22 Қаңтар, 2011

Елбасын қолдау – қуатты Қазақстан құру деген сөз

601 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Парламент Сенатының депутаты А.А.Башмаковпен әңгіме – Құрметті Анатолий Афанасьевич, жу­ырда Өскеменде өткен бастамашы топ бас­қосуында сіз де сөйлеп, Елбасы Н.Назар­баевтың президенттік өкілеттігін 2020 жыл­ға дейін ұзарту жөніндегі референ­дум­ды қолдаушылардың бірі болдыңыз... – Бүгінгі күні Қазақстанның тарихында жаңа дәуір басталды. Бұл дәуір Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екеніне ешкім де шүбә келтіре алмас. Мемлекеттік архитектураны жүздеген жылдарға нық орнату үшін ғаламат көре­ген­дік керек. Біздің Елбасымыздан сондай қа­сиет табылды, оның даналығының, қара­пайым жұрт көре алмайтын құбылыстарды се­зіне алуының және соларға лайықты құ­ралдарды дұрыс бағытта қолдану мен ғай­ып­тан пайда болған үдерістерді қажетті бағытта өрбіте алуының арқасында Қазақстан шүу дегендегі жағдайлары бірдей болған ТМД елдерінің көбі тайып жығылып жатқан қиын жолдардан адасып та кетпей және  сүрінбей де өтті. Енді алдымыздағы онжылдықтар да «Назарбаев феноменінің» ықпалымен өтеті­ніне шүбә келтіруге болмайды. Халық дана­лығы «Біз қалай іргесін қаласақ,  болашақ солай болады» дейді. Меніңше, бүгінгі күні болашағымызды баянды етудің кілті өзіміздің қолымызда. Бүгінгі күні Қазақстан өзінің жаңа сапада дамитын дәуіріне қол артып тұр. Оның жоспары Президенттің «Қазақстанның 2020 жылға дейінгі аралықтағы даму стра­те­гиясы» атты құжатта көрсетілген. Онда Мемлекет басшысы қол жеткен табыстарды пайдалана отырып, жаңа міндеттерді жүзеге асы­ру жоспарын нақты көрсетіп берді. Бұл еліміздегі тұрақтылықты одан әрі тереңдетіп, қоғамды, соның ішінде барлық саяси жүйені, рухани, интеллектуалдық, қаржылық және мате­риалдық күштерімізді ұйыстырудың ар­қа­сында іске асады. Ал олардың  орын­да­луына 100 пайыздық кепілдік бере алатын тек қазіргі Мемлекет басшысы. Бүгін одан басқа елді ұйыстыра алатын, ұлтаралық үйлесім­ділікті қамтамасыз ете алатын сенімді де лайықты кандидатура жоқ. – Дегенмен, референдум ерекше жағ­дайларда ғана өткізілетін шара ғой. Оны өткізу себебіміз  Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың бүгінгі таңда елімізге аса қа­жетті айрықша қасиеттері деп отырсыз. Солардың біразын атап бермес пе екенсіз? – Қазақстандықтар оған «Ұлт Көшбас­шы­сы» деген мәртебе бергенде оның айрықша еңбектерін бағалап қана қойған жоқ, сонымен бірге, жас мем­ле­кет­тің бо­ла­шақ тағ­ды­рын да қо­лына берді деп ой­лай­мын. Бү­гінгі күні, әлемдік қаржы дағ­да­ры­сы­ның әлі де толық ең­се­ріл­ме­ген сә­тін­де, жаһандық ауқым­да қарағанда саяси қайшылықтардың әлі де күш алып тұрған кезінде уақыт бізден тағы да азаматтық ақылға келіп, болашақ ұрпақтың қамы үшін Н.Назарбаевтың өкілеттігін ұзар­туымыз керек дегенді алға тартып тұр деп ойлаймын. Виктор Гюго: «Ұлы мақсаттарға  ұлы адамдар ғана қол жеткізе алады», деген екен. Ұлы адамдар алдына ұлы мақсаттар қой­ып қана қоймай, олардың жасампаздық күш­терін әрі қарайғы даму жолына жинақтай алады дер едім мен. Президент Н.Назарбаев үшін ұлы мақсат біздің тәуелсіз елімізді әлемдегі орны бар, салиқалы, беделді  мемлекетке айналдыру болса, ол сол мақсатты бүгін артығымен орындап отыр. Ол  қазақстандық­тар­дың әлеуметтік қамсыздануын, тұрмыс-деңгейін де жоғары деңгейге көтере алды. Осы­ның арқасында әлемдік қоғамдастық Н.