29 Сәуір, 2016

Сыйластығымыздың сыңайы қандай?

400 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
сыйластық 001«Ұстаз ұлы қызмет емес, ұлық қызмет», деп Баукең, Бауыржан Момышұлы қанша дәріптесе де, шенділдер мен шекпенділер бізге пысқырып та қарамайды, көзге ілмейді», деп реніш білдіргені бар бір мұғалім ағамыздың. Көзге қораштау көрінетін осы кісінің сөзі мірдің оғындай. Сөйлетсең тілдің майын ағызып, өзіңді баурап алады, аузыңды ашып қаласың. Көпшілік бас қосқан жерде кезінде ел ағасы атанып, бүгінде қалталылар санатындағыны қолпаштап, дастарқанның төріне оздырып жатса, әлгі бір кісі сияқты­лар­дың төменнен табылатыны да рас. Қазақы әдет-ғұрып, салт-дәстүр­ді бүгінде көпшілік жұрт ұстана бермейді. Ағайын-тума, дос-жаран, құдандалы кісілер, нағашы-жиендер арасында қарым-қатынас суып бара­ды. Қазірде тума-туыс, дәм-тұзың­­ды бөлісіп жүрген жолдас-жора­­лардың қуанышыңа ортақтасып, құт­ты болсын айтып келіп-кетіп жат­­қаны шамалы. Телефон шалуға жар­а­ма­й­тындары да бар, шақырсаң ғана келіп, емеурін білдіреді. Көшіп келіп жатқан ағайын-туыс, құда-жег­жат­­қа босаға көрсетіп, «ерулік» беру сияқ­ты ата салты ұмытылып бара­ды. Рас, қыз­мет басында болсаң, аға-іні­лерің, бала­ларың лауазымды қыз­мет­те жүрсе, танысып-білісейік, деп жік-жапар болып жататындар табылады, он­дай­лардың көздейтіндері бақай есеп. Мұны айтасыз, бауырлас, жақын адамдардың арасында да қарым-қатынас мәз емес. Кемпірі көптен науқас Дәрменбай деген ағамыз бал­дызы мен бажасына апаларының көңілін сұрап, жағдайын білуге жара­мағанына ренжіп: «Бұларға не деуге болады, жарайды, бажаны қояйын, сіңлісіне не болған, кәріп болып жатқан апасының жағдайын білуге жарамағаны ма?» – дегені бар. Міне, біздің қазақшылық сиқымыздың түрі осы, үлкендер жағы осындай болып жатса, кейінгіге не айтпақ керек. Бүгінде үлкені кішісін бауырына тартып, кішілері үлкендерін мәртебелеп, ағалап жатқандар да сиреп барады. Туыс іздеп бару, аунап-қунап қонақта жату ұмыт бола бастады. Ағайын-тумадан жырақта өскен қала баласы «бауыр», «туыс», «елім», «жерім» деген ұғымның мән-мағынасына зейін қойып жатқан жоқ. Елдегі ата-әжелер ондайлар үшін қаймана қазақтың бірі сияқты болуы да мүмкін. «Араласпай тек жатсаң, алыстайсың жегжаттан», деген аталы сөзді есте ұстаған абзал сияқты. Айнала толған көп адам, жападан-жалғыз мен қалам дегендей, бүгінде екінің бірі жүрекжарды сыр айтып, жан дүниесін түсінер, ой-пікір бөлісер, дос-жар көңілге зәру. Бүгінше айтсақ, бизнесі бар, ауқатты азаматтар тума-туыстарына қарайласып, қол ұшын беріп жатса бір ғанибет емес пе! Ер жігіт – етек-жеңі кең жігіттер қатары бүгінде сиреп, ұсақталып бара жатқан сияқты. Ана жылы басына іс түскен бір азамат аяқ астынан қаражат қажет болғанда, сыйласып, ағалы-інілі болып араласып жүрген ағасынан қарызға ақша сұрапты, аламын деп барған ғой, анау болса ананы-мынаны сылтауратып меселін қайырыпты. Ақшасы бола тұра бермеді-ау, деп көп уақыт өкпелеп жүрді ағасына. Қайтармай кетеді деп қорықты ма екен, әлде?.. Бұрын балаң сені асырайтын, қазір сен балаңды баласымен қоса асырайсың. Мұны өмірде көріп те, естіп те жүрміз. Олардың ата-анасының аз ғана зейнетақысына, бірді-екілі малына ауыз ашып отырғандары. Пәтшағарлар ішуді ұнатады, маңдай терімен еңбек етуге мойын жар бермейді, кездейсоқ табысты талғажау етіп жүргендері. Мұндайлар некен-саяқ болса бір сәрі ғой, көбі тепсе темір үзетін жігіттер. Мұнымен қалай ел, қалай жұрт боламыз. Төрт қабырғаға қамалып отырған кемпір-шалдың да күйі аянышты. Бұлар аш-жалаңаш емес, құдайға шүкір, зейнетақылары өздеріне жетіп жатыр. Аянышты дейтіні­міз, немерелерін сүйе алмай отыр. Соларды аймалап, құшуға зар. Бір қалада тұрса да, келін-бала сирек қатынасады, сылтаулары – баяғы жұмысбастылық. Ал баласы болса, ата-енесін айналшықтап, солардың дегенімен жүреді. Мұндайларға атар таңың арайлы, батар күнің мерейлі болсын деп айтуға аузың да бармайды. Тағдыр тәлкегіне түскен жандар мұны келемеж деп қабылдауы мүмкін ғой. Бүгінде сәлем де сатулы деген қал­жың бар. Қалжың