30 Сәуір, 2016

«Елбасы жолы: Жұлдыздар тоғысқанда»

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
зиялы қауым өкілдері жаңа кинотуынды 08жайлы пікірлерімен бөлісті 2016 жылдың 26 сәуірінде Астана қаласындағы «Қазақ­стан» орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министр­лігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Жұлдыздар то­ғыс­қанда» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Аталмыш көр­кем фильм ел тарихындағы елеу­лі оқиғаларға зер салып, Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасының қоғам өмірінің бар саласында атқарған рөлін, сондай-ақ Мемлекет басшысының дү­ниежүзілік ауқымда ынты­мақтастықты арттырудағы ай­рықша қызметін саралайды. «Жұл­дыздар тоғысқанда» фильмі 2016 жылдың 28 сәуірінен бастап жалпыұлттық прокатқа шығып, еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіле бастады. Осы орайда, еліміздің зиялы қауым өкілдері редакцияға хат жолдап, қалың көрермен қауым ықыласпен тамашалаған «Жұлдыздар тоғысқанда» көр­кем фильмі бүгінгі жеткіншек ұрпақтың бойына күрескерлік пен қайсарлықтың, табандылық пен тектіліктің, кісілік пен бет­тіліктің, имандылық пен қа­йы­рымдылықтың адамға тән ғажайып үлгілерін сіңіретіндігін атап өтті. Хатта Мемлекет басшысына қуатты да серпінді дамып келе жатқан мемлекет құруға баға жеткізгісіз үлес қосқаны үшін, отандық мә­де­ниетті ілгерілетудегі ерекше қамқорлығы үшін өздерінің ризашылықтарын білдірді. Хатта «Өрісі кең өнер қашанда адам мен қоғам арақатынасын анықтайтын өмір ақиқатынан, замана шындығынан бастау алады. Сондықтан адам тағдыры анық, уақыт бояуы қанық өрілген көркем туындының жүрек тербеп, ойға, санаға айрықша әсер етері даусыз. Күні кеше ғана елорда төрінде тұсауы кесіліп, қалың көрермен қауым үлкен ықыласпен та­ма­ша­лаған «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінен соң біздер, бір топ зиялы қауым өкілдері, үлкен тебіреніс пен толқу сезімін бастан кешкенімізді жеткізгіміз келеді. Өзіміз өмір сүріп жатқан аламан-қиқуы қалың күрделі кезеңді бар тыныс-тіршілігімен көңіл, ой, сезім таразысына қойып, Тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті ұғымының тұма бастауларына оралғандай күйде болдық. Аталмыш көркем лентаға Елбасы өмірінің тарихи үзіктерімен қоса, халқымыздың басынан өткерген, өткеріп келе жатқан Тәуелсіздік есімді ұлы дәуіріндегі тағылымды тараулары арқау болған. Фильмді көріп отырып, тарих дейтін ғұлама көрнекті тұлғаларды қа­лай сомдаса, көрнекті тұлғалар да өз кезегінде тарихтың бағыты мен бағдарын оң жолға солай бұрып, ел мен жер тағдырына солай ықпал ететінін тағы бір мәрте жүрегімізбен сезіндік, ой-санамызбен ұғына түстік. Осыған дейінгі сәтті түсі­ріл­ген Рүстем Әбдірашев фильм­дерінің заңды жалғасындай көрінетін Елбасы хақындағы кино­­эпопеяның бұл жолғы фильмі Ресейдің халық артисі, есімі жұртшылыққа жақсы таныс Сергей Снежкин секілді атақты орыс киногеріне берілгені дұрыс болған. Кино залынан риза сезіммен шыққан көрермендерді көрдік. Алып экраннан туған елінің тағдырын ойлап, әрқилы сәтте әралуан күй кешкен Елбасы рөліндегі Берік Айтжановқа риза болдық. Көркемдіктің күші, қуаты дегеніміз осы ғой. Қиын да күр­делі тарихи тұстардың өзі қиюын тауып, көрермен жүрегіне жол тартқан. Бір сөзбен айтар болсақ, көр­кем фильм көрермен көңілінен шықты. Біз де «өнер – өмірдің айнасы» деген қанатты сөзбен қанаттанып қайттық... Үстіміздегі жылы Қазақстан тәуелсіздігі туының желбірегеніне 25 жыл толады. «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі Ел Тәуелсіздігінің осынау ширек ғасыр ішінде басып өткен «соқтықпалы – соқпақты» жолын көрермен жадында қай­та жаңғыртып, Нұрсұлтан Назарбаев есімді ел бақытына туған ұлт басшысының жан дүниесін тануға, оның әралуан күрделі тарихи сәт-сағаттарда қабылдаған тарихи шешімдерін бағалауға, жан-жақты байыптауға көмектесер көркем туынды биігіне көтерілген. Фильм бүгінгі жеткіншек ұрпақтың бойына күрескерлік пен қайсарлықтың, табандылық пен тектіліктің, кісілік пен беттіліктің, имандылық пен қайырымдылықтың адамға тән ғажайып үлгілерін егері анық», делінген. Ұжымдық хатқа Нұрлан Ора­залин, Қуаныш Сұлтанов, Мырзатай Жолдасбеков, Әнес Сарай, Асанәлі Әшімов, Ай­ман Мұсақожаева, Қайрат Байбосынов, Алмас Алматов, Ескендір Хасанғалиев, Бибігүл Төлегенова, Майра Мұхамедқызы, Төлеубек Әлпиев, Есмұқан Обаев, Асқар Бөрібаев, Алтынай Асылмұратова, Тұрсынбек Нұрқалиев, Сәбит Оразбаев, Ақан Әбдуәлиев және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қол қойған.  «Егемен-ақпарат»