На­зарбаевты қатты құрметтейді, соның бір көрінісі ретінде кешегі ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өткізілгенін атауға болады. Ме­ніңше, бұл Саммит халықтың даналығы мен оны басқарудағы дарындылықтың арқасында ғана қол жеткізілген Қазақстанның құндылық шыңы болды деп есептеймін. Қазақстан Президентінің айрықша қасиет­терінің бірі, яғни оның ажырамайтын альфа­сы мен омегасы Қазақстан халқының тұтас­ты­ғын сақтау болып отыр. Ұлтаралық келі­сім­нің тиімді моделін жасаудың арқасында Қазақстандағы барлық этностар өздерін жақ­сы сезінеді. Ал осы мәселедегі соңғы кездегі ғана оқиғаларды еске алатын болсақ, Прези­денттің бұл істі дұрыс жолға қоюының ма­ңыздылығына терең бойлай түсер едік.  Жүз­деген жылдық мемлекеттік тарихы бар еуро­палық елдердің өзі бұл істерде лайықты шешім таба алмай отыр. Мәселен, Парижде мем­лекеттің осы бағыттағы мәселені еңсере алмағандығының кесірінен мұсылмандар мен жергілікті халық арасында үнемі қақты­ғыс­тар болып тұрады. Швейцарияда мешіт са­лу­ға тыйым салу жөнінде заң қабылданды. Осының өзі мұсылман халықтарының өкіл­дері үздіксіз өсіп отырған жағдайда болашақ қақтығыстың басы болары белгілі емес пе. Данияда Мұхаммед пайғамбардың суретін әжуалау да мемлекеттік тұрғыдан саясаттың дұрыс қолға алынбай отырғандығының,  мемлекеттік саясаттың ұлттар арасындағы бірлікті сақтаудағы солқылдақтығының көрінісі. Ай­наламызда осындай жағдайлар болып жатқанда көпэтносты, көпконфессиялы Қа­зақ­стандағы тыныштықтың өзі көп нәрседен хабар бермей ме, Саммиттің біздің елде өткізілгендігінің бір себебі де осы ғой деп ойлаймын. Мен жуырда Польшаның Қазақстандағы елшісі Мечислав Лапановскимен әңгімелес­кен едім, сол кісі: «Қазақстан – тамаша дәстүрлері бар бір ғажайып ел. Сіздің елдеріңіздің салттары, мәдениеті мені таңқалдырады. Еуропа елдерінде ондай жоқ. Мен сіздердің осы құндылықтарыңызды жоғалт­пауларыңызды, керісінше, оны Еуро­паға алып барғандарыңызды қалар едім», дейді. Осындай риясыз көңілден шыққан шындыққа қалай мақтанбассың?.. Ал оған қол жеткізген Президенттің саясаты емес пе? Елбасы ЕҚЫҰ-ның Саммитінде де Ұйымның себеттерін ұлғайту жөнінде ұсыныс жасады, соның бірі осы ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу жайы ғой. Нақ осы мәселеде біздің Президентіміздің бүкіл әлемге үлгі ұсынуға хақылы екеніне ешкім таласа алмайды. Ал бұл дегеніңіз шағын Қазақстанның үлкен жетістігі емес пе? – Сізді сенатор етіп сайлаған аймақта бұл мәселелер қалай шешілуде? Ондағы ха­лықтың да Президенттің осы еңбегін жо­ғары бағалайтыны күмән туғызбаса керек қой. – Мен жуырда ғана Солтүстік Қазақстан облысындағы  сайлаушылардың ортасында болып келдім. Ондағы халық та Елбасының осы бағыттағы еңбегін жоғары бағалайды. Президенттің аймақтағы өкілі ретінде облыс әкімі Серік Біләлов та Елбасының бұл саясатын іске асыруда жігерлілік пен белсенділік көрсетуде. Мәселен, мен ол кісінің жуырда православие храмы салынатын жерде және мешіт құрылысына бөлінген жерде болып, халықпен кездескенінің куәсі болдым. Ал Тимирязев ауданының орталығында мешіт пен православие шіркеуі қатар бой түзеп, ауылдың сәнін келтіріп тұр. Осының өзі де біздің бірлі­гіміздің, достығымыздың және өзара төзімділігіміздің айғағы емес пе? Мен еліміздің болашақ тағдырына алаң­дау­шылық білдіретін барлық ізгі ниетті адам­дарды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзар­туды референдум арқылы қолдауға ша­қы­рамын. Осының өзі біздің қуатты Қазақстан құрамыз деген мақсатымызға сөзсіз қолдау болар еді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.