30 Сәуір, 2016

Академик атындағы аудитория

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Евразиялық университетЛ.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Педаго­ги­калық ғылымдар академия­сының академигі, педагогика ғы­лымдарының докторы, профессор Болат Әбдікәрімұлы атындағы аудиторияның ашылу салтанаты өтті. Академик Болат Әбдікәрімұлы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде педагогика кафедрасының меңгерушісі болып 2 жыл қызмет атқарған болатын. Жиынға келген қонақтар абзал азамат, көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Болат Әбдікәрімұлының білім беру саласындағы, соның ішінде жастарды тәрбиелеудегі ерен еңбегі, адами тұлғасы, бекзат болмысы мен биік парасаты туралы естеліктерін айта келіп, шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған азаматтарға, аталған білім ордасының басшылығына жүрекжарды алғыстарын білдірді. Сонымен қоса, ұлағатты ұстаз өмірінің жүріп өткен жолынан сыр шертетін арнайы фильм көрсетілді. Университет ректоры Ерлан Сы­ды­қовтың кіріспе сөзінен кейін айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы арнау айтып, көпшілік көңілін бір серпілтіп тастады. Аталған шараны ЕҰУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды. Сонымен қоса, ғалым туралы сөзді алғаш­қылардың бірі болып мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Шырда­баев, тағы басқа зиялы қауым өкілдері ерек­ше толғаныспен еске алды. Іс-шара соңы «Үлгілі өмір: тұлға, ұстаз, ғалым» атты ғылыми-әдістемелік семинарға ұласты. Семинарда Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ Әлеуметтік ғылымдар фа­куль­тетінің деканы Байжұман Қашқынбай «Педагог тұлғаны таныту», әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану кафед­расының меңгерушісі, профессор Қадиша Шалғынбаева «Болат Әбді­кәрімұлының ғылыми мектебі», педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ғалиябану Кертаева «Болат Әбдікәрімұлы – кәсіптік білім беру майталманы», доцент Гүлден Айқынбаева «Б.Әбдікәрімұлы – кәсіптік-техникалық білім берудің негізін қалаушы» атты тақырыпта баяндамалар жасап, басқа да сөйлеушілер өнегелі өмір туралы кеңінен толғады. Аталмыш шараға Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, білім беру мекемелерінің басшылары, ғалымдар, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы, Болат Әбдікәрімұлының зайыбы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тазагүл Мұқашқызы, балалары және шәкірттері қатысып, ардақты тұлға жайлы жылы лебіздерін білдірді. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»