Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламасымен танысып шыққаннан кейін бұл шын мәнінде ұлттық сананы ұйыстыратын, болашағымызға нық қадам жасауға серпін беретін құжат екендігіне көзіміз жетті. Онда Мемлекет басшысы 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңінің басталғандығын айтады. Ендігі мәселе, Елбасы айтқандай, ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуіміз қажет.
Қазақ халқының рухын, еркі мен күшін қалай оятуға болады? Халқымыздың ұлтқа, Отанға қызмет етуге деген отансүйгіштік сезімін қандай жолмен оятып, бойына сіңдіре аламыз? Осы орасан зор энергияны қалыпты арнаға қалай бағыттауға болады? Бұлай істей аламыз ба? Бұған қатысты тарихта көптеген мысалдар бар: мысалы, мемлекет саналы түрде оянып, мол энергияны ел мүддесі үшін ұйымдастырып, бағыттай білген.
Бұл тұрғыда тарихтағы кейбір халықтардың қандай да болмасын, бір идеяның негізінде, кейде қате болса да, ұлы істерді тудырғаны туралы мысалдарын еске түсірсек те жеткілікті.
Егер әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, онда бұл секілді мысалдар аз кездеспейді. Ұзақ жылдар бойы саналы түрде мемлекет тарапынан насихатталған америкалық тәжірибені еске түсірелік. «Америкалық арман» – бұл жүз пайыз америкалық болып, жүз мың доллар табыс тауып, зәулім үй тұрғызу деген сөз. Яғни, бақуатты америкалық болу. Осы «америкалық арман» идеологиясын мемлекет: мәдениет, өнер, әдебиет, БАҚ, кино және тағы басқа тетіктер арқылы рухани тұрғыда қоғамдық санаға ықпал етті.
Оңтүстік Корея кішкентай мемлекет болғанымен, тарихы терең ел. Баласын жастайынан: «Сен корейсің, сен корей болып туылдың, сен ұлы тарихы бар елде туылдың. Біздің өткен тарихымыз өте бай. Бізде ұлы дәстүр, дін бар. Сен өз тарихыңды білуге және ұмытпауға тиіссің. Сен корей болғаныңа мақтануың керек. Бірақ біздің территориямыз кішкентай, пайдалы қазбаларымыз жоқ, сондықтан біз тек өз «ақылымыз» бен білімімізге ғана сенуіміз керек. Білім табиғи пайдалы қазбалардың орнын алмастыра алады. Сондай-ақ, сен басқа халықтарды қуып жетіп, олардан басып озуың қажет», деп құлақтарына құяды.
Қытай халыққа анық және түсінікті мақсаттарды жариялай отырып, қарыштап дамуда. Мысал үшін бес-он жылдың ішінде қытай халқының әл-ауқатының өскені сонша, 2020 жылы Қытай әлемдегі әлеуетті ең жоғары елге айналуы тиіс. Қытай жетекшілерінің сөзі мен ісі бір-бірінен алшақ емес. Халық алға қойылған мақсаттардың орындаларына нық сенеді. Қытай халқы күн өткен сайын күнделікті тұрмыстарының жақсарғанын сезінуде. Қытай философтарының пікірінше, Қытай қоғамындағы жеткен жетістіктер мемлекет басшыларының идеология мен бизнестің негізі етіп үш философиялық концепцияны басшылыққа алғандығының арқасы. Бұл концепциялар – Конфуций мен Лао-Цзының философиялық теориясынан бастау алады. Бұл теорияның негізгі мазмұны өзара тұтастықта: тұрақтылық, тепе-теңдік пен табысқа жетуді білдіреді. Конфуций өзінің саяси-әлеуметтік философиясында «Елбасы әрқашанда – елбасы орнында, қызметші – қызметші орнында, әке – әке орнында, ұл – ұлдың орнында болуы керек», – деп әрбір қоғам мүшесінің өз міндеттерін жете сезініп, дұрыс атқаруы тиіс екендігін көрсетеді. Ойшылдың пікірінше, ең бастысы халықтың жүрегінде үкіметке деген, мемлекет билігінде жүрген қызметкерлерге деген сенім. Қазіргі таңдағы Қытай экономикасы мен реформаларының үлкен жетістікке жетуі – халық пен үкімет басындағы адамдар арасындағы берік сенімділіктің болуы, халықтың ауызбіршілігі, еңбекке деген ұмтылыстары және мемлекет қызметкерлерінің өз халқына деген таза пиғылы мен қызметі.
Жапония өз реформаларына негіз етіп «Біз – бәріміз – бір отбасымыз» философиясына негізделген корпоративтік және ұжымшылдық идеяларын алды. Олар өз тәжірибелері арқылы нарықтық қатынастар жүйесі батыстық капитализмнің негізін қалаушылар ұсынған индивидуализм принципімен ғана емес, сонымен бірге, корпоративтік пен ұжымдық негізінде де табысқа жетуге болатындығын дәлелдеді. Жапондықтар өз экономикасын ұжымдық және корпоративтік принциптерге негіздей отырып, Азия мемлекеттерінің арасында алғашқылардың бірі болып, таңғажайып табысқа кенелді. Сондай-ақ, олар аз уақыт ішінде көптеген еуропалық дамыған мемлекеттерді қуып жетіп қана қойған жоқ, көптеген негізгі параметрлер бойынша оларды басып озды. Жапондықтар ұжымдағы татулықты және корпоративтік рухты әрқашан насихаттап жүреді. Осы тұрғыда жапон мемлекетінің басшылары, корпорация жетекшілері өз халқының ерік-жігері мен мақтансүйгіштігін, «самурайлық рухын» үнемі мақтанышпен насихаттап жүреді.