емес, шыны сол. Үлкенді-кішілі лауазымды қызмет атқарғандар кім-көрінгенге сәлем бере бермейді. Сәлем беруден кішірейіп қалатындай көреді өздерін. Өзің жалпылдап қоңырау шалып, амандық сұрап, мерекемен құттықтамасаң, сені назарына алмайды – шындық осы. Ара-тұра екі-үш шалдың басы қосылып, Есілдің жағалауында сайран құратынымыз бар, отырып өткен-кеткенді еске аламыз. Бірде бұрын лауазымды қызмет атқарған, бізден жасы әжептәуір кіші азамат қасымыздан өтіп бара жатты. Анадайдан әрине, бізді аңғарған да шығар. Бірақ жанымыздан өтер тұста басын тұқыртып, төмен салып, өте берді. Әлгі жігітті тоқтатып: «Мұның қалай бауырым, мына үлкен ағаларыңды елемей, түк көрмегендей өтуің қалай? Біз сені сырттай білеміз, тәуір азамат деп жүрсек, сәлем беруге де жарамайтын болып шықтың ғой», деп назымды білдірдім. «Бір ой үстінде келе жатыр едім, аңғармадым, кешіріңіздер, айып менен», деп кінәсін мойындады. Бұған да рахмет. Қазір той-домалақ көп, бара­сың, бірақ өз орныңа отыра алмайсың. Бұрынырақ барғандар менен үлкендер болар-ау деп кейінірек отыруды білмейді. Бастық немесе бай болса одан бетер шікірейеді. Үлкен кісі келіп жатса, қымсынбай­ды ғой бәтшағар, безеріп отырғаны. Бүгінде той-домалақта дастарқан басына отырудың өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Үстеліңе тізім бойын­ша отырасың, солай десек те, осы үстелдің де өз төрі бар ғой. Қазақы жөн бойынша үлкендер жоғары отыруы керек. Бірде қадірлі құдамыздың дүние­ден өткеніне 10 жыл толуына орай балалары ас берді. Төргі үстелде отырмыз, жан-жағыма көз тастап қоямын. Кенет төменгі жақтағы үстел басындағы үлкен кісіге көзім түсті. Қасымдағы өзін ел ағасы деп білетін қариядан «Ана ақсақал осы ауылдың адамы ма, төмен қалды-ау», деп сұрап едім, әлгі көршім «Е, осы ауылдың шалы ғой», деп қомсына сөйледі. Иә, той дегеннен шығады, той тойлау жақсы ғой, егер оны қалтаң көтерсе. Аттылыға еремін деп, жаяудың таңы атты дейтін бе еді? Кейбіреулер намысына басып, тойын дүрілдетіп өткізуге барын салады. Мен бәленшеден кеммін бе деп қарызданып-қауғаланып той өткізіп жататындар да бар. Соңғы кезде той деген шашылу емес, қуанышыңды бөлісу деп жүр. Солайы солай-ау, алайда, әркім шама-шарқына қарап қимылдаса жөн ғой. Қазақ кейде кім-көрінгенді, көлденең көк аттыны шақырып жатады. Ағайын-тума, ең жақын бауырларды, дос-жаранды шақырып қуанышыңды бөліскенге не жетсін. Тойға барып келдік десең, қанша адам болды деп сұрап жатқаны. Көп жыл Қазақ Кеңестік Социа­лис­тік Республикасы Министр­лер Кеңесінің төрағасы болып қыз­­­мет атқарған, мемлекет және қо­ғам қай­раткері Нұртас ағамыз Оңдасыновтың әйелі орыс болған ғой. Өмір бойы сыйласып өткен екен. Сол кісі балалары Ескендір мен Геннадийді «жоғалттым», депті. «Олар қазақы рух­тан ұлттық түсінік-түй­сік­тен, тәлім-тәрбиеден, салт-дәстүр­ден мақұрым қалды. Осы үшін халқымнан кешірім сұраймын», деп жазыпты «Жалын» журналының 2008 жылғы қыркүйек, қазан айларындағы санында. Бала тәрбиелеуде кемшілік жібергені үшін халқынан кешірім сұраған жалғыз Оңдасынов шығар. Ал ондайлар елімізде жетіп-артылады емес пе. Бүгінде билік басында жүрген азаматтардың көбі қарақан басының қамынан әрі аса алмай жүр. Ондайлар ақшаның құлына айналып бара жатқанға ұқсайды. Ең жаманы, байлық үшін бәрін ұмытып, қандай қылмысқа болса да баруға әзір. Біразы қылмысқа ұрынып, темір тордың арғы жағында жүр. Байлық жақсы ғой, бар болғанға не жетсін. Тек оған адал еңбек, маңдай терді төгіп жетсе дегіміз келеді. Өкінішке қарай, көбі оған жан қинамай жеткісі келеді. Осылай кете берсе жағдай не болады? Бәрінен де, «Балық басынан шіриді» дегендей, ел сеніп отырған азаматтардың қылмысқа бой ұруы өкінішті-ақ. Еліміздің жарқын болашағы ынты­мақты еңбекте, ауызбірлікте екені белгілі. Таланттысы басшы, талаптысы қосшы болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйысып еңбек етсек құт-береке дарыған қуат­ты да, іргелі ел боларымыз хақ. Ынты­мағы жарасқан елдің ырысы да мол болмақ.  Қанапия МЫРЗАҚОЖА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі АСТАНА