Кеше «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының ХІV есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Елордадағы Сарыарқа, Есіл, Алматы аудандарында өткен есеп беру конференцияларынан сайланған нұротандық белсенді делегаттар алдымен филиалдың есеп беріліп отырған кезеңінде атқарылған жұмыстармен танысты.
Ол жайында баяндаманы «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов жасады. Жылдан жылға партияға мүшелердің саны артып, бастауыш партия ұйымдарының да қарасы молайғанын айтқан ол нақты мынадай сандарды алға тартты. Атап айтқанда, 2011 жылдың 1 қаңтарында қаладағы партия мүшелерінің саны 30 054-ке жеткен. Бұл дегеніміз, өткен жылы партия қатары қала бойынша 9 571 адамға өскенін көрсетеді. Сонымен қатар, өткен жылы партия қатарынан түрлі себептермен 3 063 адам шығарылған. Олардың басым бөлігі партия жарғысын орындамау бойынша шығарылса, 0,6 пайызы партиядан коррупциялық қарекеттері үшін аласталған. Елбасының сарабдал саясаты арқасында біздер жаңа биіктерді бағындырудамыз, деген Әмірхан Рақымжанов алға қойған мақсаттарға жету үшін партия мүшелері қоғамның қозғаушы күші болуы тиіс деп ой түйіндеді.
Конференцияны басынан аяғына дейін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов жүргізіп отырса, оның жұмысына Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатынасып, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде «Нұр Отан» партиясының астаналық филиалының мүшелерін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумды өткізу бастамасын қолдауға шақырды. «Аз ғана мерзім ішінде партиямыздың Төрағасы, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерік-жігері мен саяси көрегендігінің арқасында еңсерген асуларымыз көп. Қол жеткізген жетістіктердің сыры – Президентіміздің көрегендік, жасампаз стратегиясында. Бұл стратегия ең алдымен халықтың ырысын молайтып, бірлігін нығайтуға, ұлттық мүддемізді қорғауға бағытталған. Яғни, болашақ дамуымыздың бірден-бір кепілі. Төрткүл дүние Астананы саяси, экономикалық және діни маңызы зор ірі орталық ретінде біледі. Қазақ елі мен Елбасының беделін асқақтатқан ЕҚЫҰ Саммитінің жоғары деңгейде өткені соны тағы бір айшықтады. Мемлекет басшысы Астананы елдің тірегі, үйлесім мен бірліктің ұйытқысы, ақыл мен күш-қайраттың алтын діңгегі деп санайды», – деді Сенат Төрағасы.
Бүгін төрткүл дүниенің Отанымызды дамыған, экономикасы тұрақтанған ел ретінде мойындауы және еліміздің азаматтық қоғам құру жолының оң бағасын алып, белді-белді халықаралық ұйымдарға төрағалық ету құрметіне ие болып отырғаны ұлттық санамызды нағыз егемендік деңгейге жеткізуге тиіс, деген де ойын жеткізді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Және ол елдегі барлық жетістіктің Ұлт Көшбасшысының есімімен тығыз байланысты екенін баса айтты.
Конференцияға қатысушылар жиында партияның алдағы болатын XIIІ съезіне делегаттар сайлаумен қатар, «Нұр Отанның» қалалық филиалының төрағасын да айқындады. Сөйтіп, конференцияға қатысушы 237 делегат Иманғали Тасмағамбетовтің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Ал партияның елордалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып Әмірхан Рақымжанов қайта сайланды.
Жалпы, конференцияның күн тәртібіне 8 мәселе шығарылып, олардың барлығы бойынша тиісінше тыңдаулар болды және шешімдер қабылданды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
Астана.