28 Сәуір, 2016

Бауырмалдық баршамызды біріктіреді

580 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
20160422_174908Бейбітшілік үшін адамзатқа алдымен керек қасиет – тәлім-тәрбие. Уызына жарыған ұрпақ ұлы жолдан адаспайды. Бұл – Өскемен қаласындағы «Нұрорда» халықаралық мектеп-лицейінің директоры Шабан ЖОШКУННЫҢ бас басылымға берген сұхбатында айтылған ой-пікірлерінің түйіні. Бауырлас Түркия азаматы әңгіме барысында Вашинг­тондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттен туындаған ойларымен бөлісті. – Шабан бей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін­де қазақстандықтардың бейбіт­ші­лік жолындағы ұстанымда­рын жаһан саясаткерлеріне батыл мәлімдегенін көптеген халық­аралық сарапшылар айтуда. Сіздің ойыңызша, бейбітшілік идеясының негізгі тіні неде? – Қазір әлемдік жағрафия ауқымында көптеген оқиғалар болып жатыр. Оның ішінде адам баласының қалауынан тыс жайттар да орын алуда. Әлбетте, адам баласының артықшылығы – бір-бірімен тіл табыса алатын қасиетінде. Яғни, он қасиетіміздің тоғызы іске алғысыз болып, бір жақсы қасиетке ие болсақ, соның өзімен бір-бірімізді түсінуге болады. Қоғам үшін адамның жақсы болмағы маңызды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстан­­­ған саясаты әлемдік қоғамдастыққа жол көрсеткен шамшырақтай дұрыс бағыт деп білемін. Өйткені, кез келген қырғиқабақ пен қақ­тығысты бейбітшілік жеңеді. Яғни, келешекте бейбітшілікті ұстан­ған ел ұтады. Мен осы сенімді жү­регіне берік орнықтырған Қазақ елінде еңбек етудемін. Бұл ретте Мемлекет басшысына әрдайым қолдау көрсетуге даярмыз. Себебі, көптеген елдерде адам­дардың жек көрушілігі мен көре алмаушылығының негізінде шиеленісті оқиғалар туындаса, Президент бірлік пен татулықтың негізін қалап, халықтың алаңсыз еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауымен күллі жаһан жұртына үлгі-өнеге көрсетіп отыр. Бұл үлкен ауқымдағы саясаткерлік қызмет. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаев сая­сатына әлем елдері де қолдау көрсетеді. Соғыстың діні, ділі, тілі жоқ. Соғыс ешқашан жетістікке жет­пейді. Әрқашан әлемді сақтап келген бейбітшілік, бауырмалдық және сүйіспеншілік. Жапон халқын­да «Қасыңызда жақсы досыңыз болса, жолдың алыстығы жоқ» деген тәмсіл бар. Қазір әлемде 200-ге жуық мемлекет болса, әр­қайсысының бір-бірімен адам­гершілік құндылықтарымен тіл табыса алатындай деңгейге жетуіне мүмкіндік бар. Бірақ менмендік бар жерде келісімге қол жеткізу қиын. Біз бәсекелессек, менмендікті кері ысы­рып, құн­дылықтарды алға шы­ғару арқылы бәсекелесуіміз тиіс. Бұл адамзат үшін өзара қолдау бо­лар еді. Президенттің манифесінен көптеген жақсы ой түйдім. Тіл – жүректің айнасы. Жүрегіңізде не бар, тіліңіз соны айтады. Жарасым тапқан көңілдің үні әрдайым жар­қын шығады. Бауырмалдықпен дүниенің барлық жақсылығына жетеміз. Дүниежүзіне зер салсақ, түрлі нәсілдер мен ұлттар, ұлыстар, соған сай түрлі мінездер бар. Өкі­ніштісі, қазір кейбір адам баласын­да жануардан жаман қылықтар бой көрсетуде. Кез келген жануар өз баласын қорғайды. Сол үшін та­биғи түйсікпен жанын пида етеді. Ал адамзат соқыр сенімнің жете­гіне еріп, бір-біріне қару кезенеді, оқ атады. Бұл – еш дін мен ділдің аясына сыймайтын дүние­лер. Адасқандардың ішкі ойы дұрыс жолда келе жатырмын деп ал­дарқатуы мүмкін. Бірақ олар діннің ізгілігі мен болмысын дұрыс ұқпағандар екені анық. Бұл жағдай