АҚТӨБЕ. 28 сәуір. Ақтөбе қаласындағы «Юрта» мейрамханасында «Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасы және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жобасының аясында «Нео фольклор» киім дизайнерлері мен «Ұмытылып бара жатқан және жаңғыртылған ұлттық тағамдар» қалалық байқаулары өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Байқауларды қалалық әкімдік жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік бөлімдері ұйымдастырды. Шараның мақсаты — қазақтың ұлттық дәстүрін насихаттау, «Астана —ЭКСПО-17» халықаралық көрмесіне әйелдер қауымының қатысуына ықпал ету болып табылады. «Ұмытылып бара жатқан және жаңғыртылған қазақ ұлттық тағамдары» байқауының мақсаты қазақ ұлттық тағамдарын сақтап қалу және көпғасырлық дәстүрлерін насихаттау, ұмытыла бастаған тағамдарды қайта жаңғырта отырып, жаңа заманауи тағамдарды әзірлеу болып табылады.
«Нео-фольклор» киімдер дизайнерлері байқауының мақсаты қазақтың ұлттық киімдерінің бірегей құндылықтарына, оның қазіргі сән үлгісінің үрдістер үйлесімділігіне сәйкес этникалық-тұрмыстық құндылығы мен алуандылығына назар аудару. Аталған байқауларға оқу орындарының өкілдері, жеке кәсіпкерлер, қаланың тігін шеберханалары мен мейрамханалары қатысты.
Аспаздық байқау қатысушылары қазылар алқасы мен байқау қонақтарына ұлттық тағамдар мен бұйымдардың көне рецептураларын, сондай-ақ оларды дайындаудың дәстүрлі технологиясын көрсетті.
Дизайнерлер ұлттық колоритті сақтау және ұсыну арқылы модельдеу, киім стильдері бойынша жоғары кәсіби деңгейлерін, бәсекеге қабілеттілігін растау мүмкіндігіне ие болы.
«Ұмытылып бара жатқан және жаңғыртылған қазақ ұлттық тағамдары» байқауы бойынша бірінші орынды «Юрта» мейрамханасы, екінші орынды Ақтөбе техникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Жансая Қаратаева мен Ақтөбе сервис колледжінің өңдірістік оқыту шебері Тойдық Түгелова, үшінші орынды «Жас Отау» кафесі жеңіп алды. «Нео-фольклор» киімдер дизайнерлері байқауында бірінші орынды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің колледжінің оқытушысы Гулназ Жүлкерова, екінші орынды жеке кәсіпкер М.Дүйсенбаева, үшінші орныды Ақтөбе сервис колледжінің студенті Вячеслав Кожевников иеленді.
Байқаулар жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар, қала әкімінің атынан дипломдар табысталып, қалалық кезеңнің жеңімпаздары облыстық кезеңге бжолдама алды.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, фото: egemen.kz