тиістігін атады. «Өткен жылдың қорытындысында ғана Астана ел өңірлері арасында ішкі өнім өсімінің ең жоғары қарқынына, бес пайыздық деңгейіне қол жеткізіп, 2015 жылы бүкіл Қазақстан экономикасы өсімінің 40 пайызын қамтамасыз етті. Астаналықтарды бұл жетістіктерімен құттықтауға да болады», деді Президент.
Елордада инвестиция тарту бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Жалпы, елорда құрылған күннен бері тартылған инвестиция көлемі 6 трлн. теңгеден асып жығылды. Оның 2 трлн. теңгесі мемлекет бюджетінен бөлінген болатын. Алайда, бүгінгі күннің өзінде ел қазынасына салық түрінде 4 трлн. теңге аударылған. Яғни, бұл мемлекет жүзеге асырған өте тиімді жоба болып отыр. «Өздеріңіз көріп отырғандай, мемлекет шығындаған қаржы бір демде қайтарылды. Бұған қоса, өткен жылы Астана алғаш рет біздің бюджетіміздің доноры болды. 900 млрд. теңге аударылды. Барлық түсімдердің 75 пайызы қала халқының жартысын жұмыспен қамтып отырған шағын және орта бизнес үлесінде. Бұл барша Қазақстан ұмтылатын деңгей», деді Елбасы.
Қазіргі уақытта ЭКСПО-2017 көрмесіне 82 мемлекет пен 14 халықаралық ұйым қатысатындығын растаған. 2015 жылғы тамыздан бастап нысандардың функционалын жоғалтпай құрылысты арзандату бойынша жұмыстар жүргізілді. Шығындарды оңтайландыру 131,6 млрд. теңгені құраған. Отандық тауар өндірушілермен тауарлар мен қызметтерді жеткізуге 33,7 млрд. теңге сомасына келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар, өткен жылдың тамызынан бастап «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының топ-менеджерлері екі есе қысқартылып, құрылымы оңтайландырылды. Айта кетейік, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылдың 10 маусымында басталып, 10 қыркүйегінде аяқталады. Халықаралық шараға жүз мемлекет қатысады деп күтілуде. Ал көрмені тамашалайтын туристердің саны бес миллионға жететіндігі болжанған. Туристердің басым бөлігі ТМД елдерінен, Қытайдан, Еуропадан, Оңтүстік-Шығыс Азиядан және Түркиядан келуі мүмкін. Елбасы мәдени шараларға шетелдік жұлдыздарды шақырмай, тек өзіміздің өнерпаздар өнер көрсетуі керектігін айтты. Сондай-ақ, ЭКСПО көрмесін шетелдіктер ғана емес, өз еліміздің адамдары да тамашалауына, әсіресе, жастардың көруіне мүмкіндік жасау керек. Президент көрме өтетін үш ай бойы, күнделікті түрде ЭКСПО көрмесін тамашалауға келетін туристерге мәдениетіміз бен өнерімізді, салт-дәстүрімізді көрсетуіміз қажеттігін баса айтты.
Шындығында, ЭКСПО-ны ойдағыдай өткізу еліміз үшін үлкен сын. Ол алдымен әлем жұртына елорда жетістіктерін паш етері сөзсіз. Көрмеге келген кез келген шетелдік алдымен Астананы көреді, елімізді елордамыз арқылы бағалайды. Сондықтан, Көрме қарсаңында Астанадағы түйінді мәселелердің түйіні түгелдей тарқатылуы тиіс.
Мемлекет басшысы 2015 жылы қалада 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын, жұмыссыздық ел бойынша ең төменгі, 4,7 пайыз деңгейінде екенін атап өтті. «Өткен жылдар ішінде 150 ірі әлеуметтік нысан салынды, жаңа университет халықаралық тұрғыдан мойындалды. Медициналық холдинг базасында халыққа сапалы медициналық қызмет көрсететін заманауи кластер жұмыс істеуде. Оның қызметін былтыр 150 мың адам пайдаланды. Бүгінде елордада ең ұзақ өмір сүру жасы деңгейіне қол жеткізілді. Мәселен, орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастың шамасында. Барлық өңірлер осы маңызды көрсеткішке ұмтылуы тиіс. Астанада орташа еңбекақы 190 мың теңгеден асады. Біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге жақсы нәтижелермен келіп отырмыз», деді Президент. Нұрсұлтан Назарбаев қала халқының саны болжам бойынша дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі ашылар кезге қарай 1 миллион адамға жететініне назар аударды.