ислам әлемін де шарпып отыр. Осы орайда Қазақстан Президенті соғыс өртінің тұтанбауына, мем­лекет­аралық, дінаралық және ұлт­аралық қақтығыстардың алдын алуға үздіксіз еңбек сіңіріп келеді. Бұл ізгілікке толы күрескерлік иде­я­сы Қазақстан басшысының Вашингтондағы саммитте айтқан сүбелі ойлары мен сөздерінен де айқын аңғарылды. – Манифесте Ядролық қа­руды таратпау туралы шарт та­лаптарының орындалуына назар аударылғанын байқаған бо­ларсыз. Жойқын қарудың тағдыры қазіргі алып державаларды алаңдата ма? – Ядролық қаруға әлемде санаулы мемлекеттер ғана иелік етеді. Дегенмен, алпауыт мемлекеттер қаншалықты ядролық қаруға ие болса, соншалықты қауіп-қатерге де жақын. Бұдан шығатын қорытынды, аталған қа­ру қауіпсіздік кепілі болудан қалды. Қазір әсіредіншілдік қаупі ұлғайып келеді. Кез келген уақытта бұл қару лаңкестік ұйымдардың қолына түсуі, топтық мақсат-мүдделерді жүзеге асыру құралына айналуы әбден мүмкін. Әрине, жойқын қару жаман пиғылды жандардың қолына түспегеніне баршамыз мүдделіміз. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – зұлымдық», дейді хакім Абай. Осы үдеден табылуымыз тиіс. Қазақ пен түрік мұсылман қауымына жатады. Мұсылман дегеніміз – сенімділік деген сөздің бір баламасы. Біз бір-бірімізге деген сенімді сақтауы­мыз керек. Басты міндетіміз осы. Сол себепті Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартуға шақырған үндеуі жаһандық қауіпсіздікті ойлаған орасан ауқымдағы бейбітшілік идеясы деуге болады. Сіз жетекшілік ететін «Нұр­­­орда» мектеп-лицейінде өскелең ұрпақты ізгілікке баулу жөніндегі жобалардың жүзеге асырылып жатқанынан хабардармыз. Жалпы, балаларға бейбітшілік ұғымын қалай жеткізуге болады? – Біз өскелең ұрпақты бей­бітшілікке, мейірімге және адал­дыққа баулимыз. Бұл ата дәстүрімен де, мемлекеттік мәсе­лемен де тығыз сабақтас. Осы бағытта мектеп қабырғасында көптеген іс-шаралар ұйымдас­тырылады. Мәселен, жуырда «Сатушысыз дүкен» атты жобаны қолға алдық. Атауы айтып тұр­ғандай, онда тұтынушыларға сатушы қызмет етпейді. Оқушылар қалаған дүниесін алып, ақшасын дүкенге қалдырады. Бұл баланы адал болуға үйретеді. Ата-ана­лар, мұғалімдер мен оқушылар үш­тағаны арасында жүргізілген әңгімелер арқылы жаңа жүйе жол­ға қойылды. Екіншіден, «Бірге күшті­міз!» атты акция ұйымдастырдық. Оған да мектеп ұжымы, ата-ана­лар мен оқушылар қатысты. Аталған акция мейірімділікке, бауырмалдылыққа баулиды. Мәселен, мектеп маңайындағы дүкендермен бірге әлеуметтік жобаны жүзеге асырдық. Бастаманың мақсаты – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көр­сету. Осы орайда дүкеннен екі нан алсақ, бірін көмекке мұқ­таж жандарға қолдау ретінде дү­кенде қалдырдық. Осы арқылы оқу­шы­ларды қайырымдылыққа үйретеміз. Осы сияқты, мектепте барлы­ғымыз бірге ағаш көшеттерін отыр­ғыздық. Сондай-ақ, барлық ата-аналар арасында әйгілі жазушы І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романы бойынша зияткерлік бай­қауын ұйымдастырдық. Әл­бетте, іргелі ұлттың қалыптасуы қарапайым дүниеден құралады. Барлық дүниені Үкіметтен күте беруге болмайды. Өзіңізден бастаңыз. Егер көршіңіз жақсы іс бастаса, сіз де Абай атаңыз айтқан еріншектіктен ада болып, өзіңізді қолға алыңыз. Ізгі істерді бастай білуіміз, қолдауымыз қажет. Мемлекет басшысының үндеуіне осы іспетті ізгі іспен де үлесімізді қоса аламыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»  ӨСКЕМЕН