Ресейде «Ресей жобасы» арқылы тарихқа бетбұрушылық бар. Отанға қызмет ету, Ресей империясын қайта жандандыру идеясы бар. Бүгінде империялық сананы оятуға бағытталған кешенді әрекеттер, тұтас бағдарламалар циклдерінің жүріп жатуы кездейсоқтық емес.
Біздің алдымызда да біршама өзекті міндеттер тұр. Қазақ халқының, қазақстандықтардың ұлттық санасын қалай оятуға болады? Осы жағдайда қалай болу керек? Халықты, оның рухын, жігерін немен оятуға болады? Халықты ұлы істер жасауға қалай ынталандыра аламыз?
Тарих, мәдениет, дініміз қандай? Әлемдік өркениетте алар орнымыз қандай? Ұлттық санамыздың ерекшеліктері неде? Біздің ойымызша, тек осы сұрақтарға жауап табу арқылы ғана қазақ рухының қайта түлеуі турасында ой қозғауға болады. Осы сұрақтарға Елбасы жобасынан жауап таптық.
Қазақстан үшін, қазақ ұлтының рухын жандандыру міндетін шешу үшін ең алдымен, өзіміздің шынайы тарихымызды, мәдениетіміз бен дінімізді терең пайымдап, сенуіміз қажет.
Егер бұл мәселелерді өзіміздің тарих, мәдениет, идеология тұрғысынан қарастырсақ, біздің көзқарас бойынша, жекелеген спортшыларымыздың, мәдениет және ғылым қайраткерлерінің, қарапайым еңбек адамдарының, ардақты ұстаз, ақ халатты абзал жандардың, қарулы күштеріміздің жетістіктерін БАҚ арқылы көпшілікке насихаттап жеткізіп отырсақ, жастарымызды отансүйгіштікке, патриоттық сезімдерін оятуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Бұл өз кезегінде жас буынның осы мамандықтар мен кәсіп түрлеріне деген қызығушылығын арттыра түсері анық.
Бір кездері сөзбен әсер ететінбіз. Бұл ұлы бабаларымыздың асыл құндылығы еді. Қазақ сөзге құлақ асты, сөзінде тұрды. Осындай қасиеттерді қазақ жастарының бойына сіңіріп отыру ұлттық сана-сезімді қалыптастырудың кепілі болар еді.
Біздің алдымызда бір ғана мақсат, асқақ арман тұр – ол Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, болашақты бірге жасау, осы жолда аянбай тер төгу. Қазақ Елін әлемдік деңгейге көтеруге атсалысу. Өз басыңның және Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсарту. Жеке мүддені мемле-
кет мүддесімен топтастыру.
Иә, жеке мүдде арқылы халықтың энергиясын ояту – адамзат іс-әрекетінің күшті қозғаушысы болатындығы бесенеден белгілі. Экономикадағы нарықтық жүйеде мұндай қозғаушы күш ретінде екі негізгі принцип – тәуелсіз бәсекелестік және тәуелсіз баға қалыптастыру принциптері – нарықтық жүйені алға сүйрейді. Бұл турасында Елбасы Ұлт Жоспарында «Біз ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз», – деп атап көрсетеді.
Ұлы жерлесіміз, Екінші Ұстаз, түркі дүниесінің ұлы ғұлама философы әл-Фараби философиясының басты түйіні: мемлекетті, оның әрбір мүшесін ізгілікке баулу, бақытқа жеткізу. Ол ақыл-парасат пен білімнің биік мәнін дәріптеп өтті. Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында айтылған тұжырымдар Ұлы Ұстаздың ой-түйіндерімен, арман-аңсарларымен үндесіп жатқанын түсінеміз.
Тарихи тәжірибе көрсеткендей, үлкен жетістіктерге тек қоғам алдында тұрған келелі мәселелерді шешуге халықтың шығармашылық күшін бағыттай білген, басын біріктіріп, ұйымдастыра алған мемлекеттер ғана жете алады. Бұл халықтар өз тарихын, дін, психология, мәдениетінің ерекшеліктерін пайдалана алды. Батыстық демократия модельдері тек еуропалық кеңістікте ғана қанат жайып, өркендеді. Өзге құрлықтарда тек ұлттық мәдениет пен діни ерекшеліктерге негізделген демократия түрлері ғана жемісті бола білді. Олай болса, демократияның бұл түрлерін батыстық емес демократия түрлеріне жатқызу қажет. Яғни, Елбасы айтқандай, біздің өз жолымыз, өз мақсат-мұратымыз, өз арманымыз бар. Ол – Қазақстандық жол! Бұл тұрғыда, еліміздің болашағы үшін жаңа қазақстандық арманға жетелейтін Ұлт Жоспарының маңызы зор. Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жолдың темірқазығы.
Жақыпбек Алтаев,
философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының директоры
АЛМАТЫ