25 Қаңтар, 2011

Тәжікстанда жер сілкінісі тіркелді

878 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Тәжікстанда 6,1 баллдық жер сілкінісі болды. Оның эпицентрі елдің Қытай шекарасына жақын орналасқан Қарақол қаласынан 106 шақырым жерде тіркелді. Ал жер сілкінісінің күші республика астанасы Душанбе қаласында 3 баллды көрсеткен. Әзірше ешқандай қираған, бүлінген құрылыстар туралы мәлімет жоқ. Қаза болғандар туралы да ештеңе айтылмайды. Жер сілкінісінің зардаптары ел ес жиған соң нақтыланатын сияқты. Дегенмен, табиғат апаты халық аз қоныстанған аймақта орын алғандықтан, оның салдары соншалықты ауыр болмауы да мүмкін. Содырлар президентті жолынан қалдырды Украинаның Донецк облысындағы Макеевка қаласында құлақ естімеген содырлық жасалды. Белгісіз біреулер таң алдында қаланың түрлі аудандарында екі жарылыс жасаған. Әйтеуір ешкім зардап шеккен жоқ. Қаланың әкімшілік ғимаратына жапсырып кеткен хатта олар 4 млн. еуро тауып бермесеңдер, әлі бес жарылыс жасаймыз деп қоқан-лоққы жасаған. Содан ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр. Ал елдің президенті Виктор Янукович өзінің Жапонияға баратын сапарынан бас тартуға мәжбүр болды. Қазір қылмыскерлер жіті іздестіріліп жатыр. Иерусалимсіз егемен Палестина жоқ «Әл-Жазира» ақпарат агенттігі Палестина мен Израиль арасында 2008 жылы болған келіссөздердің құпия құжатта­рын қолға түсірдік деп жариялады. Онда Палестина делега­циясы өздерінің Шығыс Ие­русалимнен түбегейлі бас тартуға дай­ын екендігін мәлімдеген дейді агенттік. Бірақ сол кезде Палестина делегациясына басшылық еткен Ахмед Куреи бұл мәлімдеменің шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мүлдем жалған мәлімдеме екенін көлденең тартып отыр. Оның сөзіне қарағанда, бұл Палестина басшылығының беделін түсіру үшін қолдан жасалған құжат. Келіссөздер барысында тіпті бұл туралы әңгіме де қозғалған жоқ, дейді ол. Газ құю стансасындағы алапат жарылыс Ресей автономияларының бірі – Бурятиядағы Транссібір темір жолына таяу маңдағы газ құю стансаларының бірінде күшті жарылыс болып, бір адам қаза тапты және екеуі ауыр жараланды. Жарылыс Онохой кентінде болған. Көз көргендердің айтуына қарағанда, барлығы 3 цистерна газ жарылып, соның кесірінен 150 шаршы метрдей жерді үлкен өрт алып кеткен. Өртті сөндіруге 50-ден артық адам күші мен бірқатар техника тартылған. Қазір жарылыстың себебін анықтау үшін жергілікті өкімет арнайы комиссия құрды. Екінші қайтара президент болды Португалиядағы президент сайлауы бірінші турда-ақ нә­ти­же беріп, елдің қазіргі президенті 71 жастағы Анибал Каваку Сильва  сайлаушылар дауысының 53,1 пайызын алып, би­лікке екінші мәрте қол жеткізді. Дауыс беруге сайлау құқы бар азаматтардың 46,7 пайызы келген. Бұл да Еуропа үшін үлкен көрсеткіш. Қазіргі президент өзінің негізгі қарсыласы, 74 жастағы Мануэль Алегреге қара­ған­да 33,2 пайыз артық дауыс жинаған. Ал ол бар болғаны 19,7 пай­ыз дауыс алған. Интернет материалдары негізінде әзірленді.