Әлемдік қауіпсіздік – бірінші орында тұруы тиіс мәселе
Жалғасын тапқан жасампаз іс
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен IV Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысқанын көріп, осы тақырыпқа орай Президентіміздің манифесін оқып риза болдық. Себебі, Семей ядролық полигоны аймағында туып-өскендіктен өткен оқиғалар осындайда еске түседі. Менің балалық шағым өткен Едірей ауылы сынақ полигонынан 100-120 шақырым жерде орналасқан. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында, жерасты сынақтары кезінде әлі мектепке бармаған бала едік. Әскери киімді адамдар ауылымызға дүркін-дүркін келетін. Үйдің қасында окоп қазып, «Ертең таңертең осында келіп тығыласыңдар», дейтін. Сол айтқан уақытында солдаттар келіп, бәрімізді окопқа отырғызып: «Қазір шығыстан күн сияқты қызыл шар шығады, оған қарамаңдар, көздерің көрмей қалады», – дейтін. Содан тығылып отырамыз. Бір уақытта күркіреген күннен де қатты дыбыс шығады. Қорқып одан сайын бұғамыз. Бірақ баламыз ғой, арасында сығалап қарап қоямыз. Шынында, тапа-тал түсте шығыстан «күн» шығады. Соңынан қара түтін қаптап кетеді. Ол уақытта әскерилер де ядролық бомбаның күшін толық білмейтін тәрізді-ау деймін, әйтеуір, үй құлайды деп, адамдарды қазылған орға тығып, сақтық жасайтын. Кейіннен 60-жылдарың басында әуеде сынақ жасаған кезде ескертуді мүлде қойды. Әуелі аспанда із қалдырып, ұшақтар ұшады да, соңынан «гүрс» еткізіп бомбаны тастай салады. Сол қатты дыбыстан ит біткен қыңсылап арбаның астына тығылушы еді. Тауыққа дейін қораға қашып, тірі жан-жануардың есі шығып кететін. Ақыл-есі жоқ мал бомбаның не екенін білмесе де, оның жойқын дыбысынан қатты қорқатын. Бұл – табиғи түйсік болса керек. Сонда бомба жерге түсіп жарылғанда алдымен көзді қарықтырып қып-қызыл «күн» шығатын да, ол арқан бойы көтерілген соң қара-қошқыл түстес алып «саңырауқұлақ» бейнесіне енетін. Сонан кейін ол аспанға көтеріліп, қою бұлтқа айналушы еді. Осылайша сынақтар 70-80- жылдарға дейін жалғасып жатты. Әскерилер үн-түнсіз өз істерін тындыра берді. Ал сынақтың зардабын жергілікті халық көрді. Адамдар азып, табиғат тозды. Ядролық сынақтың зардабы қандай болғанын екі қолсыз туған біздің ауылдың баласы, суретші Кәріпбек Күйіковті көрсеңіз түсінесіз. Оның тісімен салған суретін Мемлекет басшысы АҚШ президенті Барак Обамаға табыстағанын теледидардан көрдік. Қатты толқыдық. Ядролық қарудың адам баласына қаншалықты зиян екеніне осыдан артық қандай айғақ керек?! Қолдың орнына тісін құрал еткен Кәріпбек сол полигон зардабының бүгінгі тірі мысалы. Осындайда ойға түседі, қырық жыл ажал сепкен Семей ядролық полигоны Елбасының Жарлығымен жабылғанын естіген халықтың қуанышында шек болмады. Соның ішінде сол тажалдың маңыңда болған елдің арманы орындалып, талай жылдан бері ажал сеуіп келген айдаһардың басы шабылды. Осылайша Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан ел ретінде тарихта мәңгі қалды. Мемлекетіміз бейбіт ел болып, оның Президенті ерік-жігері ересен тұлға ретінде бүкіл әлемге үлгі көрсетті. Осындай себеппен Америкада өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі самитке қатысқан Қазақстанның, оның лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың басты назарда болғаны заңды еді. Президенттің «Менің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесім ХХІ ғасырда өмір сүріп, жұмыс істеу керек болатын өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр. Біздер, мемлекет басшылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершіліктеміз. Көптеген тар жол, тайғақ кешулерден өткен адам және саясаткер, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде, мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды өтінішпен қайырылып отырмын», деген сөздерімен толық келісемін және құптаймын. Яғни, осыдан ширек ғасыр бұрын басталған жасампаз іс өзінің жалғасын күні бүгінге дейін тауып келеді! Біздің еліміз сөз жүзінде емес, іс жүзінде ядролық қаруды жойған тұңғыш мемлекет. Осы тұрғыдан келгенде, Президентіміздің сөзі ұтымды, қалай айтса да адами толық құқы бар. Бейбітшілік жолында осындай нақты қадам жасап отырған Елбасының ісін қазақстандықтар да бірауыздан қолдайды. Әлем жұртшылығына арнап отырған манифесін бір адамдай мақұлдайды. Қазіргі таңда ядролық қауіпсіздік мәселесі бүкіл әлем үшін ең толғақты, көкейкесті проблема. Соның ішінде лаңкестік белең алып тұрған уақытта, тіпті, маңызды екені белгілі. Олай болса, бейбіт күніміз мол болсын, осы жолдағы Елбасының ісі оң болсын! Серік СЕКСЕНҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі ҚАРАҒАНДЫҚолдау қажет етілетін құжат
