28 Сәуір, 2016

Патриоттық акт – үлес қосар үлкен бастама

367 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
MAMAҚазақстан халқы Ас­сам­блеясының әр сессиясын отан­дастарымыздың қуанышпен көріп, тамашалайды, материалдарын зерделеп оқып танысады. Өйткені, мұның барлығы мысқалдай жасан­дылығы жоқ, өмір­дің өзіндей шынайы бо­луынан деп білемін. Біздің елдегі ұлт пен ұлыстар та­тулығының, бірлігінің өзге жерде баламасы жоқтай көрінеді маған. Шындығында да солай шығар, бәлкім. Елбасы айтқандай, Мәңгілік Ел ұғымы ғасырлар тереңінен тар­тылғандай, оның аясына көп мағына сыяды. Мәңгілік Елдің басты мағынасы – Тәуелсіздік! Теректің тамыры тереңге кетпесе дауылға шыдамайды. Тәуелсіздік те сондай, елдің дәс­түрін, тарихын, тілін, дінін, ділін сақтамасақ, Тәуелсіздіктің мазмұны солғын тартады. Біздің халқымыздың жады еш нәрсені ұмыттырған жоқ. Аталарымыз бізге жеткізген мұраларды алға апару, сонымен ұрпақ сабақтастығын үзбеу қасиетті парызымыз болуы тиіс. Қасиетті шаңырақ, отбасы, қонақжайлылық, еңбексүйгіштік пен бірлік атадан қалған басты мұралар болып табылады. Бұл бүгінде біздің қоғамның сипатына айналып кеткен. Бірлігімізге шүкіршілік ете­міз. Ол – Қазақстан халқы Ас­самблеясының ХХІV сессиясы тұжырымдаған Патриоттық актінің негізі болып табылады деп ойлаймын. Және осы бірліктің талдың шыбығын күштеп игендей, жоғарыдан теліп жүргізіп отырған саясат емес, күнделікті тірлігіміздің шынайы көрінісі екеніне күнде көзіміз жетеді. Адамдардың түсіне, тіліне қарамай, бір-біріне деген мейірімділігін мен күн сайын өмірде кездестіріп отырамын. Өзіміздің құрбыларымыз да, көрші-көлеміміз де сан ұлттың өкілдері. Өмірдің қуанышы мен қиындықтарын барлығымыз да бір қалада, бір көшеде бірге көріп келеміз. Қазір бір қазақ­стан­­дықтың қуа­нышы – бар қазақстандықтың қуанышына, ортақ мақ­танышымызға ай­налған. Мысалы, Геннадий Го­лов­киннің аме­рикалық Доминик Уэйдпен жек­пе-жегі болатын күні қостанайлықтар жексенбі екеніне қарамай, әдет­тегіден ерте тұрды. Қарсыласын бес минуттың ішінде техникалық нокаутқа жіберген Генаның кезекті жеңісі барлық қазақстандықтардың риясыз қуа­­нышына айналғаны ақиқат шындық. Қазір жүзінен иманы төгіліп, бойынан қайсарлық пен еңбексүйгіштік, адамгершілік, аса дарындылық атойлап тұратын Геннадий Головкинді, сондай-ақ, екі дүркін олимпиада чемпионы, зілтемірші Илья Ильинді үлкендер жағы өз ұлындай айналып-толғанып отырады, олар жастардың кумиріне айналып үлгерді. Бірлік пен татулықтың мұн­дай жарқын мысалдарын хал­қы­мыздың күнделікті өмірінен көптеп кездестіруге болады. Сон­дық­тан еліміздің, халқымыздың жалпыұлттық бірлігі Мәңгілік Елдің жеті тұғырынан ойып орын алуы заңдылық емес пе? Ал Мәңгілік Елдің мызғымас бір тұғыры – зайырлы мемлекет және жоғары руханият. Тәуелсіздігімізді алған күннен бастап Қазақстан өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Адамзат қоғамында діннің алар орны ерекше. Ол – руханият көзінің бірі, мәдениеттің де бір бұлағы діннен бас­тау алады, имандылықтың, адамгершіліктің де бастауы сонда жатыр. Бірақ айналамыздан көріп отырғанымыздай, дін түрлі кикілжіңнің, ұлттар арасындағы араздық пен жеккөрушіліктің, мемлекеттер арасындағы текетірестің себебіне айналмауы тиіс. Діни толеранттылықтың, әр­кімнің діни сеніміне өзара құрметпен қараудың да біздің елімізде жақсы қалыптасқаны қуантады. Міне, христиан дінін ұстаушылардың Пасха мерекесі келіп қалды. Оны тойлаған христиан дініндегі қостанайлықтарды барлығы да құттықтап, мерекені бірге тойлайды. Ұжымдарда христиан дінін ұстанатын әріптестеріміз пасха мен боялған жұмыртқа қойып, шәй дастарқанын жаюды ұмытпайды. Барлық ұлттың өкілі мерекені осылай атап өтеді. Құрбан айтта да мұсылмандарды барлығы құттықтап жатады. Дастарқанға келеді. Қандай жарасымдылық! Тек көз тимесін деп тілейміз. Жеті тұғырдың ішінде Ин­но­ва­ция негізіндегі тұрақты эконо­микалық өсім, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы секілді қадау-қадау, әбден иі қанған тұжырымдар енген. Мұның барлығы да бір жағынан бүгінгі өміріміз болса, екіншіден, Тәуелсіздік тұғы­рын бекіте түсу үшін алда қолға алатын көп жұмыстың жобасындай да көрінеді маған. Мысалы, бүгінгі жастарды еңбекке баулу тәрбиесін тереңдете түсу керектігі айтылып жүр. Бұл – өте маңызды мәселе. Елбасы мұны осыдан бірнеше жыл бұрын өзінің мақаласында тереңдете айтқан болатын. Қазір өте көп әңгіме болып жатқан үш тілді меңгеру де еңбекке тәуелді. Еңбек етсе барлығына да қол жеткізуге болатынын жастарға құр сөзбен емес, іспен көрсеткен ләзім. Еңбекқор адам өз Отанының патриоты да болады. Ал патриоттар елінде ұлттық қауіпсіздік қамтамасыз етілетіні айқын. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ХХІV кезекті сессиясы осындай мағыналы жұмыстарымен қуантты, тарихи миссиясын орындады. Мәрзия ЕСҚАЗИНА, облыстық теміржол ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары ҚОСТАНАЙ