Алматы қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақы тазы мен төбетті сақтап, дамыту» тақырыбында халықаралық конференция және қазақы иттер көрмесі өтті.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Зоология институты» республикалық мемлекеттік мекемесі мен «Қансонар» республикалық қауымдастығының мұрындық болып «Жасыл Орда» ЖШС, «Казохотрыболовсоюз» мекемелерінің қолдауымен өткізілген іс-шара аясында Талғар ауданы, Белбұлақ ауылында республикалық «Тазы-Төбет-Бөрібасар» қоғамының басшылығымен қазақы төбеттердің стандарттарға сай екендігін тексеру мақсатында көрме ұйымдастырылды. Төбеттердің мінезі мен алымдылығын анықтау үшін түрлі тестік сынақтар өткізілді.
Ғылыми кеңес басқосуында Ұлттық банк пен «Қазпошта» АҚ тазы мен төбет бедерленген монетаны және пошта маркасын көпшілік назарына ұсынып, тұсауын кесті. Халықаралық пошта байланысында қолданылатын аталмыш марка «Төбет-Қазақы ит» қорының жетекшісі Данияр Дәукейдің бастамасымен шығарылған.
Қазақтың төлтума бөрібасарын асылдандыруға атсалысып жүрген «Қансонар» қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов ғылыми кеңестің ашылу салтанатында Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отырғанын, осы жылдар мұғдарында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы арқасында көптеген ұмыт қалған құндылықтарымыздың қайта жаңғырғанын, алайда, ұлттық аңшылық өнер мен қазақ тазысысының, төбетінің тағдыры аталған бағдарлама аясынан тыс қалғанын тілге тиек етті.
– Қазақстан үшін – қазақ тазысы мен төбеті нағыз мақтаныш. Төбет пен тазыны бабалар мұрасы ретінде сақтау біздің болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз. «Қансонар» қауымдастығы соңғы екі жылда осы бағытта біршама жұмыстар жасады, – дейді Оралбай Әбдікәрімов.
Оның айтуынша, жұмыстар жүйелі түрде жоспарланып, қордаланған мәселелерді шешудің негізгі бағыттары анықталған. Осыған байланысты еліміздің барлық аймақтарында тазы мен төбет көрмесі өткізіліп, қорытындысы республикалық көрмелерде белгілі болған. Айта кететін басты мәселенің бірі тазы мен төбеттің мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту болды. 2014 жылы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен тазы мен төбеттің стандартын бекіту туралы бастама құпталып, ол мемлекеттік мәртебе иеленді. Қауымдастық бастамасымен «Қазақ тазысы» және «Қазақы төбет» республикалық бағдарламасы жасалып, оны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ғылыми кеңесі бекітті. Енді «Қансонар» қауымдастығының бастамасымен тазы мен төбет тұқымын сақтау және асылдандыру ісі бойынша кинологиялық кеңес құрылмақ.
Отандық ғалымдар осы бағыттағы мүдделес мамандарды біріктіріп, атқарылып отырған жұмыстарды іштей және сырттай қолдау шарасын күшейтуге ден қоюда. Осы орайда, еліміздегі «Тазы-Төбет-Бөрібасар» ұйымы мен ресейлік «Росохотрыболовсоюз» қауымдастығы арасында екіжақты меморандум жасалды. Отандық «Казохотрыболовсоюз» мекемесі осы салада атқарған орасан еңбегін бағалап, «Қансонар» қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімовті белгілі саяткер-ғалым Аркадий Слуцкий атындағы мәртебелі сыйлықпен марапаттады.
Мұнан өзге, ғалымдар Ұлттық төбеттердің халықаралық қауымдастығын құруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан елдерінің өкілдері осы қауымдастыққа мүше болуға ниет танытуда.
Қауымдастық ғалымдары әлемнің 85 еліндегі кинологиялық ұйымдарға хат жолдап, еліміздегі тазы мен төбеттер туралы мәлімет беріп, олардың стандартын ұсынған. Ендігі бір атқарар іс – тіркелген тазы мен төбеттердің республикалық базасын жасақтау, далалық сынақтар, аңшылықтар ұйымдастыру, халықаралық көрмелер мен жарыстарға қатысу.
– 2014 жылдың 14 қыркүйегінде өткен бірінші республикалық тазы көрмесінде сын айтушылар көп болды. Өзіміздің жергілікті аңшылар мен кинологиялық клубтардың белсенділігі арқасында 2015 жылдың 6 қыркүйегінде «Қансонар» қауымдастығы екінші рет өткізген көрме кезінде аталған шараға көптеген елдер өкілдері қызығушылық танытып, қатысты. Олар конференция барысында қазақ тазысы мен төбетінің қазіргі кездегі орны жайлы баяндама жасады. Әзербайжан елінің өкілі Илхам Гасымзаде әзербайжандық гурдбасар мен қазақ төбеті жайлы біршама жайларды айтқан еді. Ғалымдар иттерде кездесетін түрлі аурулар жайлы айтып, зооветеринарлық талаптар туралы сөз қозғады, – дейді «Зоология институты» республикалық-мемлекеттік мекемесінің бас директоры Әлихан Мелдебеков.
Конференция қорытындысы бойынша қарарлар мен ұсыныстар қабылданып, баяндамалар жинағы жарық көретін болады.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