Ғаламдық әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай әлем елдеріне де әсер ететіні сөзсіз. Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі қорытынды саммиттің де әлем үшін маңызы зор. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі қазір қызу талқылану үстінде. Өйткені, саммитте талқыланған ядролық қауіпсіздік мәселесі бүкіл дүние жүзін алаңдатуда. Өркениетті өмірдің, жаһанданудың бүгінгі тыныс-тіршілігі, болашағы бұл күндері бүкіл адамзатты ерекше толғандырып отыр. Бұл – біздің барлық жоба-жоспарларымыз, алға деген ұмтылыстарымыз, өмір сүруге деген құштарлығымыз, ұрпақтарымыздың жарқын болашағы, ертеңгі күнге бағытталған дәйекті де тұрақты даму жолдарымыз. Бірақ, соңғы жылдар оқиғасы бүкіл әлемге қауіп-қатер төндіруде, кейбір еларалық жанжалдар жаһандық соғысқа жалғасып кетуі де ықтимал делініп отыр. Сондықтан, деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев саммитте сөйлеген сөзінде адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажет. Бұл жаһандық стратегия ұлттың соғыстар мен жанжалдардың вирусын жою жөніндегі үйлесімді және жауапты іс-әрекеттерін айқындауға тиіс. Бұл құжатта үш басты қағидатты нақты мазмұндау керек. Біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс. Әр адам Жер шарының кез келген нүктесінде бейбіт, бақытты өмір сүргісі келеді. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесі бүкіл әлемде резонанс туғызды. Әлемге тыныштық керек! Мемлекет басшысы былай дейді: «Әлем бұған дейінгі 100 жылдықта адамдар бейбітшілік үшін қалай күрессе, ХХІ ғасырда дәл солай саналы және табандылықпен күресуге әбден лайықты. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз». Ал біз Президентіміз жаһандық бейбітшілік үшін қозғалыста және адамзат өркениетін сақтау үдерістерінде көшбасшы екенін мақтан тұтамыз. Еліміз атом қаруынан бас тартты. Сөйтіп, әлемге үлгі көрсетті. «Қазақстан электролиз зауыты» – Елбасы бастамасымен салынған бейбіт өндірістік кәсіпорын, бұл күндері еліміздің экономикасын өркендету жолында табысты еңбек етуде. Металлургтер Елбасының бейбіт, тұрақты өмірді көрсеткен жолын, саясатын толық қолдайды. Бейбіт еңбек, тыныштықты қалайды. Зауытта қандай өзгерістер, жаңашылдықтар болмасын зауыт ұжымына, жұмысшыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осы елде, осы жерде өмір сүрген соң ешкім де қоғамнан тыс қала алмайды. Елбасы манифесінің мән-мақсатын барлығы да жақсы біледі, қолдайды. Ертеңгі болашақты сақтап қалу – біздің парызымыз. Роман РОМАНОВ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті ПАВЛОДАРАдамзат бәтуаға келуі тиіс
«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі халықаралық қоғамдастықты ұлттар арасындағы әскери қақтығыстар тәуекелдерін жою бойынша өзара бәтуаға келу және үйлестірілген шешімдер қалыптастыру жолдарын іздестіруге итермелейді. Өз манифесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзаттың ең бір жанға тиер дертін ашып көрсетті, ал ол болжамды болашақта Жер шарындағы өмірді жойып жіберуі әбден мүмкін. Әңгіме халықаралық қоғамдастық бейбітшілік орнату жолындағы ынтымақтастық үшін өз бойынан күш-жігер таба алмаса, шынымен де ем қонбайтын дертке айналуы мүмкін соғыс вирустары мен дау-жанжалдар туралы болып отыр. Бұлай жалғаса берсе ядролық оқтұмсықтарды пайдалануға апарып соқтыратын жаһандық қарсы тұрушылықтар мен апаттарға қарай одан әрі құлдырауды күтуге тура келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, соғысты жою – адамзаттың ең күрделі өркениетті міндеті. Елбасының оған ешқандай өзге балама жоқ және осынау жаһандық проблеманы шешу әлемдік көшбасшылардың абсолюттік басымдығы болуы тиіс деген сөзі нағыз шындық. Стратегиялық соғысқа қарсы бағдарламаның тұжырымдамасын да, ұлттар арасындағы сенімді нығайтатын оның базалық қағидаттарын да толық қолдаймын. Қазақстан Президентінің бейбітшілік манифесі адамзаттың үйлесімді дамуында жаңа сатыны ашуға қабілетті екеніне сенімім мол. Құжатта ұсынылған іс-қимылдар алгоритмі пайда болған қарама-қайшылықтар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін құрудың шешуші мәселелерін реттеу үшін кешенді жағдайлар туғызады, ал ол бүкіл мемлекеттердің болашақтағы бейбіт өміріне кепілдік береді. Мен Қазақстанның бітімгершілік бастамаларының біздерді ядролық қарулар да, соғыстар мен дау-жанжалдар да болмайтын болашаққа қарай айтарлықтай жақындата түскеніне сенімдімін. Алена СКЛЯР, кәсіпкер ҚЫЗЫЛОРДА