30 Сәуір, 2016

Елімізде еңбек қорғалады

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Таяуда Астанадағы «Көр­ме» орталығында Ден­сау­лық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай VI Қазақстандық халықаралық конференциясы өтіп, Еңбекті қорғау және өндіріс қауіпсіздігі жөніндегі «KIOSH-2016» көрмесі ашылды. Конференция барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова елдегі жұмыс орындарында қауіп­сіз әрі денсаулыққа зияны жоқ еңбек жағдайларын жасау­ға айрықша мән бері­ліп отырғанын атап өтті. «Ресми деректерге сүйен­сек, 2015 жылы тексеруден өткен 1,6 млн. өндіріс жұмыс­шыларының 367 мыңы, яғни әр­бір төртінші азамат қауіпті әрі зиянды еңбек жағдай­ларында жұмыс істеген. Өткен жылдың нәтижелері бойынша 675 мың адам зиянд­ы еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін қосымша демалыс, үстемақылар, қысқартылған жұмыс күні және т.б. түріндегі өтемақы алды. Аталған мақсатқа жұмыс берушілер 103 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлген. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 7 пайызға ұлғайған», – деді Тамара Дүйсенова. Сондай-ақ, министр өткен жылы еліміздің өндіріс орындарында еңбекті қорғау мен оның қауіпсіздігін басқарудың заманауи жүйесін құруға бағытталған жаңа Еңбек кодексі әзірленіп, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгенін еске салды. Ол сонымен қатар, Қазақ­станда ЭЫДҰ және Ха­лық­аралық еңбек ұйымының қауіпсіздік стандарттарына сай кәсіби қауіп-қатерлерді бас­қару тетіктері кезең-ке­зеңімен енгізілетінін атап айт­ты. Министр 2030 жылға қарай өндірістік жарақаттану мен кәсіби сырқаттану көрсет­кіштері айтарлықтай азайып, әлемнің дамыған елдеріндегі озық деңгейге жететін үмітте екендігін де жасырмады.