Қазіргі уақытта елорда экономикасын нығайту басым бағыт болатыны атап өтілді. Президент қаланың инвестициялық тартымдылығы мәселесіне тоқталып, инвесторлармен жасалатын меморандумдардың тиімділігін арттыруды, сондай-ақ, жаңадан ашылып жатқан өндірістердің табыстылығына мониторинг жүргізуді тапсырды. Астананың дамуына арнаулы экономикалық аймақ оң ықпалын тигізіп отырғандығын атап өтті. Қазіргі кезде АЭА аумағында аффинажды зауыт, жолаушылар вагонын, локомотив, әскери жабдықтар, жарық диодты және оптикалық құралдар шығаратын кәсіпорындар тәрізді ірі жобалар жүзеге асырылды. Олардағы қазақстандық қамту үлесі 20-дан 50 пайызға дейін барады. Дегенмен, іске қосылған 22 жобаның тек 23 пайызы толық қуатында жұмыс істеп тұр.
Жағымсыз иіс қашан жойылады?
Жиын барысында Елбасы Астананың бүгінгі даму жағдайын жақсы бағалағанымен, кейбір түйткілдердің бар екендігіне тоқталды. Елбасы келеңсіздіктерге қатысты қала әкімі мен оның орынбасарларының жауап беруін талап етті. Мәселен, Астанадағы жағымсыз иісті биылдан қалдырмай жоюды тапсырды. Шындығында, Астана маңындағы сасық иістің ошағы болып табылатын Талдыкөл мәселесі он жылдан бері шешілмей келе жатқан болатын.
«Алты жыл Тасмағамбетов айналысты, ештеңе істемеді, сен келдің, ештеңе бітірмедің. Астанада сасық иіс әлі бар. 6 млрд. теңге жұмсалды, түк бітпеді. Мынадай жағымсыз иісі мүңкіп тұрса, Астанаға кім келеді?! Талдыкөл мәселесімен мені тойғызғандарыңа қанша жыл болды?! Үкіметпен, кімнің көмегі керек, шешіңдер бұл мәселені. Масқара ғой. Астанамыз мынадай деп мақтанамыз», деп қатқылдау сөйледі Елбасы Астана әкімі Әділбек Жақсыбековке қарата айтқан сөзінде. Өз кезегінде әкім су сорғыш-тазарту стансасының құрылысы жоспар бойынша жүріп жатқандығын xабарлады. Ә.Жақсыбеков 2017 жылға дейін аталмыш мәселені шешуге уәде етті.
Көлік кептелісі неге реттелмейді?
Президент Н.Назарбаев Астанада жол қозғалысына қатысты да біраз мәселе көтерді. «Көлік инфрақұрылымы мәселесіне тоқталсақ, бүгінгі күннің өзінде Астана жолдарындағы көлік кептелісі жаға ұстатарлық. Мұндайды күтпеп едім. Осы мәселені енді шешу керек. Қазір жоспарлауды қолға алмасақ, бірнеше жылдан кейін бізде үлкен қалалардағы сияқты жағдай болады. Енді осы бағытта жұмыс істеу керек. Егер қазір осы мәселені шешпесек, бірнеше жылдан соң, біздің қалада көліктік коллапс болады. Біздің елордада көлік қоятын орындардың мәселесі шешілмеген. Қоғамдық көліктерде электронды төлем жасау жүйесі жоқ. Жылдамырақ енгізу қажет. LRT құрылыс баяу жүруде», деді Н.Назарбаев. Өз кезегінде Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун жеңіл рельсті LRT қоғамдық көлігі Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне дейін салынып бітпейтіндігін xабарлады. Себебі, жобалау жұмыстары тек былтырғы жылдың желтоқсанында аяқталған. Елбасы ЭКСПО-ға дейін такси қызметін де жөнге келтіруді тапсырды. ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында қалада әлі күнге дейін ЭКО-таксиден басқа қазіргі заманғы такси қызметі жоқ. Барлығы алақ-жұлақ, таксидің стандартты сыртқы түрі жоқ. Басқа қалаларда бұл мәселе шешілген. Бірыңғай такси жүйесі тек тиімді, әдемі ғана емес, сондай-ақ, көп жұмыс орындарын береді. Үкіметпен бірге осы жұмыспен айналысыңдар», деді Н.Назарбаев. Өз кезегінде Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков бұл мәселені Көрмеге дейін шешуге уәде берді. «Қазір біз Үкіметпен бірге осы мәселені қарастырамыз. Барлығы 300 таксидің жұмысы реттеледі, ал бізге 3 мыңға жуық такси керек. Бұл мәселені ЭКСПО көрмесіне дейін реттейміз», деді әкім.
