Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының үндеуі
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы тарихи маңызы бар құжат болып табылатын «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін қабылдады. Бұл құжат көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан қоғамы ұйысуының идеологиялық негізін қалайды.
Қай заманда да барлық елдер мен халықтар өзінің аяулы арманына қол жеткізуге ұмтылып келген. Осы ұмтылыста ұлттық сана-сезімнің жүйеленген жинақтамасы болып табылатын ұлттық идея түпбейне ретінде анықталатын. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының табысты мемлекетке айналуының бір сыры халықтың тарихи миссиясы мен өмір сүруінің мәні жайындағы мәңгілік әрі көкейкесті сұрақтарға жауап қайтара алатын идеяны жаңылыссыз таба білгендігінде. Елбасымыз – бүкіл әлем таныған саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын, ортақ идеямен қуаттанған, ортақ мақсатқа біріккен халықтың жаппай және шынайы қолдауының арқасында біз Тәуелсіздік тарихының ширек ғасыры ішінде аса ауқымды табыстарға қол жеткіздік.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы алға тартылған болатын. Бұл идеяны бүкіл қоғам қазақстандық біртектілік пен бірлікті, қоғамдық келісімді қалыптастыратын құндылықтар жүйесі ретінде қабыл алды. «Мәңгілік Ел» идеясын жалпыұлттық келісімнің бірегей моделі ретінде ұсына отырып, оның авторы және архитекторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болашағы біртұтас ұлтты қалыптастырудың өзекті бағыттарын белгілеп берді. «Біз «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына ие болдық. «Ел» сөзінде үлкен біріктіруші күш бар, өйткені, барлық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала береді. «Мәңгілік Ел» идеясында болашаққа деген жалпыхалықтық сенім айнадағыдай көрініс тапқан. Жасампаз қазақстандық патриотизмнің осынау негізін біз өзіміздің ұлы істерімізбен қалыптастырдық. Оны нығайтып және көбейтіп қана қоймай, сонымен бірге, ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден дәуірге ұластырып отыру керек. «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің тарихи және рухани күші де осыдан танылуы тиіс» – Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында осылай айтылған.
2016 жылғы 1 қаңтарда «5 институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» аталған Ұлт Жоспарын орындаудың іс жүзіндегі кезеңі басталғаны, оның 85-қадамы ретінде Президент «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін жасауды тапсырғаны белгілі. Мемлекет басшысы осынау аса маңызды жұмысты Президент Әкімшілігіне, Үкіметке және Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеді. Екі жылдың өн бойында бүкіл Қазақстан халқын біріктіріп, жұмылдыра түсетін жалпыұлттық идеяны тұжырымдауға тиісті ортақ құжатты қалыптастыру жөнінде қажымай-талмай жұмыс жүргізілді. Бұл идея барлық деңгейде талқыланды, құжаттың жобасы Қазақстан патриоттарының форумында қаралып, қолдау тапты. Ол қазірдің өзінде мәдени және ішкі саясат саласындағы бірқатар стратегиялық құжаттарды талдап-жасау кезінде негізге алынды, олардың арасында Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы, Қазақстан халқы Ассамблеясы дамуының (2025 жылға дейін) тұжырымдамасы, Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту мен дамытудың тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасындағы мәдениет саясатының тұжырымдамасы бар.
Бүгінде біз барынша қанағат сезімімен мына жайды айта аламыз: Президент тапсырмасы орындалды.
Ел Президентінің «Халық өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан Халықтың Мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ. Мәңгілік Ел – бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенімді арттыратын идея, бұл – кері қайтпайтын және берік тұрақтылықтың символы» деген сөздерімен басталатын Патриоттық акт байырғы қазақ жерінде ортақ тағдыр мен тарихи жады арқылы байланысқан, Ұлы Дала елінің даңқты тарихы мен дәстүрлерін жалғастырып, көптеген ұрпақтардың Тәуелсіздікті аңсаған арманын іске асырып жатқан, болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызын, біздің ортақ үйіміздегі татулық пен келісімнің, бірлік пен тұтастықтың мән-маңызын пайымдайтын ел азаматтарының көкірегінде аялаған ойларын білдіреді.
«Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен жаңа Қазақстанның тарихын жазудың биік мәртебесі мен жауапкершілігі біздің ұрпақтың үлесіне тиді.
Елбасының маңына топтасу арқылы біз ұлы жетістіктерге толы жолдан өттік және бүгінде өзімізді Тәуелсіз Қазақстанның – қуатты әрі табысты мемлекеттің азаматымыз деп мақтанышпен айтамыз» – Патриоттық актінің осынау сөздері біздің барлығымызға Болашағы Біртұтас Ел – Мәңгілік Елді құру үшін зор жауапкершілік жүктейді.
Патриоттық акт барша қазақстандықтарды Мәңгілік Елдің мызғымас Жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге шақырады, олар: Тәуелсіздік және Астана, Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, Зайырлы мемлекет және Жоғары руханият, Инновация негізіндегі тұрақты экономикалық өсім, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, Тарихтың, Мәдениет пен Тілдің ортақтығы, Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпыәлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Патриоттық актінің қабылдануы Қазақстан қоғамының тұтастануына, біздің бірлігіміздің нығаюына септесуге тиісті екендігіне талас жоқ. Бұл құжат жалпыұлттық біртектілік идеясын нақтылауды және оны алға жылжытудың тетіктерін талдап-жасауды көздейді. «Біртектілік пен бірлік жөніндегі барша жұмысты біз Қазақстан халқы Ассамблеясының төңірегіне орайластырып құрамыз. Бұл түйінді қағидат», деп атап айтқан еді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл тұрғыдан қарағанда, біздің бәріміздің алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Соның ішінде Парламент Мәжілісіндегі барлық партиялық фракциялардың басын қосып, бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан барша этностардың тең құқықтылығының, бірлігінің және келісімінің бірегей жолын таңдаған қазақстандықтардың сан ұрпағының игілігі үшін партияаралық үнқатысудың өзіндік бір алаңқайына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының атқарар жұмысы да жеткілікті. Депутаттық топ Патриоттық актіні насихаттауға барынша септесетін болады.
Жаһандық тұрақсыздықтың қазіргідей күрделі кезеңінде біз барлық отандастарымызды ел Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне бұрынғыдан да тығызырақ топтасуға, Отанымыздың Көк байрағын асқақтата көтеруге, қазақстандық арманға қол жеткізуге, еліміздің – Қазақстан Республикасының одан әрі өркендеуіне жаңа мүмкіндіктер ашатын «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін жүзеге асыруға барынша белсене қатысуға шақырамыз.
Үндеу Парламент Мәжілісіндегі
Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының
отырысында қабылданды
2016 жылғы 27 сәуір