Жол құрылысына бақылау жоқ па?
Елбасы сондай-ақ, қалада су арықтарын салуға пәрмен берді. «Астанада жолдардың 27 пайызында, яғни төрттен бірінде асфальт жоқ. Осыған жыл сайын бюджеттен 50 млрд. теңге бөлінеді. Жақында ғана салынған жолдар қазір шұрық-тесік, сапасы сын көтермейді. Бұл – жол құрылысы кезінде бақылау жүйесінің жоқтығынан» деген Мемлекет басшысы қалада салынған жол сапасын тексеретін арнайы зертxана жоқтығын да сынға алды. Жауын-шашын болса болды, көшелер көлге айналып, адамдар су кешіп кететінін алға тартқан Елбасы мәселені су соратын көліктермен емес, жолды әу басынан дұрыс салып, арықтарды ретімен орнату арқылы шешу керектігін айтты. Тіпті, қаланың лай-су басқан кейбір көшелерінің суретін көрсетіп, «Мына жағдайға не айта аласыңдар» деп ұялтты. Бұл мәселеге орай Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұxаметов елордада 1 маусымға дейін бүлінген жолдарды жөнге келтіреміз деп уәде берді. Тасқын су мәселесі биыл Астананың сол жағалауында толық шешілетіндігін xабарлады. Ал қала бойынша алдағы үш жылда су арықтары мәселесі түбегейлі шешімін табады.
Балабақшада орын неге жоқ?
Кеңесте қозғалған тағы бір мәселе – балабақша жайы. Елбасы бұл ретте жаңадан пайдалануға беріліп жатқан үйлердің бірінші қабаттарынан балабақшалар ашуды тапсырды. Мемлекет басшысы күн санап ұлғайып келе жатқан Астананың құрылысы барысында балабақшалардың салынуын көзден таса қылмауды тапсырды. Себебі, Астана балабақшамен қамту деңгейі бойынша соңғы орындарда тұр.
«Қыруар тұрғын үйлер пайдалануға беріліп жатыр. Бұл үйлердің төменгі қабаттарында балабақша бар ма? Мұнда барлық құрылыс компанияларының басшылары отыр, біз оларға қаражат береміз, несие береміз. Біз ол тұрғын үйлердің ішінде балабақша болуын қарастырып, талап қоюымыз керек. Зәулім ғимараттар салып керек емес. Үй құрылысына рұқсат берер кезде, олардың бірінші қабаттарында балабақша салынуы тиіс деген талап қойыңыздар. Барлық әлемде солай», деді Н.Назарбаев. Елбасы құрылыс саласында заң бұзушылықтардың жиі орын алатынын атап өтті. «Қалада 1 млн. 750 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, екінші жағынан біз 2008-2010 жылдары қордаланған үлескерлер проблемасын шешу үшін ұлттық қордан мол қаржыны шығындадық. Алайда, қалада тағы да 8 мыңға жуық үлескердің қатысуымен 45 проблемалы нысан пайда болды. Олар қайдан шығып отыр?», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы қаланы одан әрі көгалдандыру, ботаникалық бақ құрылысын салу және гүлзар аймағын жетілдіру қажеттігіне де назар аударды. Сонымен қатар, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Жиын барысында Астана қаласының дамуы бойынша елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков, ал ЭКСПО көрмесі мәселелеріне орай «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов баяндады. Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.